«Дидардың» қонағы

Мәуітқазы ЗҮКЕНОВ, ардагер ұстаз, журналист: – ҚИЯНАТҚА ҚОРЛАНЫП, ЖЫЛАП ЖІБЕРЕ ЖАЗДАДЫМ

 Мәуітқазы ЗҮКЕНОВ, ардагер ұстаз, журналист: - ҚИЯНАТҚА ҚОРЛАНЫП, ЖЫЛАП ЖІБЕРЕ ЖАЗДАДЫМ


Газетіміздің бүгінгі қонағын, қонақ дегеннен гөрі, редакцияның көп жылдардан бергі қызметкері десек те болғандай. Олай дейтініміз, Мәукең ағамыз құдайдың құтты күні болмаса да, екі күннің бірінде редакцияда жүреді. Бірде газеттің жаңа шыққан санын алуға келсе, енді бірде түрлі тақырыптарға жазылған мақалаларын әкеліп, журналистермен емен-жарқын әңгімелесіп, қауқылдасып жатқаны.

Мақала демекші, «Дидар» газетінің оқырмандарына «Мәуітқазы Зүкенов» деген автордың аты-жөні аса таңсық емес. «Жасында байқары бардың, жасы ұлғайғанда айтары бар» деген. Бүгінде сексеннің алтысына аяқ басқан ақсақалдың оқырманға әлі де болса айтары да, жазары да баршылық. Жасырып-жабары жоқ, Мәуітқазы ағамыздың жасындағы ақсақалдарымыздың көпшілігі газетке мақала жазған былай тұрсын, мүлдем газет оқымайтындары да бар…
Басынан ақ шапкесі мен қолынан қоңыр папкесін тастамайтын, қақ-соқпен жұмысы жоқ Мәукең ағамызбен журналистер мерекесі қарсаңында жолығып, аз-кем әңгімеге тартқанбыз.

– Негізгі мамандығым мұғалім болса да, газет оқымасам, оқып қана қоймай, ара-арасында түрлі тақырыптарға мақала жазып тұрмасам, ұйқым-ұйқы болмайды – дейді қағылез қария.

– Газетке деген мұндай құштарлық қай уақытта, қалай пайда болған?

– Кім білсін, қалай пайда болғанын. Әйтеуір, мектепте оқып жүрген кезімнен-ақ кітап, газет оқуға, әлденелерді жазып-сызуға құмар болдым. Анамның қабағына кірбің түсірмейін дедім бе, әйтеуір, сабағымды мейілінше жақсы оқып, тәртіпті оқушылардың қатарында болдым. Жоғарғы класта оқып жүрген кезімнен бастап мектептің қабырға газетіне, кейін келе-келе Көкпектінің аудандық газетіне өлеңдерімді, шағын-шағын әзіл-сықақ әңгімелерімді жіберіп жүрдім. Жазғандарымды алғаш жібергенімде, «Әй, жариялай қоймайды-ау?» деп күмәнданғаным да әлі есімде. Кейін өзімнің өлеңдерімді, әзіл-сықақ әңгімелерімді баспасөз беттерінен көріп, жазуға деген құштарлығым арта түсті. «Жақсы жазыпсың!» деп мұғалімдерім де, анам да дем беріп қояды. Әлгі сөздер маған кәдімгідей қанат бітірді. Сөйтіп жүріп мектепті бітіргенше бір мектептің білдей бір жазғышы болып алдым.

– Мектепті бітіре сала оқуға аттандыңыз ба?

– Мектепті бітіре сала, оқуға баруға қаражатым болмады. «Келер жылға дейін тірнектеп болсын ақша жинайын» деген оймен өзіміздің Михайлов совхозының Шаң деген фермасында мұғалім болып бір жыл жұмыс істедім. Келер жылы «Нар тәуекел!» деп, Алматыдағы КазГУ-дің журфагына тарттым. Мектепті жақсы деген бағамен бітіргем, өз-өзіме сенімдімін. Ең соңғы емтихан тарих пәнінен болатын. Билеттегі сұрақтың бәрін біліп тұрмын. Білгенімді қайтейін, емтихан алып отырған мұғалім, сол кездерде 50-дің жуан ортасындағы адам екен. Мен алдына келіп жауап бере бастағаннан бір газетті қолына алып, соған шұқшиды да қалды. Байқап тұрмын, мені тыңдап отырған жоқ. Содан бір кезде барып, ұйқысынан оянғандай маған ежірейе қарады да:

– Тә-әк, жігітім қай жерденсің? – деді, ыңырана сөйлеп.

