Мұзарт шыңды аңсаймын
Мейрамтай Иманғали
Қазіргі қазақ әдебиетінің ең танымал өкілдерінің бірі Әлібек Асқаров екені сөзсіз. Қаламгер шығармаларының негізгі өзегі – асқар Алтай, Алтай өңірінің адамдары. Осы орайда О.Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада жазушымен өткен кездесудің «Мұзарт шыңды аңсаймын» деп аталуы да әсте тегін емес.
Кездесуге жергілікті ақын-жазушылар, әдебиетті сүйетін студенттер мен оқушылар ғана емес, жазушының Катонқарағайдағы жерлестері де қашықтан қатысуға мүмкіндік алды.
Шара басталмас бұрын оқырман назарына қаламгердің өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы деректі фильм ұсынылды. Алтайдың бауырында дүниеге келген Әлібек Асқаровтың негізгі мамандығы – суретші. Ол Алматы көркемсурет училищесін бітірген. Бірақ мектепте бірге оқыған кластасы Дидахмет Әшімханов пен жазушы ағасы Оралхан Бөкеевтің қасында көп жүруі оның үлкен әдебиетке келуіне ықпал етіпті. Әдебиет әлеміне өткен ғасырдың 80-ші жылдары келіп қосылған Әлібек Асқаров – «Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Социализм хикаялары», «Кешегі күннің хикаясы», «Тау самалы» атты кітаптардың авторы.
Кездесуде Әлібек Асқаровтың әңгімелерінен үзінділер оқылып, оқырман соны жазушының қай шығармасынан екенін табуға тырысты. Шынында да, осынау кездесуден оқырманның Әлібек Асқаров шығармасымен жақсы таныс екенін байқадық.
Жалпы, Әлібек Асқаров пен Оралхан Бөкеевтің шығармалары өзектес деуге болады. Өйткені екі жазушының да негізгі тақырыбы – Алтай, Алтайдың сұлулығы, Алтайдың адамдары. Екеуі де туған жері Алтайға шексіз ғашық. Алтай туралы білгіңіз келсе, осы екі жазушыны оқу керек. Бұл екі жазушының жазғандары тек бірін-бірі толықтыра түседі.
Шараға Катонқарағай ауданы Белқарағай орта мектебінің шәкірттері онлайн форматта қатысып, Алтайдың бауырынан түлеп ұшқан жерлес жазушыға арнап жазған өлеңдерін оқып берді.
Әлібек Асылбайұлының «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан ағасы туралы айтар естеліктері де көп. Өйткені Оралхан Бөкеевтің жанында көп жүрген, әңгімесін тыңдаған, қызмет еткен.
– Жалпы, Оралхан ағамыз бөтен ортада, қоғамдық жерлерде, өзін танымайтын топтың ортасында шашын қайырып, кекірейіп жүретін. Бөтен адамдарға Алтайдың бұғысы секілді кербез, кірпияз адам секілді көрінетін. Шындап келгенде, өзінің ортасында, қаламгерлердің арасында, сондай-ақ жерлестері, бауырлары мен келіндерінің ортасында жүрген кезде дастарханның гүлі еді. Біз енді жерлестері кездескенде, кейде ағамыздың, кейде басқа бір достарының үйінде бас қосқанда әдебиет жайлы көп айтпайтынбыз. Ел мен жер, ол жақта не жаңалық, қалай болып жатыр деген әңгімені көп қозғайтынбыз. Өйткені біздің Орағаң – Алтайды қарасөзбен жырлаған, елге танытқан жазушы, – деді Әлібек Асқаров.
«Мұзарт шыңды аңсаймын» атты бұл кездесу ерекше форматта ұйымдастырылды. Негізінен қаламгердің жер-су атауларына берген анықтамалары бойынша викториналық сұрақ-жауап түрінде өтті. Шараға жиналған қонақтар жазушының өмір жолы мен шығармашылығы туралы сұрақтарына жауап алды.