Қоғам

Мәуліт мерекесі Өскеменде өзгеше өтті

Мәуліт мерекесі Өскеменде өзгеше өтті

Кеше облыстық драма театрда Мәуліт айы құрметіне орай «Адамзаттың ардақтысы» атты рухани кеш өтті.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, биылғы мәуліт айы бұрынғы жылдардағыдан бөлектеу аталып өтті. Жиналған жұрт театрдың кең залына симай, орын бұйырмағандар діни тойды түрегеп тұрып тамашалауға мәжбүр болды. Мұхаммед пайғамбарды ұлықтаған бұл кешті Халифа Алтай атындағы облыстық мешіт пен облыстық дін істер басқармасы ұйымдастырды. Кеш шымылдығын Ерболат Шешен есімді бала Құранмен ашып, Мұхамади мешітінің бас имамы Ибраһим қажы Қарнақбаев жиналған жұртқа бата берді. Кеш барысында Ұлан аудандық мәдениет үйінің «Бескөл» фольклорлық ансамблі күй шертіп, Жастар театрының әртістері шағын қойылыммен жалғастырды.
– Биылғы мәуліт мерекесінің жылдағыдан ауқымды өтуі биыл Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Елімізде өткен жылдан бастап «дін мен дәстүр» жылы деп жариялана бастады. Бұл – сан ғасырлық тарихы бар дәстүрімізге, дінімізге деген үлкен қолдау. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының атқарып жатқан осы жұмыстары дініміздің дәстүрден, дәстүріміздің діннен алыс емес екенін аңғартады. Біз Мұхаммед пайғамбардың туған айын тойлап қана қоймай, ол кісінің ізгілікке толы өмірінен үлгі алуымыз, дәстүрімізді ұрпақтар бойына сіңіруіміз керек, – деді облыстық дін істері басқармасының басшысы Манарбек Мұхаметжанов.
Бұдан кейін сөз алған Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай халықты қасиетті аймен құттықтай келіп пайғамбардың өнегелі өмірінен бірнеше мысалдар келтірді. Аудан, қала мешіттерінің имамдарымен, сондай-ақ, шәкірттермен бірге мәуліт оқыды. Жыраулар поэзиясы үлгісінде жазылған пайғамбарға мадақ жырды облыстың бас имамы бастап, қалған имамдар қостап әсерлі етіп оқып шықты. Ортасында Құран тілінде айтылатын қайырмаларын қостап, пайғамбарға салауат айтқан көрермендер қарасы да мол болды.
Кеш барысында белгілі дәстүрлі әнші Әділ Тұрғанбаев, театр әртісі Дархан Сәдібаев сынды өнерпаздар сахна төріне көтеріліп, халыққа дәстүрлі ән мен термеден сый жасады.

Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button