Мұстафа-мұзбалақпен бірге өткен екі күн
Ақпан айының ортасы болатын. Бір күні «Семейге Мұстафа Өзтүрік келіпті» дегенді естіп, апыл-ғұпыл орталықтағы қонақ үйге жеттік.
Күллі түркі әлеміне аты мәшһүр Мұстафаны бір көріп, дидарласудың өзі ғанибет қой. Ол жатқан бөлменің есігі айқара ашылғанда, алдымыздан қапсағай денелі, қыр мұрынды, қара торы азамат шығып, әуелі әрқайсымызды қапсыра құшақтап, бауырына басты. Елге, жерге деген сағынышы болар, емен-жарқын әңгімелесіп, іші -бауырымызға кіріп кетті. Оның Семейге келуіне мұрындық болған сол кездегі облыстық жастар комитетінің төрағасы, спорт пен мәдениетке жақын жүретін Айбек Кәрімов аз отырыстан соң кешкі қонақасыға шақырды.
Дастарқан басында Семей өнерінің марғасқалары – Келденбай мен Тұрсынғазы бастаған азаматтар жиын-топтың көркі болды. Мұстафа екіге қайырып қойған толқынды ұзын шаштарын иығына лақтырып қойып, жымия күліп, ел азаматтарының әңгімесін мейлінше мерейлене тыңдап отырған болатын. Бір сәтте Тұрсынғазы домбырасын қолына алып, өзінің «Қабанбай» әнін шырқады. Салмақты, ойлы ән бірте-бірте күшейе түсіп, қуатты жүректің отты лебізін сездірді. Жүректі суырып ала жаздайтын мұндай уытты тебіреніс тек Тұрсынғазыға ғана тән еді. Ән аяқталысымен Мұстафа орнынан көтеріліп, Тұрсынғазыны құшақтап тұрып: «Біз жат жұртта жүргенде жарық дүниеге қазақ болып туғанымызды мақтаныш тұтатынбыз» – деп қолындағы жасыл кітапты «Бойтұмарыңдай болсын, аға» деп, сыйға тартты.
Бұл – Мұстафа Өзтүріктің өзі жазған шығыс жекпе-жегі туралы кітап болатын. Ойы терең, сезімі телегей жанның ұлт намысын сақтап қалғанын, өнерді айрықша қастерлейтінін сездіріп: – Мен де Қабанбай атамыздың бір ұрпағы – Бәйжігіт руынанмын ғой – деді. Осылайша, әрқилы сыр шертіліп, бұлар бірін-бірі тосырқамай, тез тіл табысып кетті. Дастарқан басында қашанда өзін еркін сезінетін, әдебиет пен өнерді бір адамдай білетін Келденбай Мұстафаға бір ән айтып берді.
Ән аяқталғанда «Әкем жылына бір рет, Наурыз тойында, алыстағы ағайын жиналған отырыстарда осы әнді айтушы еді. Жаңылмасам, Мағжанның әні болар» – деді Мұстафа.
Бұл Мағжанның «Май түні» әні болатын. Келденбайдың домбырасын қолына ұстап отырып, Мұсекең одан Иманжүсіптің әнін айтып беруді сұрады. Иманжүсіптің әнін осы өңірде Келденбайдай келістіріп орындаған ешкім жоқ болатын. Оның әсем қоңыр дауысы бірден қалықтап, шырқағанда жұрт сілтідей тынып тыңдады. Әсем сазға, асқақ дауысқа, құдіретті сөзге елтіді. Әсіресе, қайырманың осы бір тұсында Келденбай тіптен құлпыртып, шабыттанып, ойнап шыға келетін.
– Мен елімде, жігіттер, топтан астым,
Менменсінген талайдың көңілін бастым.
Қасыма ерген жігітке олжа салып,
Бір түнде сегіз қызды алып қаштым, – дегенде балқып, толқып, тәтті ләззатқа малшынғандай Мұстафа осы отырыста алғаш рет мейірлене күліп, қолын соғып жіберді. Ақпанның ұзақ түніндегі сұхбаттасуда ертең көп кездесудің күтіп тұрғанын айтқан жолбасшы сөзінен кейін қонағымызды шығарып салып, түн жарымында үйді-үйімізге тарқастық.