– Семейденмін – деп жөнімді айта бастап едім.

– Е-е, «Ахау Семей, тіл мен көмей десеңші» деп кекесіндете күліп алды, да:

– Сен былай істе, сол Семейіңе бар-ре-еп, бір жыл қойыңды бағ-ғе-е-еп, еңбекпен шыңдал-ле-еп дегендей, келер жылы емтиханға дайындалып келсеңші, – деді әр сөзін кекесінмен бөліп-бөліп сөйлеп.

Мұны естіген мен: – Ой ағай, жауабыма қанағаттанбасаңыз, басқа билет алайын, бағымды байламаңызшы, – деп, шыр-пыр боп жалына бастадым. Өйткені мұның алдында шығарма мен әдебиеттен бес, шет тілінен төрт деген баға алған едім. Енді тарихтан төрт алсам, оқуға түскелі тұрғанмын.
Болмады, айтқанынан қайтпайтын, сіресіп қалған біреу екен. Ақыры үш қойып, оқудан құлатып жіберді. Содан қайтып журфакқа тапсырудың орайы келмеді.

– Шамасы географияңыз жақпай қалған-ау. Ол мұғалімнің аты-жөні есіңізде жоқ па?

– Балалық па, кім білсін, аты-жөні есімде қалмапты. Есесіне, үлкен адамның қаршадай балаға көпе-көрнеу жасаған қиянатына қорланып, ызадан жылап жібере жаздағаным есімде. Сол жолы мен өмірімде тұңғыш рет әділетсіздікпен бетпе-бет келіп, оның алдында өзімді-өзім соншалықты дәрменсіз, қорғансыз сезіндім…

 Мәуітқазы ЗҮКЕНОВ, ардагер ұстаз, журналист: - ҚИЯНАТҚА ҚОРЛАНЫП, ЖЫЛАП ЖІБЕРЕ ЖАЗДАДЫМ

– Сізді бір жылдары айтысқа қатысқан деп естідік, сол қаншалықты рас сөз?

Е-е, ондай да бір кезеңдер болған. Ол кезде мектепте жоғарғы кластарға қазақ әдебиетінен сабақ берем. Аудандық, облыстық газеттерге сықақ өлеңдерім мен фельетондарым, сын мақалаларым жиі шығып тұратын. Бір күні совхоз директоры Тоқтар Қожахметов деген ағамыз шақырып алып:

– Сені райкомдағылар іздеп жатыр. Таңертеңгі автобустан қалмай, тез жет! – деді алды-артыма қаратпай.

– Неге, не үшін шақыртып жатыр? – десем, анық-қанығын өзі де білмейтін көрінеді.

Ұзын сөздің, қысқасы екі айдан кейін, шопандардың дәстүрлі мерекесі сабантой өтпек екен. Сол тойда Жарма ауданы мен Аягөз ауданының ақындары айтысуы керек. Редакцияға келсем, атақты айтыс ақыны Қалихан Алтынбаев бастаған біраз журналист отыр екен.

Жалғанда, бұл қазақ тыныш отыра ма? Көрген жерден бір-бірімен ымдасып, көздерін қысысып: – О, ақын келді, айтыскер келді. Төрден орын беріңдер! – деп келемеждеп, кекетіп-мұқата бастады…

…Осы кезде бөлмеге сау етіп тағы да екі-үш адам кіріп келді. Аягөзден келген делегация екен. Біреуі райкомның инструкторы, енді бірі аудандық газеттің орынбасары. Араларында шашы бұйра-бұйра еңгезердейі Қабыш Смайылов деген, ертеректе Қытайдан көшіп келген Шұбартаудың керейі екен. Ақын десе, дегендей. Қолында шылым, дауысы да гүж-гүж еткен зор. Өзін аса еркін әрі маңғаз ұстайды екен. Қалихан екеуінің жастары шамалас болса керек, көрген жерден бір-бірін сөзбен шымшып, қақтығыса сөйлесті.

Амандық-саулықтан соң: – Менімен айтысатын ақының қайсы? – деді, Қалиханға қарап.

