«Мұз жанартау»
(Сурет informburo.kz сайтынан алынды)
Жазда жерден атқылап жататын субұрқақ қыста биік мұз болып қатып қалған. Бүгінде биіктігі 15 метрге жетті. Табиғаттың кереметін тамашалауға туристер ағылып жатыр. Күніне 300-ден астам адам көруге келеді. Қыдырушылар бұл жерге «Мұзтау», «Мұз жанартау» деп ат қойып алған.
«Мұз жанартау» Алматыдан 250 шақырым қашықта, Көлсай, Қайыңды деген көлдерімен белгілі Кеген ауданында.
– Артезиан суы 200 метр тереңнен атқылайды. Биыл ерекше үлкен болып қатты. Бүған дейін мұны біздің ауылдың халқы ғана білетін. Енді бүкіл Қазақстан біліп, туристер ағылып келіп жатыр. «Мұзтау» наурыздың аяғына дейін ерімей тұрады. Біздің ауданға жалпы турист көп келеді. Енді олар үшін көре кетуге тұрарлық тағы бір ғажап дүние ашылды деп ойлаймын, – дейді жергілікті тұрғын Бауыржан Бекбатыров.
Видеодан тамашаласаңыз, «Мұзтаудың» ортасы мұнара тәрізді қуыс, ал атқылаған суы басынан асып төгіліп, бұрқыраған буы көк аспанға көтеріліп бара жатқанын байқайсыз.
Дайындаған – Тасқын Болатұлы