Қоғам

МҮМКІНДІК

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» деген Жолдауын  оқып, ой-талқысына салып, тәуба дейсің. Жолдауда келешекке жол ашатын мүмкіндіктер баяндалған. Ол алдымен партия құрылысына қатысты келелі мәселе. Тың, тіптен, батыл шешімдер.

Президенттің партиядан тыс болуы арман еді… Орындалды. Американың бір Президенті айтып, одан кейін басқалары қайталаған сөз бар. «Мен, Америка Президентімін және әрбір американдықтың Президентімін деген».

Міне, осы биік ойды Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев іске асырды. Жолдау мәтінінен:

 «Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзінде ресімдеуді ұсынамын. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз. Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, Есеп комитеті мен Конституциялық кеңестің төрағалары және мүшелері міндетті түрде партиядан шығуы керек деген норманы да  заңнамаға енгізген жөн.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған орталықтағы жағдай аймақтарда да қайталанатынын көріп отырмыз. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына партия филиалдарында да лауазым иеленуге заң жүзінде тыйым салу керек. Мұндай шешімдер көпполюсті партиялық жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді».

Президент бір партия адамы емес, ол барлық партияларға ортақ. Ол күллі қазақтардың және әр қазақтың Президенті. Президенттің солай болуы қазақ елінің бақыты емес пе? Менің Президентім деу әр адамға қуат әрі сенім бермек. Әдетте Мемлекет басшысына күдік пен сенімнің қатар жүретіні бар. Әрібір қазақ Президентіне күдікпен емес, үмітпен қарағаны табиғи жағдай.          Жолдауда партия құруға заң жүзінде еркіндік берілген. Бұл мүмкіндікке өріс ашылды деген сөз. Президент кең тынысты саясатқа жол бастаған. Азаматтардың белсенділігіне мүмкіндік ашқан. Осы мүмкіндікті пайдалана білу, ол да осал шаруа емес.

Алда тартысы мол дәуір басталмақ. Ол ескі мен жаңаның тартысы. Мұндай жағдайда неше қилы оқиғалар орын алып, тіптен түсініксіз жағдайлар да туындауы ықтимал. Мажоритарлық жүйеге мүмкіндік беру, Президент айтқандай, тың тұлғалар қалыптасуының мектебі болмақ.

Жолдауды оқып отырып, қала, аудан және өкілетті органдар басшыларының партиядан тыс болуын заңмен бекіту нағыз либералдық-демократиялық үрдіске мүмкіндік беру.

***

Мүмкіндік дегеніміз әлі орындалған іс-шара емес, алда орындалатын жағдайларға қатысты. Әр жағдайға даяр болу – ел болу деген сөз. Украина елінің басына түскен жағдай-тағдыр бізге, әр қазаққа мықтап ой салады-ау деймін. Елдік мүддені биік қоятын азаматтар, менің мына ұсыныстарымды саналарында салмақтап, таразылайды-ау деген ниеттемін. Анығында, етек-жеңімізді әлі жиып алмаған халықпыз. Сондықтан Қазақ елінің Солтүстік өңірлері туралы мықтап ойлануымыз қажет-ақ.

Менің айтпағым, «жақсы замандарда» қалыптасқан кейбір жағдайларды түбегейлі өзгеріске түсірген дұрыс болар ма екен?! Ақылдасайық. Ойланайық. Асықпай шешімге келейік. Мысалы, Абай облысы болып құрылған аймаққа несіне «Әдебиет және өнер» институтын орналастырмасқа. Ахмет Байтұрсынов кезінде «Қазақтың бас ақыны» деген Абай атында облыс құру идеясын Президент ұсынды, жұртшылық қолдады. Ендеше, Абай дәстүрін жалғастырып, осы жаңа өңірде «Әдебиет пен өнер» институты қанат жайса, несі мін?! Бұл, керісінше, аса көрнекті қаламгерлер шыққан аймақты одан сайын байыта түсіп, Абай облысының көркіне көрік қоспақ. Абай облысы деп аталатын өңірде, өкінішке қарай, әдеби және мәдени үрдістер тоқырап қалған. Оларды жандандыру үшін тың күштер қажет немесе Солтүстік аймақта саяси-этникалық мәселелердің шешімі күрделі. Аймаққа интеллектуалдық қуат қажет. Петропавл өңірінде арнайы идеологиялық қызмет атқаратын институттар жоққа тән. Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының Петропавл өңірінде қызмет атқаруы қазақ елінің келешегіне, оның тұтастығына, ынтымақтастығына және қауіпсіздігіне көп жәрдем берер еді.

