Қоғам

Үміт отына жылынып отырған жандар

Үміт отына жылынып отырған жандар


Толқын Қомбаевтың соңғы екі айдағы әр күні жергілікті өзін-өзі басқару комитетіне телефон шалумен басталады. Әлеуметтік көмір тиесілі бұл отбасы қазан айынан бері оған қол жеткізе алмай жүр. Қыстың көзі қырауда, ал өткен жылдан қалған көмір таусылуға шақ. Күнде еститін «күтіңіз» деген бір ауыз сөзді дәтке қуат етіп, үміт үзбей отырған жайы бар. Үмітін үзбеген бір ол ғана емес. Әне-міне келіп қалады деген көмірі кешігіп жатқан соң, Нина Иванова оны қаппен сатып алып, амалдап отыр.

– Тыл ардагері анам – Бағдат Қомбаеваға тиесілі әлеуметтік көмірді жыл сайын қиындықсыз алатынбыз. Кезектің дәл былай баяу жылжығанын көргеніміз осы. Қорада қалған аз ғана көмір ұзаса бір-екі аптаға жетеді. Әлеуметтік көмір алатынымызға сенімді болған соң, қосымша көмір алып қамданбаған едік. Енді жалпы халыққа арналған көмірдің өзін сатып алу мұң болып тұр. Оның өзіне ұзын-сонар кезек, – дейді Советская көшесі, 79 үйдің тұрғыны Толқын Қомбаев.

Ал жалғызбасты зейнеткер Нина Ивановада өткен қыстан қалған да көмір жоқ. Қарашаның алғашқы аязы түскенге дейін ол үйін тек отынмен жылытып отырыпты. Қазір көмірді үйге дейін қаппен жеткізіп беретін делдалдардан сатып алуға мәжбүр. Өйткені, өзгеге шамасы келмейді.

– Бір қаптың өзі бір шелек жағып үнемдесең, екі-үш күнге жетеді. Бағасы арзан емес. Осымен екінші апта бір қап көмірді 1100 теңгеге сатып алып отырмын,-дейді Люксембург көшесінің тұрғыны Нина Ивановна.

Бұл тек екі отбасындағы жағдай. Облыс орталығында осылайша әлеуметтік көмірден үміт үзбей, күтіп отырған 600-ден астам отбасы бар. Ал күтіп отырған көмір болса қарашаның басында-ақ таусылып қалған.

– Үшжақты меморандум аясында биыл Өскемен қаласында әлеуметтік бағамен 35 мың тонна көмір сатылуы тиіс болатын. Защита мен Сол жағалаудағы қоймаларға 17,5 тоннадан бөлініп берілген. Бүгінгі күнге тек бес отбасыға жететін 30 тонна көмір қалды, – дейді Өскемен қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері ұйымы төрағасының орынбасары, қалалық мәслихаттың депутаты Олег Фролов.

Олег Фроловтың айтуынша, осы күнге дейін облыс орталығының бес мыңға жуық (4982) отбасына алты тоннадан 29894 мың тонна көмір жеткізілді. Биыл тізімге Ушанов, Опытное поле, Прапорщиков пен Степное ауылдарының тұрғындары да енгізіліп, 851 мекен жайға тағы 5100 тоннадан астам көмір берілген. Осымен мұның алдындағы жылдары ақпан айына дейін жететін әлеуметтік көмір қараша бітпей таусылып қалды. Оны алып үлгермегендер саны, ардагерлер ұйымының мәліметіне сүйенсек, 650-ден асып жығылады. Тізімдегілердің барлығына жылда жетіп жүрген көмір биыл неге жетпей қалды? Әлде өңірде арзан көмірге үмітті аз қамтылған отбасылар саны көбейіп кетті ме деген сұрақ туындайды мұндайда. Ауған соғысы ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары Олег Фролов мұны өңірде жеке сектор тұрғындарының көбейгендігімен түсіндірсе, «ВЭУС» ЖШС басшысы Иван Тимофеев болса, тізімде әлеуметтік көмір алу санатына жатпайтындар да бар дейді.

– Зейнеткердің де зейнеткері болады. Тізімді жасағанда бірінші кезекте әлеуметтік аз қамтылған, жалғызілікті қарттарға көңіл бөлу керек. Бір мекенжайда екі зейнеткер болса, екеуі де әлеуметтік бағамен көмір сатып алудан үміткер. Демек, мұндай жағдайларды болдырмау керек еді, – дейді ол.

Алайда Ауған соғысы ардагерлері ұйымы мұндай жағдайлардың орын алғандығын жоққа шығарып отыр. Олег Фроловтың айтуынша, негізгі себеп – қалаға көмірдің уақтылы жеткізілмеуі. Тізімдегілер көмірді 1,5 -2 айға кешігіп алған. Жалпы, өңірдегі көмірдің тапшылығы да әлеуметтік көмірге үміткерлер санының артуына үлкен әсерін тигізген көрінеді. Бұрын жай көмірді жеткізу бағасы орташа алғанда 10 мың теңгенің көлемінде болғанда әлеуметтік санатқа жататындардың өзі оны жалпыға ортақ бағамен сатып ала берген. Ал өткен жылдардағы көмір тапшылығы, оның үстіне әлеуметтік көмірдің бірінші кезекте босатылуы, жеткізу бағасының арзандығы әлеуметтік көмірге деген сұранысты арттырып жіберген. Сондай-ақ қазан айында кезегі келіп тұрса да, жауыннан су болған көмірді алғысы келмей, бас тартқандар көп болған. Көмірдің жетпей қалуының басты себептері осы, дейді қалалық мәслихат депутаты.
– Әлеуметтік көмір таусылуға шақ, ал тізімде әлі адам көп екендігін білгенде, «Қаражыра» кәсіпорнына қосымша 5 мың тонна көмір бөлу жөнінде өтініш жолданды. Әзірге жауап жоқ. Бірақ әлеуметтік көмір енгізілген он жылда кәсіпорын қосымша көмір бөлу туралы жасаған екі өтінішімізді де қанағаттандырған болатын, – дейді Олег Фролов.

