Соңғы уақытта мұғалім мәртебелі мамандыққа айналып келеді. Жалақысы көтерілген ұстаздардың мәртебесі де көтерілді. Білім саласының қай уақытта да биікте болуын ескерген ел Үкіметі 2022 жылы мұғалімдердің жалақысын көбейтуге 1,2 триллион теңге бөлген.
Білімге бөлінген қыруар қаржы болашақ ұрпаққа құйылған инвестиция екені белгілі. Сондықтан бұл қаржының есебі еселеп қайтуы керек. Бұл қаржының 121,5 миллиард теңгесі мектепке дейінгі білім беру педагогтеріне, 1,04 триллион теңгесі орта білім беру ұйымдарына, 39,8 миллиард теңгесі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына бағытталған.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді. 2021, 2022 жылдардың қаңтарында олардың жалақысы да тағы 25%-ға өсті. Сәйкесінше, жылдан-жылға білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, яғни тәрбиешілердің, мектептер мен колледждер педагогтерінің, сондай-ақ қосымша білім беру жүйесі мамандарының еңбекақысын арттыруға бөлінетін қаражат көлемі ұлғайып келеді. Сондай-ақ олар біліктілік санаты (лауазымдық жалақының 30%-дан 50%-ға дейінгі мөлшерін), магистр дәрежесі, пәндерді ағылшын тілінде оқытқаны, дәптер тексергені, сынып жетекшілігі мен тәлімгерлік қызметі үшін қосымша ақы алады, – деді Оқу-ағарту министрлігі бюджеттік жоспарлау департаментінің директоры Ғалымжан Молдаш.
Соңғы екі жылда мұғалімдердің жалақысына бөлінген қаржы көлемі үш есеге өскен.
Алтай Ғали-Асқар