Осы күндері Мұстафаның келгенін естіген жұрт қонақ үйдің дәлізін бір босатпады. Бәрінің ойы – бір көріп, сәлемдесу. Қонаққа шақырушыларда тіпті, қисап болмады. Бір күнде алты-жеті кездесу болды. Түскі аста өнер адамдарының тағы бірінің үйінде болдық. Арадағы екі күнде ағалы-іні болып, бауыр басып қалғанымыз соншалық, маған да Мұстафамен емен-жарқын сөйлесудің сәті түсті. Сөйлеп кетсе сондай шешен, алдына жан салмайтын жан екен. Менің бір байқағаным, ана тілінде аса таза сөйлейтіні соншалық, тіпті, біз естімеген көне (архаизм) сөздерді көп қолданатынын аңғардым. Бала күнімізде «Абай еліндегі Қатпа, Әшекей деген аталарымыздың осылай сөйлеп, айызыңды қандыратын еді» дегендерін үлкендерден жиі еститінбіз. Әңгіме арасында тарих жайын да қозғап өттік. «Менің білуімде, бұл – Алаш қаласы болатын қазақтың рухани орталығы. Көне қала болса да, мәдениеттеріңіз орыстаныпты. Мешіттеріңіз бен мұражайларыңыз аз екен» дегенді жасырмады. Ол жат жұртта жүрсе де, көне қаланың тарихын жақсы білетін болып шықты. Расында, егемендікті енді ғана алған тұста көп нәрсенің келеңсіз болғанын жасыра алмайтынбыз.
Шындығында да, бойында даналығы мен балалығы, көсемдігі мен шешендігі һәм кішілігі қатар өрілген Мұстафаның қай жерде жүрмесін, қай елдің отын оттап, түтінін түтетпесін, салт-дәстүрін сақтап, өзінің тарихи Отанын, ата- баба жұртын ұмытпағанын білдік. Онымен әңгімемізден үй иесінің алдымызға үлкен астың келгенін ескерткенде ғана бас көтердік. Дастарқанның көркі тағы Келденбай ағамыз болды. Шәмшінің бүгінде ретро әндерге айналған сазды әуендерін тамылжыта орындаған белгілі әншілер Айман Станбекова мен Бақыт Үдербаеваны Келденбай сырнайда сүйемелдеп отырды. Арасында Мұстафа ағамыз да қосылды. Өзі де ән шығаратын, ақындығы тағы бар Мұсекең әннен де құралақан емес екендігін танытты. Үй иесінің қолындағы қоңыр домбыраны қолына алған Мұстафа алдымен «Ағажай, Алтайды», «Гүлдариғаны» шырқағанда қоңыр дауысынан көкірегіндегі сағыныш сазы байқалды. Үй иесі қош айтысарда «мынау бойтұмарыңыздай болсын» деп, үкілі қоңыр домбырасын Мұстафаның қолына ұстатты.
Сол күнгі жоғары оқу орны студенттерімен кездесуде Мұстафа Өзтүрікке қойылған сұрақтардың дені: «Қара белдікті қалай алдыңыз?», «Болашақта жекпе-жек өнерінен тарихи Отаныңызда мектеп ашу ойыңызда бар ма?» – деген сауалдар болды. Студенттер алдында Мұстафа: «Өзім қазақ баласы, сол дәннің жемісі бола тұрып, өз халқымның көкейіндегісін айтпасам, перзенттік парызым қайсы? – деген еді.
Алматыда Шығыс жекпе-жегі мектебін ашып, перзенттік парызын орындаған Мұстафа мектебінің түлектері бұл күндері әлемді мойындатып жүр.
Әуежайдан шығарып салғанда ол: «Жаз шыға ата-бабамның туған жері Тарбағатай өңірінде болам, сонда кездесерміз» деп, қолындағы қоңыр домбырасын бұлғап қоштасқан еді. Мен жолсапарда жүріп, кездесе алмадым. Ол үйге келіп, оқушы қызымның маңдайынан иіскеп, екеуміз түскен суреттің сыртына латын әрпінде жазылған тілдей қағаз қалдырыпты. Онда: «XADIRBEK inime! 1992 жыл, сәуір айы» делінген. Бұл менің Мұстафамен алғашқы да, соңғы кездесуім еді.
Оның анасы кіндік қаны тамған жерін, жаялығы жайылған абатын, танау жарған жусанын, өзгеше иісті топырағын, өмір бойы арман болған Тарбағатайдың кәусар суын ішіп, өз ұрпағымен бірге аунап-қунап қайтыпты.
… Мен кейде сол қоңыр домбыраның қоңыр үнін сағынамын. Сол домбыра қайда екен? Бәлкім, өзінің қара шаңырағында ілулі тұрған болар…
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.