Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына жағдай жасалған ба?
Айжанат Бақытқызы
Өңірдегі мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруда соңғы жылдары түрлі жобалар мен бағдарламалар қолға алынғаны белгілі. Соның бірі – «Кедергісіз келешек» жобасының іске асырылуын қадағалау мақсатында Аmanat партиясы қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі, ғимараттар мен инфрақұрылымдарға мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс комиссиясының мүшесі Ирина Ляховская, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Анжела Мосесянц қоғамдық орындар мен мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандардың еркін қозғалуы үшін пандустардың ыңғайлылығын тексерді.
Рейд «Ертіс концерт» мәдениет ошағынан басталды. Фактілер дәлелді болу үшін комиссия мүшесі Ирина Ляховская арнайы мүгедек арбасына отырып, ешкімнің көмегінсіз пандус арқылы өздігімен көтеріліп, түсуге талпынып көрді. Бірақ ол мүмкін болмады. Өйткені пандус ағаштан уақытша жасалғандықтан, әрі тіктеу болғандықтан оған арбадағы мүмкіндігі шектеулі адамның өздігімен шығып-түсуі ыңғайсыз, тіпті қауіпті десе де болады. Ал мекеме қызметкерін көмекке шақыратындай, пандустың маңайында қоңырау да болмай шықты.
Тексерушілер «Енді бұл мекемеге қатысты ескерту жасау үшін ресми хат жолдаймыз» деп тұрған кезде «Ертіс концерт» мәдени ошағының өкілі шығып, бұл жағдайға байланысты түсініктеме берді.
– Шектеу сызықтарын, табличкалар, қоңырау, пандус орнату сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуге байланысты қазіргі уақытта бізде бөлінген қаражат, оларды дайындайтын тиісті компанияның ұсынысы бар және біз бес жұмыс күні ішінде өтуі тиіс конкурс жариялап отырмыз. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат шамамен бір жарым миллион теңге. Конкурс өткеннен кейін, екі-үш жұмыс күні ішінде жабдықтаушымен келісімшарт жасасамыз және 15 жұмыс күні ішінде барлығы орнатылады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы дәретханалар бар, сондай-ақ кіру есіктеріне жапсырмалар орнатылған. Пандус бар, бірақ оны металмен алмастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін арнайы тұрақ бар және сол тұрақтың жанында қоңырау бар, – деді «Ертіс концерт» кәсіпорны басшысының орынбасары Рашид Алшынбаев.
Кедергісіз орта жасақтауда қамкөңіл жандардың ұсыныс-тілектері де ескеріледі. Мәселен, жуықта депутат Арайлым Есімбекованың қабылдауына мүмкіндігі шектеулі 17 жасар қыздың анасы лифт мәселесі бойынша келген. Айтуынша, Карбышев көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде лифт бірден төртінші қабатқа көтеріледі. Ал арбадағы қызға төртінші қабаттан өзі тұратын үшінші қабатқа қайтадан түсу қиындық туғызады. Лифт қызметіне жауапты жеке компания өкілі бұл жағдайды түсініп, мәселенің оңды шешілуіне ықпал етті. Енді ол үшінші қабатқа кедергісіз көтеріле алатын болды.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Анжела Мосесянцтің айтуынша, биыл 17 нысанды мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ыңғайына қарай бейімдеу жоспарланып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, 10 денсаулық сақтау нысаны, 6 білім беру нысаны және бір мемлекеттік мекемеде жарақтандыру жүргізіледі. Нысан иелерінің қатысуымен ведомствоаралық комиссияның отырыстары өткізіліп, онда мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігі туралы ұсыныстар берілген. Яғни, мониторинг тобы кесте бойынша қала мекемелерін аралап, сол жерде нақты қандай шара қабылдау керектігі шешіледі.
Бүгінде мүгедек жандардың өздігінен жүріп-тұруына, қозғалуына біршама жағдай жасалған. Десек те, өзіміз куә болғандай кемшіліктер де жоқ емес. Мәселе, пандустардың санында емес, сапасында болуы керек. Тексерілген екінші нысан – Спорт сарайы аялдамасындағы жаяу жүргіншілер көпірі болды. Бұл көпірдің салынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен, лифті істен шыққан. Ал үшінші қабат деңгейіндегі көпірге мүмкіндігі шектеулі адам біреудің көмегінсіз шыға да, түсе де алмайды. Эксперимент үшін алынған мүгедек арбасының дөңгелегі пандус өлшеміне сай келмеді, сәйкесінше лифттің көмегінсіз жоғарыға көтерілу де, түсу де мүмкін емес. Ал лифт істемейді. Сондықтан спорт сарайына немесе автовокзалға барғысы келген адам Назарбаев даңғылы 8/1 маңайындағы жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп, қайтадан «Даниэль» сауда үйіне келіп, одан кейін «Темірлан» сауда үйінің алдындағы жаяу жүргіншілер өткелінен өткен соң автовокзалдан Спорт сарайына қайтадан келуі керек. Бұл мүмкіндігі шектеулі адамды қойып, аяқ-қолы сау адамның өзіне де бірталай жер.
Тексеру комиссиясының өкілдері бұдан кейін №30 орта мектебін тексерді. Мектеп ескі ғимаратта орналасқандықтан, пандус ғимараттың артындағы баспалдақта орнатылыпты, бірақ қоңырауы істен шыққан. Ал сол күнгі тексерістің соңғы нысаны болған жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ғимараты мүмкіндігі шектеулі жандардың ыңғайлы қозғалысы үшін сапалы бейімделіпті. Мұнда арнайы автокөлік тұрағы, пандус, бағыттаушы жолақтар, Брайль элементтері бар тактильді тақталар – барлығы талапқа сай жабдықталыпты.
