Мультфильмдердің пайдасы мен зиянын зерттеді

Ұлан ауданындағы М.Ломоносов атындағы орта мектебінде 2-7 сынып оқушылары арасында «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстары байқауы өтті.
Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Сағиеваның айтуынша, «Зерде» байқауының негізгі мақсаты – оқушыларды жастайынан зерттеу жұмыстарына баулып, дағдыларын жетілдіру арқылы олардың зияткерлік, шығармашылық әлеуетін арттыру. Аталған шараға А.Пушкин атындағы орта мектебінің төрт оқушысы қатысып, үш оқушы жүлдегер атанды.
Жүлделі бірінші орынды иеленген алтыншы сынып оқушысы Диляра Құмарғазина (жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Р.Муглиева) аудан намысын облыста қорғауға жолдама алды.
Жеңімпаз оқушы таңдаған «Мультфильмдердің бала психикасына әсері» деген тақырыбы – бүгінгі күннің өзекті тақырыптарының бірі.
-Әлемде мультфильмді ұнатпайтын бала жоқ шығар. Барлық бала мультфильм көргенді жақсы көреміз. Бірақ ата-анамыз бізге барлық мультфильмдерді қатарынан көруге рұқсат бермейді. Өйткені олардың арасында балалардың дамуы мен психикасына теріс әсер ететін мультфильмдер бар деп санайды. Сондықтан мен осы тақырыпты зерттеп, бұл пікірдің дұрыс екендігін зерттеп көруді шештім,-дейді Диляра.
Диляра әдебиеттермен және тәжірибелік зерттеулермен жұмыс жасау барысында қазіргі заманғы отандық және шетелдік мультфильмдердің балалардың санасына қалай әсер ететінін анықтау және балаға қандай мультфильмдер пайдалы екендігін білу мақсатында зерттеу жұмысын жазғы демалыс кезінен бастап, төрт ай бойы зерттеген. Нәтижесінде әдебиеттер және деректі фильмдер бойынша анимация тарихын зерттей отырып, анимация әлемінің жағымды және зиянды жақтарын анықтай алды. Ең қызықты мультфильмдерді анықтау мақсатында бастауыш сынып оқушылары арасында сауалнама жүргізді. Сауалнама нәтижесін зерттеу жұмысында пайдаланып, өз жұмысын сәтті қорғап шықты.
-«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов нұсқаған сара жолдан қанша ауытқымауға тырыссақ та, телеарнаны қосып қалсаң, «Спанч-боб», «Шрэк», «Бакуган» сияқты тәлімі күдікті, берер үлгі-өнегесі жоқ өнімдер сол бесігімізді майыстырып, сындыруға шақ қалды. Көгілдір экранның бала тәрбиесінде алар орны бар. Сонымен қоса ұялы телефонның заманауи түрлері, планшеттер қолжетімді. Қайда барсаң да көзін талдырып, телефонды шұқылап отырған балаларды көреміз. Алайда жас жеткіншектеріміздің психологиясына, тәрбиесіне кері әсерін тигізіп жатқанына ешкім басын ауыртпайды,-дейді ұстаз Айгүл Қадірқызы.
Расында да, мультфильм – идеологияның бір түрі. Қазіргі таңда теледидарда ертелі-кеш қазақ баласының дүниетанымына кері әсерін тигізетін, өзге елдің идеологиясын насихаттайтын мультфильмдер көрсетілуде. Тілі былдырлап, енді ғана қылық шығарып келе жатқан бүлдіршін күнұзаққа көк жәшікке, ұялы телефонға телміріп, сансыз мультфильмнен көз алмайды. Әйткенмен, сан түрлі мультфильмдердің пайдасымен қатар зияны да көп. Бұл – мамандардың пайымы.
Кейбір мультфильмдер көркемдік және психологиялық тұрғыдан баланың санасына кері әсер етеді. Психологтардың пайымдауынша, кей мультфильмдер баланың дамуын тежеп, тәуелді етіп қояды. Теледидарға телмірген баланың қимыл-қозғалысы, сөйлеуі тежеледі. Әртүрлі атыс-шабыс пен эмоционалдық өзгерістерді бақылап отырған баланың бойында тіпті эпилептикалық құбылыстар орын алуы да мүмкін.
Осының барлығын зерделей отырып, зерттеу жұмысын жазған Диляраға «Болашағың жарқын болсын!» деп тілейміз.
А.Ихсанова