Қоғам

Мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетілді

Мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетілдіНаурызнама

«Қамқорлық» деп аталған «Наурыз мейрамы» мерекелік аптасының екінші күні облыстың барлық өңірлерінде мейірімділік акциялары болып өтті, олардың аясында жергілікті атқарушы билік өкілдері және кәсіпорын жетекшілері тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына ерекше көңіл бөліп, демеу көрсетті.
Осы күні облыс кәсіпорындары патронаттық тәрбиедегі балаларды мерекелерімен құттықтады. Аудандар мен қалалардың әкімдері балалар үйлерінде болып, ардагерлермен кездесулер өткізді.
Мәселен, Ұлан ауданында соғыс және еңбек ардагерлері марапатталды, сыйлықтарды әзірлеуге жергілікті шаруа қожалықтарының басшылары мен жеке кәсіпкерлер демеушілік жасады. Жастар ұйымдарының мүшелері жалғызілікті қарттарға барып, олардың үй шаруаларын тындырып берді.
Ал, Аягөз ауданында ең үздік ауыл еңбеккерлерін марапаттау рәсімі болып өтті, аймақтың аграрлық саласын дамытуға қосқан сүбелі үлестері үшін оларға алғыс хаттар мен құнды сыйлықтар табыс етілді.
Көкпекті ауданындағы Самар ауылдық округінің әкімі Салауат Дүсіпов пен аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Нүрилә Шалова осы күні тоқсанға толған соғыс ардагері Молдақұсман Қожаевты үйіне барып мерекемен құттықтады, алғыс хат пен сыйлық тапсырды. Олар ардагерге Жеңістің жетпіс жылдық мерейтойын амандықта көруді тіледі. Қарт жауынгер бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешіп отырғанына тәубе қылып, әрдайым қамқорлық көрсетіп отыратын аудан, ауыл басшылығына алғысын айтты.
Семейде бұл күні Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің 4 курс студенттері Дәулет Ерланның «Ақ боз үй», Ардабек Ақбабаұлының «Көкжалдың көз жасы» атты жыр-жинақтары қалың қауым назарына ұсынылды. Мұнымен қоса, осы университеттің студент-жастары «Жас Отан» жастар қанатымен бірігіп «F-16» шарасын өткізді.
– Бұл мереке автомобильді жақсы көретін жастар үшін қызықты, – дейді аталмыш университеттің студенттері Ғалым Нұралы мен Мира Бекболова. – Көлік түрлерін таныту арқылы біз күні-түні компьютердің алдына отырып, өмірін босқа өткізетін жастардың табиғатқа шығуына мүмкіндік жасадық. Балалар үйіне қамқорлық көрсеттік.
Сондай-ақ, Қамқорлық күні аясында баспасөз мәслихаты өтіп, оған қатысқан «Наурызнама» кітабының авторы, этнограф Молдабек Жанболатов бұл күн жастарға үлгі көрсетеді деді. Оның айтуынша, Наурызды байырғы замандағыдай бір ай атап өтсе де, артық етпейді. Себебі, ол – ұлттық салт-дәстүріміздің жаңғырған мерекесі.
Облыс орталығындағы №35 орта мектепте осы күні мерекелік концерт өтті. «Құт-береке бастауы – Әз-Наурыз» тақырыбындағы іс-шараның мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрін оқушылар бойына дарыту арқылы оларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Оған оқушылармен қатар мектеп жанындағы «Еркетай» шағын орталығының тәрбиеленушілері қатысып, өз өнерлерін көрсетті. «Жігітке жеті өнер де аз» көрмесі, «Наурыз аруы» байқауы, «Алтын қақпа» зияткерлік ойыны, ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылды. Мұндай сарындағы шаралар бұл күні қаланың №34 балабақшасында да өткізілді.
Наурыз – ең алдымен береке-бірліктің, мейірімнің мерекесі. Ата-бабаларымыз бұл мейрам кезінде жарлы-жақыбайға қайырымдылық жасауды да ұмытпаған. Ауқатты азаматтар «шүлен тарату» жоралғысын жасап, кедей-кепшікке мал-мүлік, бұйым үлестіріп, тегін ас таратқан. Бұл – халқымыздың жомарттығын паш ететін дәстүр. Осындай игі істер енді жаңа мағынада қайта жаңғырып отыр. «Қамқорлық» күнінде атқарылған шаралар бабалар дәстүрін ұлықтап, ел бірлігін бекемдеуге септігін тигізері сөзсіз. Олардың бәрі де қоғамда ізгілік пен шапағаттың, адамгершіліктің үстем болуына үндейді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button