Руханият

Мүсілім ҚҰМАРБЕКҰЛЫ, жазушы: – Оралхан Бөкейді облыстық газетке шақырған мен едім

Мүсілім ҚҰМАРБЕКҰЛЫ, жазушы:      –	Оралхан Бөкейді облыстық газетке шақырған мен едім

Белгілі жазушы, ардагер журналист Мүсілім Құмарбекұлы жетпіс беске толды. Жүрген жерін әдемі әзілімен қарық қылатын қадірлі қартпен мерейтойына орай ой бөліскен едік. Сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қарындаш алу үшін оқуға бардым

– Ассалаумағалейкум аға, жетпістің бесеуіне келген мерейтойыңыз құтты болсын! Әр жылдарға өз қолтаңбаңызды қалдырып, он бір кітаптың, екі баланың авторы атаныпсыз. Мұның өзін бір биік белес десек, оған шыққан жолыңызға ризасыз ба, әлде үмітіңіз алдағы асуларда ма?

– Мен ешкім ұрламас деп, жасаған жасымды санамай, қалтамдағы ақшаға ғана есеп жүргізетін едім, сен есепке жүйрік екенсің, саусақтап санап бердің. Рақмет.

Бала кездегі жылдар тым ұзақ көрінуші еді, қартайған сайын уақыт зымырап, сүйегің сырқырап, алатын құдай дене мүшелерімді бөлшектеп алып, толайым алуға дайындап жатқан сияқты. Дегенмен тірлік құрып, тірнектеп жүріп жеткен бұл да бір биік белес екені рас, бұған жеткеніме де шүкіршілік етемін. «А, құдай, бергеніңді алсаң да береріңді алма» деп тілейтін қазақтың бірімін мен де, сондықтан алда асуларды алам демесем де бүргеннен бүргенге қашып, қызыл жонын қылтылдатқан түлкідей алға еліктіріп отыратын арман – үміт жетегінде келер күнге асығамын. Оның не берерін уақыт көрсетер…

– Сіз «Мен балалық шағыма оралмас едім» деп бір әңгімелескенде айтқаныңыз бар еді, балалық дәуреніңіз соғыстың сұрапыл жылдарының лаңымен тұспа-тұс келді. Солай бола тұрса да мектепке ерте барыпсыз. «Қолыңызды мезгілінен ерте сермеуге» не себеп болды?

– Бірде ойнауға шықсам, жолдастарым жоқ. Менен кіші Самат, Тоқан, Әсөктер ойнап жүр екен, олардың ағалары Секен, Жағыпар, сары Тоқан, қара Тоқандармен ойнайтындықтан бұларға бармадым. Бұзау бағып кеткен шығар деген оймен «Жалғызтасқа» бардым. Ешкім жоқ. Ауылға қайтып келсем, жолдастарым Ахмет құдығының маңында жүр. Қолдарында бір-бір қарындаш, қалталарынан бір жапырақ қағаз алып, таяқша сызады. Мұндай ойыншық көрмегендіктен қатты қызықтым. «Мұны қайдан алдыңдар?» дегеніме «Мектепке барсаң мұғалім береді» деді. Содан қарындаш алу үшін мектепке бардым. Бірінші, екінші сыныпта үздік оқыдым. Үшінші сыныпта екінші жылға қалып қалдым. Артынан есейе келе өзімді оқытқан Илияс Исин деген туыс ағайымнан «Мені қалайша қалдырдыңыз?» дегенімде «Оқушылар саны толмаса бастауыш мектепті жауып тастайды, мені басқа мектепке ауыстырып жібереді, оқушылардың санын сақтауым керек болды, бірақ сен окудан кенде қалған жоқсың ғой» деген-ді. Барлық азаматтар ел қорғауға аттанғанда бірлі-жарым «бригадирдің балалары» болмаса, ұрпақ өсімі тоқталғаны белгілі ғой.

