«Үміттіктер» ұлық мейрамды жаңаша тойлады
Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері жылдағыдай Наурыз мейрамын үлкен сән-салтанатпен атап өтті. Бұл күні балалар үйінің маңында киіз үйлер тігіліп, келушерге арналған мерекелік дастарқандар жайылды.
Мекеме директоры Майра Бейсеқанованың айтуынша, «Үміт» балалар үйінің қызметкерлері Ұлыстың ұлы күнін лайықты деңгейде атап өтуге ерекше мән беруде.
– Қарап отырсаңыз, қазір көп жерде Наурыз мейрамы жаттанды, бірсарынды ұйымдастырылады. Мұндайдан халық жалығады ғой. Біз болсақ, төл мерекемізді жоғары деңгейде, әрі есте қаларлықтай атап өтуге тырыстық. Балалар үйінің қызметкерлері мен тәрбиеленушілері бірлесіп, қазақ халқының тарихынан, салт-дәстүрі мен ұлттық асханасынан хабардар ететін сахналық қойылымдар, көрме-сайыстар ұйымдастырды. Бір емес, үш шағын ауыл тігілді, «Қоянды» жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Ал «Наурыз-думан» керуен-көшін, өзіңіз көргендей, бақ сыйлаушы, бақыт дарытушы Қызыр баба бастап келді, – деді Майра Бейсеқанова.
Балалар үйінің директоры айтқандай, мейрамды тағлымды да тартымды етіп атап өткізуге мекеме қызметкерлері мен балалар біркісідей атсалысыпты. Жер-жерде қызықты ойындар мен сайыстар ұйымдастырылып, ауыл іші шат-шадыман балалар күлкісіне толды. Бұл кезде бір топ әже балалар үйінің алдындағы алаңқайға жиналған қауымға арнап шашу шашса, ұлттық киім киген қыздар қонақтарға қазаннан жаңа түскен ыстық бауырсақ үлестіріп, наурызкөже ұсынды.
«Үміт» балалар үйі ұйымдастырған мерекелік шараға облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Головатюк, білім басқармасының басшысы Айжан Садықова, сондай-ақ, «үміттіктерге» үнемі демеушілік жасап, қамқорлық танытып жүрген кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері, қалталы азаматтар қатысып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады, балаларға базарлық таратты. Ал облыстық мәслихаттың депутаты Зарина Камасова мұндай игі шаралар өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, ілім-білімге деген құштарлығын арттыру үшін аса қажет екенін атап көрсетті.
Атап өтер жайт, «Үміт» балалар үйінде қазіргі кезде 200-ге тарта бала тәрбиеленіп, білім алуда. Олардың ішінде 14 ұлттың өкілі бар. Сондай балақайдың бірі 13 жастағы Тимофей Тимощук «Үмітке» былтыр Шемонайхадағы балалар үйінен ауысып келіпті.
– Басында жаңа ортаға үйрене алмай жүрдім. Бірақ қазір бұл жер маған және менің ініме өз үйіміздей болып кетті. Басқа балалармен жақындасып, дос болып кеттік. Ал Наурыз мейрамын атап өту өзіме керемет ұнайды. Бәріміз де бүгінгі дастарқаннан орын алған қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеуге көмектестік, мен соған қуаныштымын, – дейді ол.
Жалпы, «Үміт» балалар үйінде тәрбиеленушілерді аспаздықтың қыр-сырына үйрететін үйірме бар екенін де атап өткен жөн. Мерекелік дастарқанда осы үйірмеге қатысушы балалар әзірлеген 40-тан астам тағам қойылды.
Нұржан Кенжеұлы