Қостанай өңіріне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты қоныс аударса деген тілек бар. Қостанай, Петропавл өңірлеріндегі қазақ тілі мәселесі аса өзекті. Маманданған институттың ықпалы бұл өңірге аса қажет.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін Петропавл өңірінде қызметтерін бастаса қандай ғанибет. Саяси жағынан бұл өте дұрыс шешім болар еді. Мәселе шекаралық аймақтарда қордаланған. Бұл мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздік мәселесі.

Студенттерді бір жерге шоғырландыру дұрыс тәжірибе емес. Облыстарды өркениеттік орталықтарға айналдыру мақсатында студент жастардың өңірлерде тең орналасқаны Қазақ елінің келешегіне қызмет ететін жағдай.

***

Жаңғыру үнемі жаңашылдықты талап етеді. Жаңғыру – жаңару. Бұл партия мәселесіне аса қажет.

Партияға біз секілді жасы келгендерді қабылдаудың еш қажеті жоқ. Партия – жастардікі болуы табиғи жағдай. Қазақ қырықта қамал алады дейтін, яғни, негізінен қырық жастағылар партиясы болғаны жөн.

Жаңа сөз жастардікі. Жастарға жол ашу қажет! Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін», – дегенде өз заманындағы жас толқынды айтқан. Бүгінгі толқын жастар қандай.

Жастар толқын – толқын. Ресми жастар деп он төрт жас пен отыз жасқа дейінгілерді айтады. Ол да дұрыс шығар, алайда жастарды саяси, әлеуметтік, мәдени және демографиялық құндылықтар жүйесіне орай былайша жіктеймін.

Бірінші толқын қырық пен елу жас аралығындағылар. Мен бұларды «қола ұрпақ» өкілдері деймін. Қазақтың қырықта қамал алады дейтіндері осы жас шамасындағылар. Бұл жағдай Украинада өткен сайлауда айқын көрінді, билікке қырықтан жаңа асқан азамат келді. Демек, осы жастағы азаматтарды қақпайламай, оларға өріс ашқан жөн. Бұл жастағылардан елге пайдалы әсер коэффициенті көп.

Екінші толқын отыз жастан қырыққа дейінгілер, мен бұл жастағыларды «күміс ұрпақ» деймін. Қазақтың тағы да айтқан аталы сөзі бар, «отызда орда бұзады», – деген. Бұл ұрпақта қуат ересен мол, демек пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) де мол. Келешек-ресурс осы отыздағылардан шықпақ.

Үшінші толқын, жиырма жастан отызға дейінгілер, бұларды «алтын ұрпақ» деу орынды. ПӘК – бұл жастағыларда орасан, тек бағыттай, бағдарлай, баули білу қажет. Бұлар тәуелсіздік құрдастары, бұлар ХХІ ғасыр азаматтары.

Төртінші толқын, өмірге еніп жатқан бөбектерден бастап, жиырма жасқа дейінгілер. Бұлар «бриллиант ұрпақ» болмақ. Бұлардың пайдалы әсер коэффициенті орасан мол. Осы ұрпақ билікке жеткенде, ат жалын тартып азамат болғанда қазақ елі бұрын болмаған керемет жағдайға өтеді, тамаша ғұмыр кешеді.

***

Жастар және құндылық дегенде тағы бірер айтар мәселе бар. Ол жастардың мәдени-бағыт ынталарында. Қазақ елінің жастары бұл бағытта бір текті емес.

Біріншіден, қазір батысшыл бағыттағы жастар толысып келеді, олардың тілі де, мәдениеті де – ағылшын. Бала жасынан, тіптен балабақшадан ағылшындық тәрбиеде болған жастардың діни сезімдерінің өзгеше болуына да таңғалуға болмайды. Бәрімізге белгілі, ағылшын тілімен простестанттық тәрбие бірге. Сонда нәтиже не болмақ? Балаларын, немерелерін осылайша тәрбиелеп оқытуды өркениеттік деп түсінетін қазақ ата-аналар қаншама. Ағылшын тіліндегі арнайы орта мектепті тәмамдағандар, әрине оқуларын әрі қарай Англияда, Америкада жалғастырмақ. Сөйтіп, қазақ жастарының түйсік-сезім-саналарына бөгде мәдениет мейілінше сіңе бермек. Оларға ұлттық ортадан ағылшын тіліндегі орта жақын бола бермек.

