Мұқтаж жандарға көмек жалғаса береді

Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мерекелік және атаулы күндерге әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыруда. Биыл 18 мыңнан астам мұқтаж жанға 560 974 теңгеге қолдау көрсету көзделген. Оның ішінде қиын жағдай туындаған кезде біржолғы әлеуметтік көмекке жүгінген азаматтардың өтініштері бойынша төлем қарастырылған. Осы уақытқа дейін 240 аз қамтылған азаматқа 19 443 теңге төленді. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев айтып берді.
– Қандай санаттағы азаматтар мерекелік және атаулы күндерге төлем ала алады?
– Мерекелік және атаулы күндерге әлеуметтік көмекті Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, Чернобыль АЭС-да болған жағдайды жоюға қатысушылар, иондаушы сәуле шығару әсеріне байланысты ауруы бар мүгедектер, ядролық сынақтар мен оқу-жаттығуларға қатысушылар, ҰОС жылдары тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның орден-медальдарымен наградталған адамдар, қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен құрбандар, «Алтын алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған және 1, 2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталған көпбалалы аналар ала алады.
Сонымен қатар биыл қалалық бюджеттен халықтың әлеуметтік жағдайы төмен 50 адамға 50 000 теңге және 1 млн. теңгеден тұрғын үй сертификаттарын беру қарастырылған. Олардың ішіне мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, «Алтын Алқа», «Күміс алқамен» наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар және толық емес отбасылар кіреді.
– Осы уақытқа дейін қандай төлемдер жүргізілді?
– Халықаралық әйелдер күніне орай 5309 көпбалалы анаға және «Алтын алқа», «Күміс алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған аналарға 77 431,725 теңге төленді. Сондай-ақ тағы 635 төлем алушыға, яғни Ауған соғысына қатысқан интернационалист-жауынгерлер, Тәжік-Ауған учаскесінде Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шекарасында, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясында, Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуде міндетін орындаған әскери қызметшілер, жаралану, мертігу салдарынан мүгедек болған, Ауғанстандағы немесе басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезінде және бейбіт уақытта қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына жалпы сомасы 58425,428 мың теңге төленді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарына өмірлік қиын жағдай туындаған кезде 100 өтініш берушіге 9 715,5 мың теңге сомасында әлеуметтік көмек көрсетілді.
– Бүгінгі таңда атаулы әлеуметтік көмек төлемдері төленіп жатыр ма және оны алуға кімдер құқылы?
– Иә, халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жалғасуда, ол екі түрге бөлінеді: шартсыз ақшалай көмек және шартты ақшалай көмек. Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын отбасылардың атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар. АӘК көрсету азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға, еңбекке қабілетті алушыларды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына тарту есебінен жағдайы нашар отбасы санын қысқартуға бағытталған. Осы жылы АӘК бағдарламасын іске асыру үшін 1 708 595 теңге бөлінді.
Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында АӘК бағдарламасына 1972 отбасы, оның ішінде 569 көпбалалы отбасы қатысты. Өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін азық-түлік және тұрмыстық химия тауарлары түріндегі кепілдендірілген әлеуметтік көмек қосымша енгізілді. Мемлекеттік әлеуметтік көмек бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға беріледі.
– Халықтың әлеуметтік осал топтары тұрғын үй алу көмегіне жүгіне ала ма?
– Мемлекет тарапынан халықтың неғұрлым осал топтарын әлеуметтік қолдау бағыттарының бірі – тұрғын үй көмегі. Тұрғын үй жәрдемақысы, егер тұрғын үйді ұстауға және коммуналдық қызметтерді тұтынуға ақы төлеу шығыстары тұрғын үй алаңының белгіленген әлеуметтік нормасы отбасы бюджетінде оның жиынтық табысының 7 пайыздық үлесінен аспаған жағдайда тағайындалады. 2021 жылға қалалық бюджеттен тұрғын үй көмегін көрсетуге қаражат бөлінді. Тұрғын үй көмегі жалғыз тұратын зейнеткерлерге, аз қамтылған отбасыларға, I, II және III топтағы еңбекке жарамсыз мүгедектерге, 80 жастан асқан мүгедектер мен қарттарға, жұмыспен қамту орталығында есепте тұрған жұмыссыздарға, 7 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, елу жасқа толған және уақытша жұмыс істемейтін адамдарға көрсетіледі.
– Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіліп жатыр ма?
– Иә, мүгедектер әлеуметтік қорғауға аса мұқтаж. 296 мүгедек міндетті гигиеналық құралдармен, 94 адам отыратын арбамен, 162 адам тифлотехникалық құралмен, 56 адам протездік-ортопедиялық құралмен қамтамасыз етілді. Есту қабілеті нашар 150 мүгедекке ымдау тілі мамандары, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы 400 мүгедекке жеке көмекшілер қызмет көрсетті. 2010 жылдан бастап қалалық бюджет қаражаты есебінен қаланың әлеуметтік маңызы бар нысандарына жеткізу мақсатында тірек-қимыл аппараты бұзылған 1-2 топтағы мүгедектерге көлік қызметтерін ұсыну бойынша «Инватакси» қызметі ұйымдастырылды. Жыл басынан бері 300 мүгедекке қызмет көрсетіліп, жалпы 2436 өтініш орындалды. Демалыс орындарында 100 мүгедек өз денсаулығын жақсартты. Үйде тәрбиеленетін және оқитын 226 мүгедек балаға 19,8 млн. теңге сомада материалдық көмек көрсетілді.
– Әлеуметтік қызмет порталының мүмкіндіктері қандай?
– Портал тұтынушы неғұрлым қымбат тауарлар мен қызметтерді таңдаған кезде қосымша ақы төлеу мүмкіндігін көздейді. Сондай-ақ портал оңалту қызметтері мен құралдарының оларды алушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес келмеу мәселелерін шешеді. Бұдан бөлек, мүгедектердің тілектеріне сәйкес оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерінің белгіленген құнын өтеу тетігі көзделген. Биыл әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарын, жеке көмекшінің қызметін, ымдау тілі мамандарының қызметін сатып алу жоспарланып отыр. Қызмет алушылар порталды өз бетінше немесе жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің көмегімен пайдалана алады.
Флора Левина