Қарашаның қара суығында мектептен жалаңаяқ қайтқан кезім есімнен кетпейді

– Қазіргі бақытты дәуірдің балаларына сабақ болсын, сол бір қиын-қыстау күндерді еске түсіретін естелігіңіз болса айтып берсеңіз…

– Қазіргідей мектеп формасы болмаса, сыныпқа кіргізбейтін кез емес, жалаңаш-жалпы мектепке бара беретінбіз. Жаз бойы аяқкиім кимегендіктен табаның шөгір, тікен кірмейтіндей көн болып қатып кетеді. Ол дүңкіп жарылғанда арбаның дөңгелегін майлайтын солидол жаға салады. Мектепке де жалаңаяқ барамыз.
Мектеп «Қарабас» деген ауылда. Қарашаның қара суығында жалаңаяқ мектепке барғанмын. Біз келгенде ұшқындап тұрған қар жел басылысымен қапалақтап жауып, сабақ біткенше жерді ақ ұлпаға орап тастады. Теріскейден соққан аздаған ызғырықпен жылбысқы қар қатайып, күнге шағылыса шақырайып, мұздай қалды. Сабақ біткен соң аяқкиімдері бар балалар үйлеріне қармен атысып кете барды. Оқуға жалаңаяқ келген Тоқсан екеуміз ғана. Не істерімізді білмей тұрмыз. Тоқсан – біздің ауылдан шыққан алғашқы ғұлама ғалым Сәрсен Аманжоловтың туған ағасы Құмардың баласы. Құмар аға – сүт фермасының меңгерушісі.
«Тоқсан, саған әкең етігіңді алып келетін шығар, менің тәтемді жұмыстан босатпайды. Апамның көзі көрмейтінін білесің. Мен ешкімді тоспаймын, не болса да кетемін» дедім.
« Сен кетсең мен де кетем» деді ол.
«Қарабас» пен «Көпбалағанның» арасы үш-төрт шақырым шамасында. Екеуміз жүгіре жөнелдік. Алғашында аяқты пышақпен тіліп жатқандай болып, жылағымыз келмесе де көзімізден жас саулап қоя берді. Кезек-кезек дәрет сындырып, соның үстіне аяқ жылытамыз. Орта жолда тракторға май таситын Нұрғазы деген ағайым ат-арбасымен қуып жетті. Отырғыза ма деп жақындап едік, бишігін үйіріп, жолатпады.
Ашу буып намыстанғанда тоңғаның жайына қалады екен, ағайдың ит терісін басына қаптап, жүгірген қалпымызда ауылға жеттік.
Қостың есігінен кірер-кірместе:
– Апа, Нұрғазы аға мені арбасына отырғызбай кетті! – дедім аптығып.
– Қай Нұрғазы? Өзіміздің ұл ма, шақырып кел, – деді.
– Ол сенің шақырғаныңды тыңдайт деген…
– Құдай көзімді алса да, аузымнан сөзімді алған жоқ, шақыр! – деп қатқыл дауыстаған соң шақырып келдім.
Нұрғазы ағаның жұдырығы апама тимесе де, мені сүйкеп кетер деген сақтықпен далада тұрдым. Ол далаға шығып, маған алара қарады да «з» мен «с» – ны «ды» деп айтатын дағдысымен:
– Аудыңды ұрайын, жалғыд штаныңды қарамайға былғадаң мектепке қалай барадың, – деп былдырлап жөнімен жүре берді.
– Адыра қалғыр, қу керман болмаса әкең саған киім тауып берер еді-ау, – деп әжем боздап жылап отыр екен.
– Апа, жыламашы, менің де жететін күнім болар, – деп құшақтай алдым.
Жоқ-жітіктің орны толмаған ол кездер туралы талай нәрсені айтуға болады, бірақ қар жауып, із басылған соң керегі не…

– «Ешкімді ешкім арқалап жүрген жоқ» деген сөзді қағида тұтып айта бересіз. Соған қарағанда «адамның күні адаммен» деген қағиданы көп ескере бермейсіз-ау, шамасы?