Екінші араб тілі және ислам діні негізіндегі бірыңғай мұсылмандық бағытқа бұрылған жастар да қаншама. Олар үшін ұлттық құндылықтардан араб тіліндегі құндылықтар жақын. Бұл айтарлық мәселе.

Үшінші бағыт, орыс тілі және мәдениеті негізінде тәрбие, білім алған қазақ жастары. Олардың дені қазақша сөйлемейді. Қазақ тілін өлі тілдер қатарына қосатындары да бар. Қазақ тілі тұрмыстық тіл, ол тілде ғылым, техника, технология болуы мүмкін емес деушілер де шығуда. КСРО құрамында болғанымызда мұндай көзқарас үстем болды, ал Тәуелсіздік жылдары өзгеруі керек еді, ол болмай тұрғаны. Бұл қауіпті.

Төртінші бағыт, бұл күннен күнге күшейе беретін қытай тілі негізінде жат тәрбие. Құндылықтар жүйесі қытай құндылықтар жүйесімен бәсекеге түскенде, қалай боларын болжау қиын.

Бесінші бағыттағы  жастар, ол өзіміздің төл мәдениетімізбен, ана тілінен сусындап келе жатқан дәстүрлі тәрбие кеңістігіндегі жастар. Бұлар қазақ елінің іргетасы, бүгіні және келешегі. Олардың жастардың ішінде үлес-салмағы басым болса керек. Осы мәселеде социологиялық зерттеулер қажет-ақ!

Осы бес бағыттағы жастар арасында ауытқуда, толқуда, ойлануда, ізденісте жүргендер бар, олардың да қаншама екенін нақты айту қиын.     Бес бағыттағы жастарды біріктіріп, бір тілде сөйлейтін елдің азаматтары етіп топтастыру аса қажет. Қазақ тілі – ұлттық идея!

***

Екінші Республика деген сөзді құлағым шалып қалды. Жағымды жаңалық деуге болады. Бұл Президенттің аузынан шыққан сөз. Әрине, сөздің мәнін айтушы біледі. Бірінші Республика өткен тәжірибе.

Екінші Республика және Жаңа Қазақстан деген ұғымдар мағынасы бір деуге де болар, бірақ өзгеше де айтуға болады.

Мен үшін Екінші Республика салиқалы ұғым. Мемлекеттік хатшы Ерлан Карин айтқандай, Екінші Республиканың өзіне тән Конституциясы болуы керек. Тың Конституция қабылдау елдің, мемлекеттің, қоғамның түбегейлі өзгерісі. Екінші Республика жаңа түсініктерді және ұғымдарды қажет етеді. Республика деген мемлекеттің түрі, олай болса, мемлекеттік басқару жаңа талаптарды қажет етіп отырғаны түсінікті. Әлеуметтік желілерді мұқият қарап отырсақ, «Қаңтар оқиғасынан» кейін азаматтық санаға тың өзгерістер енгенін аңғарамыз. Жұрт пікірімен келіспеске амал жоқ.

2021 жылдың желтоқсанынан «Қаңтар оқиғасы» орын алған мерзім арасында қазақ халқы мықтап өзгеріске түсті. Ол өзгерістерге сай,  азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынуымыз керек еді. Ол мүмкіндіктер Жолдауда жан-жақты қамтылды. Және де сапалы өзгеріс «Екінші Республика» деген ұғыммен анықталады деген ойдамын. Біз, әдетте, әлеуметтік парадигма дегенді жиі қолданамыз. Анығында, әлеуметтік парадигма көп іске мұрындық бола алмайды. Бізге керегі өзгерістер ағыны. Сол ағынға сай басқару формалары мен түрлерінің тың арнадан өсіп шығуы тұрақты эволюция. Республика – сайлау арқылы үнемі өзгеріп отыратын мемлекеттің басқару формасы.

Президентіміздің «Екінші Республика» туралы Алматыда Наурыз мерекесінде жұртшылық алдында білдірген пікірі құлаққа жағымды. «Екінші Республика» деген сөзді естіп, санамда ризашылық сезім орнықты. Қазақ «Таңдағы тамақ – Тәңірден» дейді, алайда жатымды, жарасымды сөздерді Мемлекет басшысы аузынан ести беру болашаққа бастайтын ырыс демекпін.

Ғарифолла Есім, академик, абайтанушы

Осы айдарда

Back to top button