
Қыс мезгілі қаншалықты қатал болғанмен, жылы сәттерге өте бай. Аққала соғып, шанамен сырғанап, шаңғы теуіп, одан қалса шырша әсемдеп әуре болып жатамыз. Айта берсек, қызық көп әрине. Қыстың романтикасына айналған конькидің орны тіптен бөлек. Жаңажылдық мереке қарсаңында Өскемендегі «Алтай» стадионына қонақтар келді.
Олар «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері еді. Жүздері бал-бұл жайнаған балақайлардың қолдарында сырғанаққа арналған аяқ киімдері бар. Сөйтсек, Жаңа жыл мерекесіне орай облыстық Жастар орталығының ұйымдастыруымен «Жаңажылдық SANTA» атты қайырымдылық акциясы өтіп жатыр екен. Шараның мақсаты – ата-ананың аялы алақынын, ыстық махаббатын сезіне алмай өсіп келе жатқан қамкөңіл балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.
– Бүгін жылдағыдай «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Жаңажылдық SANTA» атты шара өткізіп, сол арқылы балаларға ерекше көңіл-күй сыйлап жатырмыз. Жаңа жыл қарсаңында өтетін бұл мерекелік бағдарлама осымен жетінші рет өткізіліп отыр. Әр бала бақытты болуға лайықты, – дейді Жастар орталығының басшысы Арайлым Есімбекова.
Ата-ана камқорлығынсыз қалған балалар жыл сайын әртүрлі орындарға барып, Жаңа жылды мерекелейді. Биыл осы шараның ұйымдастырушылары «Алтай» стадионындағы мұз айдынын таңдапты. Ашық аспан астында, айнадай жылтыраған айдында сырғанақ тепкен балаларға арнап мерекелік дастархан да жайылды. Әр балаға оқу құралдарын сыйлыққа берілді.
– Мұндай мерекелік шараға біз жыл сайын қатысамыз. Дәстүрге айналып кетті десек артық айтқандық емес. Бізге көңіл бөліп, қуаныш сыйлаған жандардың бәріне алғысымыз шексіз. Жанымызға жылу берген бұл күнді ешқашан ұмытпаймыз, жүрек түкпірінде сақтаймыз, – дейді мерекелік шараға қатысқан Кристина Шатух.
Жыл сайын Жаңа жыл мейрамын асыға күтетін бүлдіршіндер үшін мұндай шараның орны бөлек. Өйткені олар жыл сайын Сантадан сыйлық күтеді.