– «Адам күні адаммен» деген мәтелді жоққа шығара алмаймын. Әйтпесе қара орманның ортасында, қалың аңның ішінде Маугли болып кетпейміз бе. Бірақ адамдардың да адамы бар. Кісілігі жоқ кісімсіген кісілер де адам қатарында. Бірде бірге жұмыс істеген Ораз соқталдай бір адаммен тұр екен, жандарына келіп, екеуімен амандастым. Жанындағы қолын сүлесоқ ұсынды да тұра берді. Мен самбырлап Ораздың хал-жағдайын сұрап жатқанда журналист Қапан Сапарғалиев келді. Марқұмның мінезі де, тілі де шапшаң болатын. Өзін менсініңкіремей дөй далаға қарап тұрған жігітті нұсқап: «Ораз-ей, мына жер көтермей тұрғаның кім?» – деп иек қаққанда ғана жан біткендей қипалақтап кешірім сұрай бастады. «Ауыр сөз естіп, кешірім сұрағанша, кісімсімей жасы үлкенге амандаса салса несі кетеді» – деп Қапекең жөніне жүре берді.
Тарбағатайда іссапармен жүргенде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зәріпхан Дәукеев «осында болар» деген соң бір үйге бардым. Отағасы «Мен қазір, кіре беріңіз» деген соң кіріп барсам, столда біраз адам отыр екен. Сәлем бердім. Мыңқ еткен бір дауыс құмығып естілді де тына қалды. Көздер маған қадалған, «кел, отыр» дейтіні жоқ, состиып мен тұрмын. Бір уақта отағасы келіп, «Мүке, неге төрлетпей тұрсыз?» – деді. «Адамы жоқ үйге кірген қызық екен» – дедім отырғандарға естірте, шығуға ыңғайланып. «Әй, біз саған адам емеспіз бе?» – деді біреу гүрілдеп. «Кісімсіген кісілерді адам қатарына қоспайтын әдетім бар еді» – деп шыға бергенде Зәкеңмен тоқайласып қалдым. Отырғандар жамыраған қойдай шулап, хатшыны қарсы алды. Зәкең журналист екенімді таныстырған соң отырғандар мені мақтап, «романға бергісіз» мақалаларымның арқасында тірі классик болып шыға келгеніме таңданғаным жоқ, тіс қағып қалған кезім ғой.
Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болатын адамдар сол тірлігіне арланбайды, мұндайларды жек көремін де істі өзімше тындыруға тырысамын. Қолымнан келмейтін іске талпынбаймын. Кезінде облыстық партия комитетінің хатшысы Г.Бердюгин әңгімелесіп отырғанда «Редактор боласың ба?» деп сұрады. Менің арманым жазушы болу, бастықтықтың қажеті жоқ екенін айтып, бас тарттым, ол маған қарап жымың етті. Редакторлыққа сұранып жүргендердің бар екенін оның жымың еткенінен сездім.
Міне, өзімді ешкімге арқалатпай, өзім ешкімді арқаламай, аман-есен бұл күнге жеттім. «Ешкім ешкімді арқалап жүрген жоқ» дегеннің мағынасын енді түсінген боларсың.

Дұрыс сөйлемегендерді күлкіге айналдыратынмын

– Оралхан Бөкейдің талантын алғаш танып, «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне әкелген сіз екенсіз. Қазақтың «қасқа құлынымен» қалай таныстыңыз?

