COVID-19 

Мұғалімдер белсенділік танытты

Дәурен Аллабергенұлы

Аймағымызда халықты жаппай ерікті вакцинациялау жалғасуда. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда кезеңкезеңмен иммундау 1 ақпаннан басталған болатын. Коронавирусты жұқтыру қаупі жоғары аймаққа дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері, созылмалы аурулары бар адамдар кірді. Олар вакцинаны алғашқылардың бірі болып ала бастады.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық педагогикалық кеңесте сөйлеген сөзінде қазақстандық білім беру жүйесі қашықтағы форматпен тағы бір жыл оқуға төтеп бере алмайтынын және вакцинация – бұл жаңа оқу жылының басталуына қарай мектептерді ашудың жалғыз тәсілі екенін айтқан болатын. Бірақ  коронавирусқа қарсы вакцинациялау процедурасы ерікті негізде және егер мұғалімдердің кейбірі індетке қарсы екпе алғысы келмесе, оларды ешкім мәжбүрлемейді.

Алайда облыстың оқытушылары коронавирусқа қарсы вакцинацияның маңыздылығын түсінеді. Өйткені бір жыл бойы мұғалімдердің дәстүрлі сабақтарды сыныптарда өткізуге мүмкіндіктері болмағаны белгілі. Вакцинацияның басталғаны туралы хабарланған кезде көптеген оқытушылар коронавирусқа қарсы алғашқы вакцинация алғандардың бірі болды. Осылайша, бүгінгі таңда 12 мыңнан астам мұғалім иммундаудан өтті.

Өңірдің қалалары мен аудандары бойынша айтар болсақ, облыс орталығында – 1800-ден, Семейде – 1900-дан астам, Үржар ауданында – 1000-ға, Аягөз ауданында – 900-ге жуық педагог вакцинацияланды. Жарма, Катонқарағай, Көкпекті, Тарбағатай және Алтай аудандарында 600-ден астам мұғалім коронавирусқа қарсы екпе алса, Зайсан ауданында бұл көрсеткіш 500-ден асады. Ал Глубокое және Бородулиха аудандарында 450-ден, Ұлан ауданында 440-тан астам, Абай ауданында 420-ға, Риддерде 350-ге, Бесқарағай ауданында 295-ке жуық оқытушы бар. Шемонайха ауданында – 250-ден астам, Күршім ауданында – 210, Курчатов қаласында – 90-ға жуық педагог Covid-19-дан қорғалды.

Жалпы, өңірдегі 25 600 мұғалімнің 22 мыңға жуығы вакцинациялауға жатады.

Өскемен қаласындағы жалпы білім беретін №2 мектептің директоры Жанат Омарованың айтуынша, биылғы 1 сәуірден бастап мектеп ұжымының 50 пайыздан астамы вакцина алған.

– Вакцинацияның басталғаны туралы хабарлаған кезде көптеген қызметкерлеріміз екпе алуға дайын екендіктерін білдірді. Біз әлеуметтік сала қызметкерлері, оның ішінде педагогтар үшін мұның маңыздылығын түсінеміз. Оқушыларымыздың мектепке тезірек оралып, дәстүрлі форматта оқығанын қалаймыз. Сонымен бірге, мұғалімдеріміздің, балаларымыздың, туыстарымыз бен жақындарымыздың денсаулығы жайында алаңдамасақ дейміз және біз ұжымдық иммунитетті мүмкіндігінше тезірек дайындауымыз қажет. Вакцинаны неғұрлым көп адам алса, соғұрлым тезірек бұрынғы өмірге, мектеп қабырғасына ораламыз, бұл жалпы қоғамға да қатысты. Мектептер бос болмауы керек, – деді Жанат Мұхтарқызы.

Әріптесінің сөзімен № 49 жалпы білім беретін мектептің директоры Айгүл Кәдірова да келіседі.

– Ахмер кентіндегі мектебіміздің ашылғанына бір жыл толды. Оқу жылының басында біз балаларды асыға күттік.  Алайда бір жыл бойы балалар үйде оқыды. Біздің мектепте 113 педагог жұмыс істейді және бүгінгі күні біз иммундауға қосылдық. Мен және 103 мұғалім екпе алдық. Біз мұны балалар үйреншікті оқу процесіне тезірек кірісуі үшін жасадық, – деді Айгүл Шүленбайқызы.

Осы айдарда

Back to top button