Мұқтаж балғындарға арналған ертегі

Жастар жылын Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мерейлі іспен бастады. Зияткер балалар, мектеп ұжымы мен оқушылардың ата-аналары мүмкіндігі шектеулі балғындарды мүгедек арбасымен қамтамасыз ету мақсатында бір миллионнан астам теңге қаражат жинады. Қайырымдылық шарасына қоғамның назарын аудару үшін Неке сарайында дәстүрлі ІІІ қысқы бал ұйымдастырылды.
Бала кезінен сал ауруынаұшырағанБекжан, Татьяна, Диас, Айзар және Нариман үшін бұл күн нағыз қысқы ертегіге айналды. Балалардың әрқайсысына құны 200 мың теңге болатын арбамен қоса сыйлықтар, табыс етілді.
Мүмкіндігі шектеулі кішкентай достарына ертегі сыйлау үшін оқушыларға бірнеше ай бойы бал билерін үйренуге тура келді. Олар «Полонез», «Таныстық полькасы», «Вальс», «Француз кадрилі», «QUICK-step» билерін орындап, соңынан концерттік бағдарлама ұсынды. Арасында Айзар Айдос жетінші сынып оқушыларының вокалдық тобымен бірге ән шырқаса, балға қонақ ретінде шақырылған, екі аяғы жоқ болғанына қарамастан арбада отырып билеген Игорь Александров сияқты талантты баланың өнері жиналғандарды тәнті етіп қана қоймай, құрбыларына үміт отын сыйлағаны сөзсіз.
Сегіз жастағы Айзар Айдос көпшілікке танымал әнші бала. Ол әлеуметтік шараларға арналған концерттік бағдарламалар кезінде үнемі өнер көрсетіп келеді. Отбасындағы бес баланың үлкені, өзінен кейінгі кішкене бауырларына қамқоршы аға, анасының қолғанаты.
– Мен үшін бұл сыйлықтың мәні зор. Енді есіс алдына шығып, далада ұзақ серуендей аламын, – дейді балақайдың өзі.
«Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Сәния Әубәкірова сыйға тартылған арбалардың қолайлы екенін атап өтті.
Зияткер оқушы Ерасыл Мұратов осындай қайырымдылық шараларын өткізу ең алдымен өздерінің тұлға ретінде дамуына игі ықпал ететінін айтады.
– Мұқтаж адамдарға көмек беру – игі іс. 2015 жылы мұқтаж балаларды мүгедектерге арналған арбамен қамтамасыз ету үлкен мәселе екенін білгеннен бастап мұғалімдер мен оқушылардың күшімен бал ұйымдастырып, нақты адамдарға көмектесіп келеміз. Мұндай іс-шаралар оқушылардың бойында адами құндылықтарды нығайтуға көмектеседі, сондай-ақ жан тазалығы мен мейірімділік дарытады,– дейді мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлшат Тоқтасынқызы.
Кәмал Естай