Қоғам

Мұңы мен сыры бір жандардың мекені

Өкінішке қарай, еліміздегі қарттарымыздың барлығы бірдей бейнетінің зейнетін көріп, ұл-қыздың қолында, немерелерінің маңдайынан иіскеп, мамыражай тірлік кешіп жатыр деп айта алмаймыз. Олай болған күнде қарттар үйі деген болмас еді.

Тағдыр тәлкегіне түскендер үшін осындай орынның барына, бір жағынан, қынжыласың, екінші жағынан, шүкіршілік те етесің. Әйтпесе, адамға қартайған шағында басқа барар жері, басар тауы болмаса, тіптен қиын ғой. Мінеки, қамқорсыз қалған қарттардың өмірін жеңілдету үшін қызмет ететін мекемелердің бірі – Ақжар ауылындағы Тарбағатай арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мемлекеттік мекемесі.

         Осы елу орындық мемлекеттік мекеме директоры Айдын Ожайтовтың айтуынша, бұл жерге өзіне-өзі қамқор болуға шамасы келмейтін зейнеткерлер, еңбекке жарамды бала-шағасы, зайыбы жоқтар, бала-шағасы қандай да бір себептермен қамқор бола алмайтын зейнеткерлер, жұбайының бірі екіншісіне күтім жасай алмайтын халдегілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектер қабылданады екен. Облыстың көптеген аудандарынан келіп тұрып жатыр.

«Біздің міндет – мемлекет тарапынан қарияларымызға әлеуметтік қызмет көрсету. Жаңа заңға сәйкес, зейнеткерлердің зейнетақысының 70 пайызы қолма-қол ақшаны бақылау шотына түседі. Бұл қаржы жылдың төрт мезгілі бойынша киім-кешек және төсек-орынмен жабдықтауға жұмсалады. Керек-жарақты алу тендер арқылы жүзеге асады. Зейнетақысының қалған 30 пайызын өздері алады. Мекеме ішінде өз дәріханамыз бар, дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған. Ет, нан, сүт өнімдері, жеміс-жидектер жеткілікті деңгейде жеткізіліп тұрады. Күніне төрт уақыт тамақ беріледі. Екінші қабаттан психолог, емдеупрофилактикалық, еңбек терапевінің арнайыланған кабинеттері ашылған.

Қарияларымыз күні-түні бақылауда. Мұнда жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург, психиатр, әлеуметтік қызметкер жұмыс атқарады. Түнгі мезгілде кезекшілікке мейірбике, санитар, күзетші қалады. Облыстық болғаннан кейін әр өңірден әртүрлі жағдаймен келеді. Бір сөзбен айтқанда, тағдырлы жандар. Сондықтан мұндағы кісілерге мейіріммен қарап, сапалы қызмет көрсетуді қызметкерлер басты ұстаным етеді», – дейді қарттар үйінің басшысы Айдын Ожайтов.

Басшылыққа келгеннен бері Айдын Әбілұлы қарттар үйіне жаңа леп әкелгендей көрінді. Бірнеше маманды білімін жетілдіру мақсатында оқуға жіберген. 1977 жылы пайдалуға берілген ескі ғимаратты қайта жаңғыртуды іске асырған. 2019 жылы ғимараттың шатыры толықтай жаңаланған. Кәріз жүйесі орталықтандырылған. 2020 жылы есік-терезесі, едені, электр желісі толықтай жаңасына ауыстырылған. Былтыр ауласына абаттандыру жүргізілген. Дәріханасы, емдік денешынықтыру залы, кітапханасы жалғызбасты қарттарға тиімді қызмет көрсетіп тұр. Жалпы, мекеме 54 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Дегенмен, бұрын қарттар үйі деген ұғым қазақ қоғамы үшін жат еді. Қазіргі таңда қарттар үйі мұңы мен сыры бір жандардың мекеніне айналды. Бұл кісілер өздерінің күш-қуатын жас кезінде қоғамға, еңбекке арнады. Қартайғанда бала-шағасына, туыс-туғандарына керек болмағанымен, қоғамға керек.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ.

Осы айдарда

Back to top button