Қоғам

Мұсабаев мешіт салып берді

Жігіт ағасы Бақтыбек Мұсабаевты бұл өңір жақсы таниды. Үнемі жоқ-жіттікке көмек қолын созып, барымен бөлісіп жүретін Бәкең таяуда тағы бір абзал іс жасады. Ол биік тауға орналасқан Некрасовка ауылына 100 адамдық мешіт үйін салып берді.

Мешіт үйінің ашылу салтанаты болып, оған Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов бастаған азаматтар қатысты.

– Мұндай игілікті іс әркімнің қолынан келе бермейтіні анық, – деді аудан басшысы. – Жүрегінің иманы бар, қолында жиғаны бар Бақтыбек Тоқашұлындай азаматтар көбейе берсін. Мешіт іші жамағатқа, жүректеріңіз иманға толсын!

Бұдан кейін «Некрасовка и К» шаруа қожалығының басшысы Бақтыбек Мұсабаевтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, алғыс хаттарын табыстады.

Шынында да, тек өз күшімен осындай мешіт тұрғызған Бақтыбек Мұсабаев жайлы айта кетсек. Ол 1960 жылы осы өңірде туып, осы жерден орта мектепті, кейін Семей қаласынан ауыл шаруашылығына қатысты жоғары білім алған.

Жалпы, Бақтыбек Мұсабаев басқаратын қожалық 2000 жылы ашылған, бүгінде аудан көлеміне танымал, мал өсірумен, астық өндірумен, бидай сұрыптаумен айналысатын ұжым. Қазіргі күні мұнда 25 адам еңбек етеді. Бәкеңнің қарамағында 1500 гектар егістік жер, 500 гектар шабындық, 4000 гектар жайылым жер бар. 500-ден астам қазақтың асыл тұқымды «Жабы» жылқысы да осы қожалықтың иелігінде.

Шөбі шүйгін, жері құнарлы, табиғаты келіскен Некрасовка (Естай) деген ауылда Бақтыбек Мұсабаев басқаратын «Некрасовка и К» шаруа қожалығы  омарта шаруашылығымен де айналысып келеді. «Карпатка» деп аталатын асыл тұқымды араларды өсіріп, дәруменге аса бай ара балын да өндіреді.

Тағы бір айта кетерлігі,  Бақтыбек Мұсабаев – «Үржар – Қарабұйрат» бағытындағы қысқы жолды жыл сайын қардан аршып, жерлестерінің алғысына бөленіп келе жатқан азамат. Ал бұл өңірді ежелден қалың қар басатыны әмбеге аян. Сондықтан да болар, жері шұрайлы, топырағының бонитеті жоғары.

Барқытбел ауылдық округіне қарайтын Барқытбел, Батпақты, Благодатное, Некрасовка, Қарабұйрат елді мекендерінің тұрғындары қашанда өз жерлестері Бақтыбек Мұсабаевты азамат ретінде, кәсіпкер ретінде мақтан тұтады. Өйткені ол қай уақытта да қиналған, көмек қолын қажет ететін жандардың қасынан табылады. Аз қамтылған отбасылардың, мұқтаж жандардың тауқыметтері мен мәселелерін шешуге үнемі жәрдемдеседі. Ол  осы округке қарасты білім ордаларында өтетін әртүрлі акцияларға да белсене қатысады. Бір сөзбен айтқанда, жерлестері «Некрасовка и К» шаруа қожалығының басшысы Бақтыбек Мұсабаевқа дән риза.

Берікхан Тайжігіт, Үржар ауданы.                                                                         

Осы айдарда

Back to top button