– Мен Алматыдағы Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетін бітіріп, облыстық газетке қызметке келгенде Тоқтарбек Қызықбаевтан басқа жастар жоқ еді. Соғысқа қатысқан ардагерлер қатып қалған шаблоннан шықпайтын. Олардың сөйлем құрауы да бір тектес. Мен жас журналист болғандықтан газетке жас ақын, жазушыларды тартпақ болдым. Іссапармен барған жерімде өлең, әңгіме жазатын жастарды іздейтінмін. Олардың жазғандарына пікір айтып, газетке жариялауға тырысатынмын. Облыс орталығындағы Жамбыл атындағы мектеп-интернатқа барып, Шәрбану Бейсенова (қазір қазақтың белгілі жазушысы) деген оқушы қыздың «Ақ бота» деген әңгімесін жарыққа шығардым. Қарттар зейнеткерлікке шыға бастаған соң журналистер керек болды. Бірге өскен Серік Ғабдуллин мен Тұрғазы Нұқайдың өлеңдерін жариялап, редактор Мұқан Әбуғалиевқа дайын журналист екенін айттым. Бұл екеуі жұмысқа қабылданып, журналистік мамандықты дөңгеленте жөнелген соң Мұқан менің айтқанымның дұрыстығына сенді.
Бұдан соң бұрынғы Үлкеннарын ауданына барғанда Оралханмен таныстым. Ол бірнеше әңгімесін оқыды. Маған ұнаған «Ақ жаңбыр» деген әңгімесін газетке жариялауға алдым. «Қабылдаса, облыстық газетке барасың ба?» деп сұрадым. Ол қуана құптады, бірақ қайда тұрамын, онда танысым жоқ деген соң, менің үйімде тұрасың дегеніме келісе кетті. Жұмысқа келген соң редактор Мұқан ағайға айтып едім, Оралханды сөзге келмей қабылдады. Содан бір жылдай облыстық газетте жұмыс істеді.

– Біздің облыстан Жазушылар одағына мүшелікке өткен алғашқы журналист екенсіз, бұл таныстығыңыздың арқасы ма, талантыңыздың арқасы ма?

– Біздің облыстан шыққан жазушылар көп. Бірақ француздарда «Ақындар ауылда туып, Парижде өледі» деген мәтел бар екен. Біздің де ақын-жазушылардың дені Алматыда тұрады. Мен кіндігіммен байланып қалғандай осы өлкеден кете алмадым. Оған өкініп те жүргемін жоқ, бірақ Алматыдағы жазушылар жылына бір кітап шығарса, біздікі қағазы сарғайғанша кезегін тосып жата беретін. «Асау Ертіс» деген хикаям жоспарға кірсе де, жарық көрмей жатып қалды. «Жазушы» баспасының проза бөлімінде қазіргі атақты жазушы Қабдеш Жұмәділов жұмыс істейтін. Танысқан соң сұрағанымда: «Сен Сәбит Досановпен бірге жүрген соң қостанайлық болар деп жылы жауып қойып едім, енді шығады» – деді. Шықты. Бұл менің талантымның арқасы ма, таныстығымның арқасы ма, өзің түсінерсің.

– Журналист мамандығын бала кезіңізден армандадыңыз ба?

– Шынын айтқанда, мұндай мамандықтың бар екенін де білмейтінмін. Мектепте жүргенде төбелеспесем де менің «шақпа тілім» алдыңғы қатарлы «бұзақыға» шығарды. Дұрыс сөйлемеген мұғалімдерді, балаларды күлкіге айналдыратынмын. Аздап өлең жазатыным бар, бірақ оның өзі де пародия екен. Есімде қалғаны:
Шарт еткен шапалақпен құлаққа ұрып,
Ұстап ап бұрымыңнан бұрап тұрып.
«Сүйесің бе сен мені?» дегенімде,
«Сүйем» дедің солқылдап жылап тұрып, – деген сияқты өлеңіме жолдастарым қатты разы болып, «журналистикаға барсаң, нағыз ақын болып шығасың» дегенде ғана сондай мамандық бар екенін білдім. Қайда оқуға барсам деп мектеп бітірушілер қиналғамыз жоқ, өйткені, кәмелеттік аттестатымызды бермей, бізді комсомолдық жолдамамен ұжымшарға екі жылға жұмысқа жіберетін болды.
Шешем Шәмпай ұршықтай үйірілген шапшаң кісі еді. Маған қатал болды, бірдеңені дұрыс істемесем періп қалуы да оп-оңай. Жасқаншақтап:
– Біз сыныптастарымызбен ұжымшарға жұмысқа баратын болдық, – дедім.
– Е, қыз-қырқынмен барсаң, оқу жайына қалып, жылға жетер-жетпесте бір баланы «ля-лялап» көтеріп, бір қатынды жетелеп үйге келем десеңші, – деп мырс етті.
– Қатын алмаймын, оқуға барамын, – дедім.
– Менің ұлым қағынған құйын мінез саған тартты деймісің, өзіме тартқан, айтқанын істейді, – деп тоқсандағы әжем маған еміренді. Шешем рахаттана күліп:
– Көрерміз, – деді.
Екі жыл ұжымшарда бақташы болып жұмыс істедім. Шешемнің айтқаны келмесін деп қыздардың маңына жоламадым.Ұжымшар басыбайлы құлдықтың жетілдірілген түрі екенін түсіндім. Паспорт берілмейді. Жалақы төленбейді, еңбеккүн жазады. Оны жыл аяғында ақшаға айналдырып, төлем төлейді. Ұжымшар мүшелерін басқа жер жұмысқа қабылдамайды. Сол арқылы ұжымшардың жұмыс қолын тұрақтандырады екен. Оқуға бармасам мал соңында қалатындығымды түсіндім де жоғары оқу орнына барып, өзім сүйген мамандығымды алып шықтым.
Содан не керек, осы салада ұзақ жыл тер төгіп, «Қазақстанның құрметті журналисі» атанып зейнеткерлікке шықтым.

