Мұқтаж жанұяларға жәрдем көрсетті

Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаеваның бастамасымен шаһардағы балабақшалар мен мектептерде «Жүректен – жүрекке» атты қайырымдылық акциясы белсенді түрде өткізілуде.
Қаладағы барлық балабақша директорларынан және білім бөлімі мектепке дейінгі тәрбие бөлімшесі қызметкерлерінен жиналған қаржыға алты баланың анасы Арайлым Сағидолдақызына кір жуу машинасы мен шаңсорғыш сатылып алынды. Көпбалалы ана мұндай қажетті сыйлыққа ерекше қуанып, материалдық көмек көрсеткен жандарға ақжарма алғысын айтты.
– Аталмыш қайырымдылық акциясы бізде жыл сайын ұйымдастырылады. Астана қаласында орын алған қайғылы жағдайға қатысты игі істі ақпан айынан бастап кеттік. Қазіргі кезде меншік балабақшалармен аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды төлемнен босату жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді Өскемен қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Айтпаева.
Республикалық акцияға балабақшалар мен ата-аналар жекелей де атсалысуда. Айталық, «Ақ бота» балабақшасы өздеріндегі үш көпбалалы отбасына – Аружан Қайратқызының, Ақбөпе Қабдығалымның және Нәзира Майбасованың отбасыларына көмек көрсетті. Жалғызбасты ананың ұлы Алдияр Еркінбекке қыстық куртка алып берді. Осылайша, ұжым ұйымшылдығы арқасында төрт отбасына қуаныш сыйланды. «Рахат» бақшасы үш жанұяға қамқорлық жасап, қызметкерлер мен ата-аналар мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек, жуғыш заттар және ақшалай қаржы табыстады. «Күншуақ» балабақшасының ұжымы көпбалалы ана Құралай Қуанғановаға қолдау білдірді. «Арина» бастауыш гимназиясы балақайлар – Илья Силиннің, Никита мен Богдан Гомандардың жанұяларына заттай көмек көрсетті, ата-аналар мен тәрбиешілер Қабдолда отбасына 55000 теңге жинап берді.
Сондай-ақ өскемендік «Айгөлек», «Мирас», «Сәулетай», «Балапан», «Нұршуақ» балабақшаларының ұжымдары да көпбалалы отбасыларға әлеуметтік жәрдем жасады.
Ержан Кеңесұлы