Қоғам

Мәуелі бәйтеректей Мәуітқазы

Мәуелі бәйтеректей Мәуітқазы


Өзіндік қолтаңбасы бар жазушы, ардагер ұстаз, журналист жерлесіміз Мәуітқазы Зүкеновтің есімі жармалықтарға жақсы таныс. Жарма өңірінен шыққан жақсы-жайсаңдарды қаламына арқау еткен журналистің 15-тен астам кітабы оқырманға жол тартқан. Сексеннің сеңгірінен асқан қаламгердің қалдырар жазбалары мен құнды мұралары әлі де мол. Алпыс жылға жуық қаламды серік еткен жазушы-журналистің бір өзі тұнып тұрған тарих пен шежіре, оның тағылымға толы шығармалары келер ұрпақтың өлке тарихын тануы үшін маңызы зор.

Еңбек жолын радиотехник болып бастады

– Бала кезіміз соғыстың ауыртпалығы мен қайғы көрген аналардың жүзімен есте қалды. Әкем есімде қалмады, кішкентай кезімде әкеміздің ағасының ұлы Сейітбаттал әскерге кетіп, енді қайтатын уақыты болғанда соғыс басталып, майданға аттанған екен. Әкемнің інісі Зейнел 1942 жылы соғысқа кетеді. Содан екеуі де хабарсыз кетті. Ал біз бала кезімізде еңбек еттік, жоқшылық пен қиындық қатар келсе де мойымадық. Жақсы күндердің болатынын жүрегіміз сезетін, – деп бастады әңгімесің қарт журналист.

Сөйтіп жүргенде мектеп табалдырығын аттап, Алғабас бастауыш мектебінде білім алған соң, қазіргі Көкпекті ауданына қарасты Биғаш ауылының Маяковский атындағы орта мектебінде оқуын жалғастырады. Биғаш – алғашқы совхоздардың бірі. Ал Мәуітқазы аға – осы мектептің 1955 жылғы алғашқы түлегі. Мектепті үздік бітіріп, белсенді әрі шығармашылыққа жақын болған. Мұғалім мамандығын таңдап, Семей педагогикалық училищесіне түседі. Алайда соғыстан кейінгі жоқшылық кедергі келтіріп, оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтады. Мәуітқазы Зүкенұлын білім бөлімінің басшысы шалғай ауылдың біріне мұғалім етіп жібереді. Жылға жуық мектепте мұғалім болған соң, өзі армандаған журналистиканы бетке алып, Алматыға аттанады.

1956 жылы Алматыға келіп, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарын тапсырады. Сынақтың бірнеше қадамынан мүдірмей өтіп, ең соңғы шешуі кезеңіне келгенде оқытушының жершілдік жағымсыз қасиетінің кесірінен сүрініп кетеді.

– Оқушы кезімнен шығармашылықпен айналыстым. Аудандық газетке мақала жолдап тұрдым. Арманым – журналист болу. Осылайша ҚазМУ-дың журналистика факультетіне келдім. Емтихан өте қатаң болды. Үш кезеңде пән мұғалімі сынақ алды. Жасы 50-ден асқан ағай екен, мен берілген тапсырманы айтып жатқанда, ол кісінің тыңдамай отырғанын, газет оқыған сыңай танытып, орындықта қырымен отырғанынан-ақ аңғардым. Мен айтып болған соң, ол кісі маған бұрылып қарап: «Қай жерден келдің?» – деп сұрады. «Семей облысынан» дедім. «Е, ахау Семей де, «уд» қоям, ауылыңа барып, қойыңды бағып жат, келер жылы келесің», деп жақтырмай қарағанын еш түсінбедім, бір кезде сынақ кітапшама «үш» деген бағаны қоя салды. Емтиханның алдыңғы екі кезеңінен «өте жақсы» деген баға алдым да, үшінші кезеңде «3» қойған оқытушыға ашуым келіп, жылап жібере жаздадым, – дейді Мәуітқазы аға.

Асқақ арманмен келген талапты жастың тауы оңай шағылмайды, өзі сияқты абитуриент, сол кезде өзімен бірге жатаханада бірге тұрған досының кеңесімен Алматы байланыс училищесіне оқуға түседі. Бұл оқу орнының бір ерекшелігі – соғысқа қатысқандардың балалары тұратын жер және киім-кешекпен қамтамасыз етілетін. Өлең жазып, домбырамен ән салатын Мәуітқазы аға осы оқу орнының қабырғасында жүргенде бірінші республикалық жастар фестиваліне қатысады. Сол кезде шараға қатысатын, домбыра тартатын отыз студентті Нұрғиса Тілендиевтің өзі дайындағанын Мәуітқазы аға айтып еді. Осы фестивальға қатысып, домбырада күй ойнап, өлең оқып, мақтау қағазына ие болады. 1958 жылы училищені «үздік» куәлікпен бітіріп, радиотехник мамандығын алып шығады.

