COVID-19 

Мұғалімдер мен полицейлер екпе ала бастайды

        5 наурыздан бастап облыста COVID-19 вакцинациясының екінші кезеңі басталды. Наурыз айының соңына дейін өңірдің педагогтары мен полицейлері екпені өздері бекітілген медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында (емханалар) ала бастайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, екінші кезеңнің басында вакцинаны алдымен медицина қызметкерлері алады. Қазіргі уақытта өңірге «Спутник V» вакцинасының 6700 дозасы жеткізілді, препарат вакцинация шеңберінде анықталған облыстағы 47 емдеу мекемесіне таратылды.

Иммундау өтетін әрбір емханада вакцинациялауға арналған жеке кабинет жабдықталған, кабинетте дәрігер, вакцинатор медбике және тіркеуші медбике болады. Сонымен қатар онда вакцина алғандар 30 минут бойы қадағалауда болатын жеке кабинет дайындалған.

        – Бүгінде өңірлерге вакцинаның екінші партиясы жеткізілуде. Қазір медицина қызметкерлерін вакцинациялау жалғасуда. Сондай-ақ педагогтарды вакцинациялау басталды. Бүгінгі таңда елімізде 458 педагог екпе салғызды,  деген болатын Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов вакцинация ерікті іс екенін, егер педагогтардың бірі вакцинациялағысы келмесе, ешкім мәжбүрлемейтінін тағы бір мәрте ескертті.

       – Вакцинация ерікті болып табылады. Қазақстан азаматтары үшін ешқандай зардаптар болмайды, деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі.

Естеріңізге сала кетейік, коронавирусқа қарсы вакцинациялау елімізде 1 ақпаннан бастап жүріп жатыр. Алғашқы вакцинаны медицина қызметкерлері алды. 1 наурыздан бастап екпені мұғалімдер салғыза бастады. Ал сәуір айында студенттерді вакцинациялау жоспарлануда.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button