Қоғам

Мұғалім мерейі

Аягөз қалалық қазақ мектеп-лицейі бастауыш сыныбының ұстазы Әсем Раимбекованы көрген сайын осы кісі жайлы жазғым келетін. Абай айтқандай, «ақырын жүріп, анық басқан» Әсем мұғалімнің 26 жылдық ұстаздық өмірінде алдынан қаншама жандар өтті десеңізші.

Шәкіртін білім нәрімен сусындату деген ұстанымды мақсат еткен жанда жетістіктер болатыны шындық. Педагог-зерттеуші санатында тынбай еңбек етіп жүрген Әсем Шотбасқызы былтыр НЗМ ДББҰ педагогикалық шеберлік орталығы өткізген «Іс-әрекеттегі зерттеу және сабақты зерттеу: білім беру мекемелерінде жүзеге асыру тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында шеберлік сабақ жүргізгені үшін арнайы дипломға ие болды. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Педстарт» қашықтық олимпиадасы жеңімпазы атанып, І дәрежелі дипломға ие болды.
Бастауыш сыныптарға арналған «Сиқырлы математика» атты бағдарламаның авторы Әсем Раимбекованың қол жеткізген табыстары аз емес. Мәселен, 2020 жылы Daryn.online білім беру платформасы мен Qaztest.kz олимпиада сайты бірлесіп ұйымдастырған республикалық бастауыш сынып мұғалімдерінің пәндік олимпиадасының жүлдегері атанып, ІІ дәрежелі дипломға ие болды.

2019 жылы Аягөз аудандық білім басқармасының грамотасымен марапатталды.  Облыстық білім басқармасының Алғыс хатын алды. Былтырғы оқу жылында «Әдебиеттік оқу сабағында оқушыларға логикалық қорытынды жасап, ой тұжырымдауды қалай үйретуге болады?» деген тақырыпты зерттеуге алып, жыл соңында нәтижесіне талдау жасап, өз тәжірибесінің тиімділігін «Бастауыш сыныпта оқыту әдістемесі» атты республикалық ғылыми-әдістемелік журналында жариялады. Ұстаздың түрлі білім сайыстарында алдан көрініп жүрген шәкірттері де аз емес.

Б. Көбентайұлы, Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button