Аймақтағы қаламгерлерге жарнама жетіспейді

– Ардагер журналист ретінде қазіргі «Дидар» газеті жайында не айтасыз?

– Біз газеттің жоғары беделге ие болып тұрған кезінде жұмыс істедік. Газетке шыққан сын мақала облыстық партия комитетінің бюросында да қаралатын кездері болатын. «Коммунизм туының» дабылынан кейін» деген айдармен сыннан қандай қорытынды шығарылғаны халыққа хабарланатын. Газетте сын мақала жоқ болса, облыстық партия комитеті «тісі жоқ, кемпір ауыз болып кеттіңдер» деп журналистерді сынға алатын.
Ал қазір заман өзгерді, заң өзгерді. Газет болып жатқан оқиғаларды халыққа жеткізуші ақпарат құралына айналды. «Әр заманның тұсында бір сұрқылтай» деген бар ғой, өз заманымның журналисі болдым, қазіргілерге ақылгөйсіп айтар ештеңем жоқ.

– Мүсілім Құмарбекұлының есімі қаламгерлер қауымына жақсы таныс. Ал өзіңіз теңдес астаналық қаламгерлермен салыстыра айтқанда шығармашылығыңызды көпшілік қарапайым жұрт біле бермейді. Осы тұрғыдан алғында, «ақын, жазушы әдеби ортадан алыстап, бір түкпірде қалса, өзін толық көрсете алмайды» деген пікірмен келісесіз бе?

– Бұл аймақтағы қаламгерлердің туындысы нашарлығынан емес, жарнаманың жоқтығынан. Қазіргі саудамен айналысқандар сауданың үрдіс жүруі жарнамаға байланысты екенін жақсы біледі. Ал аймақтағы қаламгерлер өзімізді жарнамалауға онша мән бермейміз. Жақын жолдастарымның өзінен «менің жазғанымды оқыдың ба?» деп сұрауға дәтім жетпейді, «оқуға уақыт болмай жатыр» десе ыңғайсыз ғой.
Қазір ақпарат құралдарынан теледидар бірінші орынға шықты. Жалқау қазақ үшін қайдағы бір роман, әңгімелерді оқып әуре болғанша диванда жатып, теледидарды көре салу оңай. Олай дейтінім, кейде теледидарға түсіретіні бар, сондайда көп жастар «Сізді теликтен көрдім» деп сүйіншілеп тұратынын қайтерсің. «Сіздің жазғаныңызды оқыдым» дейтін біреуі жоқ, сондайда «саған кітап оқуды бұйыртпай, теледидарға телміртіп қойған құдайыңа шүкіршілік ет» деп жөніме кетемін.

