Қоғам

Мұқтаж жандарға баспана салынады

Жыл соңына дейін Зайсан, Күршім және Катонқарағай аудандарында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арналған 39 үйдің құрылысы басталады. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен тұрғын үй және әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша кеңесте айтылды.

– Бейінді басқарма салынып жатқан тұрғын үйлердің қаншасы келер жылға ауысатынын және 2023 жылы қанша үй салу жоспарланғанын анықтауы тиіс. Коммерциялық үйлер сұранысқа ие, сондықтан оларға ерекше назар аударыңыздар. Сондай-ақ жеке тұрғын үйлерге қажет коммуникациялар мен инфрақұрылымның болуын тексеру қажет, бұл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасына да қатысты. Ниет білдірген құрылыс компанияларына үйлердің төрт типтік жобасын ұсына аламыз, – деді жиында облыс әкімі.

«Жайлы мектеп» жобасы бойынша Өскемен, Риддер, Шемонайха қалалары мен Белоусовка, Қасым Қайсенов кенттерінде мектептер құрылысы басталады. Бұл ретте кестеден кешікпей, нысандарды мерзімінде тапсыру үшін қосымша жұмысшылар тарту көзделген.

– Жоспарға сай Таврия, Бозанбай, Марқакөл, Айыртау ауылдарында денешынықтыру-сауықтыру кешендері аяқталуда. Алдағы уақытта спорттық-мәдени нысандарды ауыл орталығына және қазандыққа жақын салу керек, – деп ескертті Даниал Ахметов.

Белгілі болғандай, биыл Зайсан, Күршім, Катонқарағай аудандарында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларына арналған 39 үйдің құрылысы басталмақ. Мұнымен қоса, түрлі типтегі 36 медициналық мекеменің құрылысына жобалық-сметалық құжаттар дайындалып жатыр.

Кеңсете аймақ басшысы Өскемен әкіміне қаланың үш шағын ауданынан жер үйлер тұрғызуға болатын учаскелерді бөліп, аяқталмай жатқан баспаналар бойынша толық ақпарат беруді жүктеді.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button