Закиров деген аудандық газеттің редакторы бар болатын, сол кісі: – Ақынымыз міне, мына тұрған жігіт. Өзі мұғалім, өзі жанып тұрған жас ақын, – деп мені нұсқады, Редакторды қалжыңдап тұр деп ойласа керек. Басымнан аяғыма дейін бір шолып қарағаны болмаса, әлгі ақыным мені көзіне ілетін емес. Менсінбейді тіпті. Сөйтіп бір қызық болған…

Ол кездегі айтыстың тәртібі бойынша айтысатын екі ақынның жазған өлеңдерін әуелі райкомдағылар мұқият тексереді. Партияны, оның басшыларын жамандауға рұқсат жоқ. Сонымен қойшы, партияның тексеруімен, нұсқауымен, ең соңында берген рұқсатымен ол айтыс та өтті. Одан кейін де біраз жылдар айтысқа қатысып жүрдік.

– Сонау мектеп қабырғасынан бастап санасақ, газетпен қарым-қатынас жасағаныңызға қанша жыл болды?

– Журналистиканы арнайы оқымағаным болмаса, менің газетпен байланыс жасағаныма биыл тура 60 жыл болыпты. Ол жай байланыс емес, осы жылдарда аудандық, облыстық газеттердің арнаулы тілшісі де болдым…

Иә, алпыс жыл аз уақыт емес, бақандай бір адамның ғұмыры.

– Осы уақытқа дейінгі жазған-сызғандарыңызды топтап, кітап етіп шығара алдыңыз ба? – деген сауалымызға, Мәукен ағамыз ерінбей-жалықпай барып, шкафта тұрған бір құшақ кітаптарын әкеліп үстелдің үстіне қойды…

Әр жылдары, түрлі баспалардан шыққан көлемі үлкенді-кішілі 17 кітап. Ертеректе шыққандарының беттері де сарғая бастапты. Бұл кітаптардың ішінде не жоқ дейсіз? Кейіпкеріміздің өзі айтпақшы, буыны бекімеген бозбаланың поэзиясынан бастап, шақпа тілді фельетондар, сұр жебедей қадалатын сын мақалалар, әр жылдардағы айтыстың мәтіндері, жергілікті жер-су атауларына қатысты құнды деректер, ата жұртқа арналған тарихи аңыз-әпсаналар деймісіз, толып жатыр. Енді бір папкеде өткен ғасырдың 50-60 жылдардан бері жарық көрген сол кездегі аудандық, облыстық газеттердің сарғайып кеткен қиындылары, белгілі адамдармен бірге түскен суреттер, мақтау грамоталары т.с.с. мұқият сақталыпты. Ол қиындылардағы бірде домбыра ұстап айтысып отырған, енді бірде театр сахнасында әлдебір кейіпкердің рөлін сомдаған Мәуітқазы Зүкенов жап-жас. Жанары ұшқын шашып тұрғандай, жалт-жұлт етеді.
Байқаймын, ақсақал әлгілерге зер салып қарап қояды. Сонау бір жалындаған жастығын қимайтын секілді. Қимаған емес, тіпті сенбейтіндей. Сол күндердің барлығы бейне бір түс сияқты…

Әй, зымыраған уақыт-ай, десеңші! Сен – кімдерді алдап соқпадың?

Мәуітқазы ағамыз аз-кемі жоқ 20 жыл ұстаздық етсе, біраз жыл ауыл советінің төрағасы да болып қызмет атқарған екен. Ақындығы мен әншілігін айтпағанда, ауыл театрында режиссер, актер болып ел өнеріне үлес қосқаны бөлек әңгіме. Алдымыздағы тамыз айында бұйыртса 86-ға толатын ағамыз әлі де болса тың, санасы сергек. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістер мен әлеуметтік мәселелердің себеп-салдарынан, қашан, қай жерде болғандығынан бір адамдай хабардар. Алпыс жыл отасқан Гүлбану анамыз екеуі алты перзент тәрбиелеп, солардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.
Алпыс жылын газет-журналға арнаған жазарман ағамыздың деніне саулық, отбасына амандық тілеп, сұхбатымызды «Дидар» газетінің 80 жылдығына арнаған арнау өлеңінің үзіндісімен аяқтағанды жөн көрдік.

…Тоймаймын қанша оқысам қызығыңа,
Қызметіңе барша жұрт қызығуда.
«Дидарым» сексен тұр ғой, ғасыр жаса,
Айнал да, Шығыс елі жұлдызына!

Әңгімелескен – Серік ҚҰСАНБАЕВ

Осы айдарда

Back to top button