Қалалық кеңестің депутаты болдым

– Есіміңіз көп жұртқа белгілі болса да, саясаттан аулақ жүретініңізді білеміз. Солай болса да жазушы ретінде айтыңызшы, қазіргі қазақ қоғамының басты бақыты мен ең үлкен қасіреті не?

– Саясатпен айналыспайын дегем жоқ, көп саясаткерлерден маған орын тимей қалды. Мемлекеттік тұрғыда қоғамдық қатынастарды жүйелеп, дамудың даңғыл жолын көрсететін саясаткерлерге ақ жол тілегеніммен, білімі жоқ, жұмысқа қабілетсіз, бір сиырды асырауға шамасы келмей, көше сыпырып, ақша табуға «намыстанып», қайыр сұрап жүргендер саясатқа келгенде алдарына жан салмайды. «Президент қайда қарап отыр, мен президент болсам…» дегенді естігенде жаным түршігеді. «Өзің диуанасың, кімге пір боласың» дегенді қазақ бекер айтпаған-ау.
Қазақтың ең үлкен бақыты – азат дүниенің адамы болып, өз алдына шаңырақ көтергені. Егеменді елдің еңсесін көтеру үшін аянбай еңбек етіп келе жатқандарға алғысым шексіз. Ал көпшілік қазақ азаматтарының қасіреті – тексіздігі. Олардың білімі жоқ емес, дипломдарының арқасында лауазымды қызметке тұрса халық игілігін ойламай, қарақан басының қамын күйттейді. «Ақсұңқарша айналасына шашып жемей (бұл жерде халықпен бірге деген мағынада), қарақұсша бауырына басып жеп», түрмеге түсіп жатқандары қаншама!? «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін тектілердің сөзін ұмытқан-ау шамасы.
Менің қалалық кеңеске депутат болып сайланғаным бар. Жиналысқа қатыстым. Депутаттық кезекшілікте болдым. Бір адам менің қабылдауыма келген жоқ. Тоқсан сайын не істегенің жөнінде есеп беруің керек екен. Ештеңе істегенім жоқ деп жазып бердім. Қалалық кеңестен телефон шалып: «Мұның дұрыс емес, Сограда көпір салынды, клуб жөндеуден өтті, көшелер асфальтталды…. қалалық кеңеске келсеңіз, істелген жұмыстардың тізімі бар, барлық депутаттар соған қарап толтырады» дегенді айтты. Біреулердің атқарған жұмысын мен істедім деп қалай өзіме телійін, бас тарттым. Бос мақтанды жаным жек көреді. Депутаттығым сонымен бітті. Басқалардың депутаттық тасы қалай өрге домалайтындығын сонда білдім.
Біздің халқымыздың даңғойлығы – ерепейсіз, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсетуге тырысатын мақтаншақтығымыздан опа тауып жатқанымыз жоқ, бірақ соған мән беріп жүргендер шамалы. Той-томалақ жасасақ та, қонақ шақырсақ та, ас берсек те бірінен-бірі асып түсуге тырысады. Артымызды ашып тастайтын осы мақтаншақ даңғойлықтың қажеті жоқ-ау деп мен ойлағанмен, өзінікін жөн көретіндер баршылық. Кең дүниенің кемістігін қалай түсіндірерсің…
Мұның барлығы бүкіл халқымыз саналы түрде жоғары адамгершілік қасиеттерін қанына сіңіргенде өз-өзінен жоғалады деп сенемін, бірақ оны мен көрмеймін-ау…

– Тоғызқұмалақтан облыста топ жарыпсыз, шахматтан шалдарды «қырып» саласыз, дойбыдан да ешкімге есе жібермейсіз. Аталған ойындардың шығармашылықпен байланысы бар ма?

– Шығармашылығыма бұлардың қатысы жоқ, қызбалау мінезім құмарлық ойындарда қалтамды тесіп тастайтынын білгендіктен ақша салмайтын осы ойындармен айналыстым.

Сұхбаттасқан – Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button