– Егер мүмкіндігі шектеулі адам нысанға келіп, пандус арқылы көтеріліп, есікке өздігінен кіруге жағдай жасалса, демек ол мекеме бейімделген деген сөз. Біздің мақсатымыз – қаланың қоғамдық орындарында, мемлекеттік мекемелерде осы деңгейге қол жеткізу. Мүмкіндігі шектеулі адам қоңырауды басқаннан кейін мекеме қызметкері шығып, әлбетте көмектесіп жібереді. Ал егер белгілі бір мекеме бейімделмегендіктен, оған кіру мүмкін болмаса, шағымдануға болады. Сол шағым бойынша да біз мониторингтік тексеру кезінде тиісті шешім қабылдап, ескерту жасаймыз, – деді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Ирина Ляховская.
Мүмкіндігі шектеулі 130 жан жұмыспен қамтылды
Арайлым Керімбекқызының айтуынша, партия өкілдері «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобалары аясында жүйелі түрде мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орта жасалуын қадағалап отырады. Жалпы, мүгедектерге арналған автотұрақ, пандустар, қоңыраулар, тактильді тақтайшалар, мүгедектерге арналған санитарлық бөлмелер әр мекемеде, қоғамдық орындарда болуы тиіс. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмысқа орналасуына және әлеуметтік, құқықтық көмек көрсетуге ықпал етіп келеді.
– Мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу үшін біз мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру нысандарымен қатар көшелер мен автобустарды да тексереміз. Бұл мәселеге халықтың да назарын аударуымыз керек. Яғни, ата-аналар балаларына ол арнайы қоңыраулармен ойнауға, шағуға болмайтындығын түсіндіріп айтып отыруы керек. Мүмкіндігі шектеулі адам қоңырауды басқан соң күзетші шығып кіруіне көмектесуі керек немесе арнайы әлеуметтік қызметкері көмектеседі, оларға мемлекет тарапынан ақша төленеді. Әр мекемеде 2-4% мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуы және олардың құқықтарының сақталуы тексеріліп, жүйелі түрде мониторинг жасалынады, – дейді Арайлым Керімбекқызы.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімінің маманы Сәуле Икамбаеваның мәліметінше, биылғы жылдың басынан бері 199 мүмкіндігі шектеулі адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Соның ішінде 34 адам тұрақты жұмысқа, 93 адам уақытша қоғамдық жұмысқа, 1 адам әлеуметтік жұмысқа және 1 адам «Жастар іс-тәжірибесі» деген бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан. Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтыған кәсіпорындар – «Стелл» ЖШС, Ана мен бала орталығы, «Полиус» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны, №4 қалалық аурухана, облыстық мамандандырылған медицина орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы мен Д.Серікбаев атындағы техникалық универститеті. Аталған мекемелерде 12-ден 24 адамға дейін мүмкіндігі шектеулі жандар жұмыспен қамтылып, нәпақасын тауып жүр.
Алғысқа бөлініп жүр
«Алтын-Ай» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мағиза Мирвазетдинова айтып өткендей, мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандардың тәуелсіз өмір сүруіне және қоғамның барлық салаларына қатысуға мүмкіндік беру үшін жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді.
Сегіз жылдан бері Өскемен қаласында «Инватакси» қызметі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс арқылы бұл қызметті көрсетуші – «Алтын-Ай» мүгедек әйелдердің қоғамдық бірлестігі. Жыл сайын Инватакси қызметін мүмкіндігі шектеулі 250-ден астам адам пайдаланады.
– Инватакси ай сайын мыңнан астам сапарды жүзеге асырады. Осы қызметтің арқасында мүгедектігі бар адамдар белсенді бола түсті. Қалада өтетін мәдени-бұқаралық іс-шараларға, спорт секциялары мен кинотеатрға, саябақтар мен театрға баратындардың қатары артты, – деді Мағиза Мүбәракқызы.
Инватакси қызметін көрсету үшін гидравликалық және жылжымалы құрылғымен, кресло-арбаларды бекітуге арналған құрылғымен жабдықталған арнайы автокөліктер пайдаланылады. Мүгедек адамды түсіру және көтеру, оларды межелі жерге тасымалдау қосалқы жұмысшылардың көмегімен жүзеге асырылады.
Автокөліктерге GPS орнатылған, яғни көлік бағыты қашықтан бақыланады.
Мүмкіндігі шектеулі жандардан тапсырыс қабылдауға арналған екі телефон нөмірі жұмыс істейді. Көрсетілетін қызметтің сапасы мен санын бақылау үшін диспетчерлік қызмет телефон арқылы сөйлесулерді жазып отыратын құрылғымен жабдықталған. Тапсырысты қабылдайтын диспетчерлік қызмет нөмірлері: 61-26-40, 8-777-264-17-63.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдау қызметін көрсетуде мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жауапкершілікпен жүзеге асырып отырған «Алтын-Ай» ұжымы ерекше жандардың алғысына бөленіп жүр.
Мүгедектерді оңалту секторының меңгерушісі Әділбек Жанымбекұлының айтуынша, қазір қала бойынша инватакси қызметінде бес автокөлік бар. Оның екеуі жабдықталған арнайы көлік, үшеуі қатардағы жеңіл автокөлік. Негізінен 1-топ мүгедектері мен зағип жандарды жұмысқа, оқуға, аурухана, мәдениет ошақтарына тасымалдайды.
Айта кетсек, облыс орталығында 12 310 мүмкіндігі шектеулі адам болса, оның ішінде 1200 адам – 1-топтағы мүгедек жандар.