Мүмкіндігі шектеулі жандарға квота бөлді

Ұлан ауданындағы 34 мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 112 жұмыс орнына квота бөлінді. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлнара Серғазина хабарлады.
Оның айтуынша, аудан әкімдігі мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын квоталауға қатысты қаулы шығарған. Осыған орай, ұйымдардағы жұмысшылар тізіміне пайыздық қатынасы бар квоталар белгіленген.
– Аталмыш қаулыға сәйкес жұмысшы саны 50-ден 200 адамға дейінгі мекемелерде 2 пайыз, 101-ден 250 адамға дейінгі мекемелерде 3 пайыз, ал 251-ден артық адамы бар ұйымдарда 4 пайыздық квота белгіленді, – дейді Гүлнара Серғазина.
Айта кетсек, бүгінгі күні Ұлан ауданы аумағында жұмыс істеп жатқан Өскемен құс фабрикасына, аудандық орталық ауруханаға, Асубұлақ орман шаруашылығына, ауылшаруашылық колледжі мен орта білім беретін мектептерге, шаруа қожалықтарына, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдарда бос жұмыс орындары бекітілген.
Азамат Темірбеков