Көмірдің қымбаттығы емес, тапшылығы алаңдатады

Демек үміт бар, бірақ берілу-берілмеуі екіталай көмірді күтіп отыруға 600-ден астам отбасының жағдайы келе ме? Бұл көмір таусылмай тұрып-ақ, кезегін күтуден шаршаған Құттыбай Әбілмажинов «ВЭУС» кәсіпорнының Защитадағы көмір қоймасына барып, жалпыға ортақ 8800 теңге бағамен сатып алмақ болған. Алайда, оның өзіне қол жеткізе алмай, амалы құрыған ол тоннасы 11000 теңге тұратын Майкүбенің көмірін сатып алды.

– Самар тас жолы жақтан мына Ворошилов көшесіне дейін көмірді жеткізу үшін 15000 теңге төледім. 5 тонна көмірді 55 мыңға сатып алдым. Барлығын қосқанда 70 мың теңге шығындадым. Ал әлеуметтік бағамен 5 тоннаны 41 мыңға алып, жеткізу үшін 6500 теңге төлер едім. Демек, 22 мыңға ұтылдым. Бірақ амал қанша, тоңып отыратын емес, – дейді ол.

Қазір тұрғындар көмірдің қымбаттығына емес, тапшылығына алаңдаулы. Тиісті орынар өңір халқының 80 пайызы көмірмен қамтылды деген деректер келтірілгенімен, көмір басындағы ұзын-сонар кезек көбеймесе, азайған жоқ.

Защита теміржол тұйығындағы көмір қоймасының кіреберісіндегі кезектің соңына жетіп болмайсыз. Бұл жерде тәуліктеп тұрған көлік жүргізушілері тіпті бірін-бірі таптап өтуге дайын. Кезегін өткізіп алмау үшін олар көлік ішінде түнеуге де мәжбүр.

– Кезекте тұрғаныма бір апта болды. Әлі бір көлік көмір тиегенім жоқ. Көмірді осы қаланың төңірегіндегі Мамай батыр, Сағыр ауылдарына жеткізіп жүрмін. Көмір әкеліп бер деп ақшаларын қазан айының басында өткізіп қойған тұрғындарға әлі көмір жеткізілген жоқ. Ол жақтың да өз кезегі бар, – дейді Азамат есімді көлік иесі.

Үміт отына жылынып отырған жандар

Бүгінде көмірдің келуін тәуліктеп күткен жүргізушілердің жүйкесі де жұқарған. Өйткені күніне қоймаға ұзағанда бес вагон келеді. Айтуларынша, оның әрқайсысында 60-70 тоннадан ғана бар. Ал бұл ары кеткенде 20 көліктен артылмайды екен. Осы көмір қоймасына жауапты «ВЭУС» кәсіпорнының басшысы Иван Тимофеев халықтың алдында күнде ақталып, түсіндіруден жалыққандығын айтады.

– Бар болса, көмірді мен неге бермеймін. Мысалы, кеше 7 вагон көмір келді. Ол екі сағатқа жетпей таусылып қалды. Алдыңғы күні екі вагон ғана көмір келді. Оның алдында, оныншы қарашада, бірде-бір вагон келмеді. Келісімшарт бойынша «Қаражыра» АҚ қараша айында бізге 168 вагон көмір жеткізулері тиіс болатын. Қарашаның ортасы болды, бүгінге тек 67 вагон тиелді, – дейді ол.

Иван Тимофеевтің айтуынша, қоймаға күніне уәде етілген 20 емес, құрығында 15 вагон көмір жеткізілсе, мұндай кезек болмас еді. Ал «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» АҚ «Шығыс Қазақстан бөлімшесі МК» филиалының директоры Мағауия Оразқұлов өткен аптада өткен брифингте ҚТЖ компаниясының көмірдің уақтылы жеткізілмеуінде еш кінәсі жоқтығын, «Қаражыра» көмір кенішіне 420 вагон беріліп отырғандығын мәлім еткен болатын. Мұның алдындағы мақалаларда көмір мәселесін облыс әкімдігі жіті бақылауда ұстап отырғандығын жазған болатынбыз. Облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асхат Букатовтың айтуынша, облыс халқын қатты отынмен қамтамасыз ету үшін 1 млн. 142 мың тонна көмір қажет. Қараша айының басында 911 мың тоннадан астамы жеткізілді. Басқарма басшысының орынбасары өткен брифингтердің бірінде көмірдің қоймаларға уақтылы жеткізілмеуі «Қаражыра» АҚ айтарлықтай көмір тапшылығы туындаған Солтүстік Қазақстан облысына көмек қолын созып жатқандығымен түсіндірген еді. Алайда, көп ұзамай өңірге көмірді жеткізу тұрақталады деп сендірген болатын.

Бет қатталып жатқанда

Кеше облыс әкімдігі, «Қаражыра» АҚ мен көмір қоймалары иелерінің арасында көмір бағасын жылыту маусымы аяқталғанға дейін көтермеу жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Осы шараға қатысқан «Қаражыра» АҚ басшысы Марғұлан Макишевке «Өскемен қаласы үшін қосымша әлеуметтік көмір бөліне ме?» деген сауал қойған болатынбыз. Кәсіпорын басшысы бұл мәселеден хабардар екендігін және оның қарастырылып жатқандығын атап өтті. «Бұл мәселе оң шешім табады деген ойдамын», – деді Марғұлан Макишев.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button