Туған жері – Жарма ауданының Михайловка, қазіргі Қызылағаш ауылына келіп, радиотехник ретінде еңбек жолын бастайды. Ол дәуірде ауыл халқы үшін жаңалықтың жаршысы радио болғанын ескерсек, қат маманды басшылар қуана қарсы алып, жұмыспен қамтамасыз етеді. Сол кезде де Мәуітқазы Зүкенұлы қолынан қаламын тастамай, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға мақалаларын жолдап тұрады. Жаны шығармашылыққа жақын қаламгер радиотехник мамандығын ұстаздыққа ауыстырады. 1960 жылдан Қызылағаш мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болады. 1965 жылы Алматы қаласындағы ҚазПИ-дің филология факультетін сырттай бітіреді.

Драммалық дүниелер де жазған

25 жылға жуық ұстаздық қызметінде Мәуітқазы Зүкенұлы оқушыларға тек білім берумен шектелмейді. Мектепте драма үйірмесін ашып, оқушылардың шығармашылықтарын шыңдап, көркемөнерпаздар байқауында сан мәрте жеңімпаз атанады.

– Мен драмалық қойылымдарды сахналауды бала кезімнен жақсы көрдім. Алғаш ауыл мектебінде ұстаздықты бастағаннан-ақ, мектеп ұстаздары мен ауыл жастарын дайындап, «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Түнгі сарын», «Құдағи келіпті» драмалық шығармаларын, пьесаларды совхоз сахнасында қойдық. Сол кезде аудан басшысы Төлеуберді Әубәкіров бізге көркемөнерпаздар байқауына қатысатынымызды айтты. Сахналық киім, әртістердің бет бояуын алғызып, ұстаздар мен белсенді ауыл жастарынан құрылған драмалық қойылыммен көркемөнерпаздар байқауына қатыстық. 1972 жылы «Халық театры» атағын қорғап, жеңімпаз атандық. Сол кезде Күсет, Ақан, Раушан, Гүлжан, Серік, Қойшан, Адай, Бағила, марқұм Жолдасбек сынды ұстаздар мен ауыл жастары шығармашылық жұмысқа белсене араласатын, –дейді Мәуітқазы аға.

Мәуітқазы Зүкенұлы әдебиеттің әр жанрына қалам тербеген, оқушыларға арналған драмалық шығармалар да жазған. Қазір қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің драма үйірмесін жүргізу жұмысы кенже қалып отыр. Осы орайда жазушының драмалық шығармалары сахналанса, игі іс болары сөзсіз. Драма үйірмесі – баланы өнерге баулып, есте сақтау қабілетін арттыруда, мәдениет пен әдебиетті сүюге үйретуде таптырмас құрал.

Мәуітқазы Зүкенұлы 1964 жылдан бастап ақындар айтысына қатысып, аудандық, облыстық сөз додаларында жүлдегер атанған. Алғаш рет аягөздік ақын Қабыш Исламовпен, Ғаббас Шөкімұлы, жармалық Сәдуақас Берденов, шарлық Кеңесбек Қалиев сынды ақындармен айтысады. Айтыстың құлагері атанған Қалихан Алтынбаев ақын інісіне алғысын білдіріп, өнеріне талай жыл қолдау білдірген.

25 жыл ұстаздық қызметтен соң аудандық газетте редактордың орынбасары болып жұмыс істейді. «Семей таңы», «Дидар», кейіннен жабылып қалған «Үш анық» газеттерінде штаттан тыс тілші болып, Жарма ауданының жаңалығын жазып, облыс оқырмандарына жылына 30-40-қа жуық мақаласы жол тартып тұрған. Қазір де облыстық газеттерде мақалалары, жармалық ақын-жазушылар, танымал тұлғалар, аты аңызға айналған ауылдастар туралы жазбалары жиі жарық көреді.

Мәуітқазі Зүкенұлының қаламынан туған «Бел-белес», «Дала қырандары», «Қасен қажы әулеті», «Темір жол тарланы», «Айналайын ауылым», «Өмір өрнектері», «Сұрапыл соғыс сарбаздары», «Әлемнің құдірет күші – аналар» сынды кітаптары жарық көрген. Алдағы уақытта Жарма жерінен шыққан ақындар мен балуандар туралы кітабы оқырманға жол тартпақ.

Жазушы-журналистің жерлестерін қаламына арқау етуі тегін емес. Әди Шәріпов, Қалихан Алтынбаев, Әзілхан Нұршайықов, Тұрсынхан Әбдірахманова, Дүйсенбі Қалматаев, Болат Тұрлыханов сынды жармалық танымал тұлғалар туралы естеліктерді мақала етіп жариялап келеді. Қаламгердің сөзі мен әуенін өзі жазған «Хат сыры» деген әнін кезінде ауыл жастары орындаған әрі бірнеше өлеңіне ән жазылған.

Таяуда Мәуітқазы Зүкенұлы Жарма ауданының Құрметті азаматы атанды. Ардагер ұстаз бүгінде Өскемен қаласында тұрады. Жары Күлпаш апай екеуі – ұл-қыз өсіріп, немере-шөберенің қызығын көріп отырған аяулы ата-әжелер. Қаламын қолынан бір сәт тастамайтын мәуелі бақтай Мәуітқазы аға оқырмандарына тағылымы мол шығармалары мен мақалаларын тарту ете береріне тілектеспіз.

Кәусар Арықханқызы
Жарма ауданы.

Осы айдарда

Back to top button