Қоғам

Мәшине жөндеу орталығын ашуды армандайды

Мәшине жөндец орталығын ашуды армандайды


Аягөз қаласындағы ескі ағаш үйдің аядай ғана ауласында арбаға таңылған бір азамат бұзылған автокөлік бөлшектерін жөндеп отыр. Жанында жәрдемші қолқанат боп жас жігіт пен әйел жүр.

Бұл – 1997 жылдары алған соққы әсерінен мүмкіндігі шектеулі халге түсіп, 1999 жылдан І топтағы мүгедек атанған Оралбек Ибраев. Жиырма жылға жуық уақыттан бері арбаға таңылған азаматтың өмірге деген құлшынысы, еңбекке деген ынтасы мен ізгілікке деген мейірімі ерекше.

– Иә, алғашқы төсек тартып қалған жылдары қиын болды. Үнемі қозағалыста, жұмыста жүретін адам үшін жатып қалудан ауыр қасірет жоқ. Сол уақытта жарым мен балаларым барлық қиыншылықтарыма көніп, үлкен қамқорлық жасады. Кейіннен «Алла берген балаларымды жеткізуім керек!» деген үлкен мақсат өмірге талпындырды. Қиын жағдайға түспей тұрып та, ауыл аралап бұзылған теледидар, магнитофондар жөндеп, аздап кәсіп ететінмін. «Арбаға таңылдым екен» деп омалып қалмай, теледидар, үтік тағы да басқа электр құралдарын жөндеуді қолға ала бастадым. Еңбегіме біреулер азын-аулақ тиын ұстатса, кейбіреулер алғысын білдіріп жатты. Жақын көршілерден бастап алыстан атымды естігендер бұзылған тоқ шәугімнен бастап, түрлі құрал-жабдықтарын жөндеуге әкеле бастады. Төрт-бес жасынан жанымда жүрген кенже ұлым Мейіржан маған қолғанат болып, осы жұмыстарға ыңғайланып өсті. Көбіне автокөліктердің генератор, стартерлерін, жалпы, электр құрылғыларын жөндеймін. Тек жергілікті көлігі бұзылғандар ғана емес, ұзын жол үстінде кетіп бара жатқан жүргіншілер де көп келеді. Түннің жарымы, таң алды мезеттерінде де қиналып тұрған жолаушы жүргізушілер арнайы іздеп келеді. Қай уақыт бола тұрса да, шамам жеткенше жөндеп беремін. Мұндай шақтарда ертеңгі сабағы бола тұрса да, Мейіржан үнемі менің қасымнан табылады, – дейді жігіт ағасы.

Ең қызығы, жасаған жұмыстары үшін арнайы кесімді баға қоймайды. Шын пейілмен берген қаражатты қанағат тұтады екен. Кейіннен кішкентай Мейіржанмен пойыз арқылы Алматыға барып, қажет болады-ау деген саймандарды аздан-аздан алып келуді жолға қойған екен.

– Қазір көпшілік жүргізушілер сапасыз саймандар алып, қайта-қайта ауыстырып әлекке түсуде. Көп жөндеу орындары генератор, стартерлерді толық ашып қарамай, жарамсыз деп лақтыруға кеңес береді. Мен олар алып келген саймандарды қайта жинап, шамам жеткенше жарамды қылуға тырысамын. Адал ақшаға алынған дүниені соңғы жарамдылығына дейін пайдаланбау обал ғой. Жалпы, Алла алдында да, адам алдында да жасаған жұмысыңа өте ұқыптылықпен қарап, адамгершілік қағидаларынан аттамауды өмірлік ұстанымым деп білемін. Міне, осылай ақырындап өмір сүрудемін. Үлкен ұлым Оралғазы өнер жолында. Аздап құрылыспен айналысып, маған көп салмақ салмайды. Екінші қызым Балжан Семейде ақылы түрде оқиды. Күн-түнге қарамай жанталасып, тапқан азын-аулақ ақшаммен жылына 360 мың теңге төлеп, қызымды оқытудамын. Ендігі кезекте биыл мектеп бітірген Мейіржанымды да оқытып, азамат қылсам деген мақсатым бар. Сөйтіп, әке ретіндегі парызым мен қарызымды атқарсам, – дейді Оралбек.

«Жалпы, қандай арманыңыз бар?» деген сұрағыма: «Егер Алла қолдап екі аяғымнан тұрып кетсем, үлкен мәшине жөндеу орталығын ашсам деймін. Жұмыссыз жастарды соған орналастырып, тәлім үйретіп, еңбек берсем. Ойым сол орталықтан қалың пайда тауып, байлық қуып кету емес. Шамам жеткенше, жоқ-жітік ағайынға қолдау жасап, жетім-жесірлерге көмектесу – үлкен мұратым», – дейді кішкентай аулада жұмыс істеп, қарапайым тірлік кешіп, аядай ғана жалғыз бөлмеде тұрып жатқан кең жүректі азамат.

Иә, ол осы тиындап тауып жүрген несібесінен қазір де күйі кетіп жүрген адамдарға аздап жәрдем жасап жүргенін жанарлары айтып тұр. Өзі қамкөңіл бола тұра, өзгеге қамқорлық танытқысы келіп тұратын осындай мейірім иесін көргенде, мерейің өсіп қалады.
Адал еңбек, ізгі мейірім, биік адамгершілік ұстанымды азаматтың тірлігі көпке ой салар деп ойлаймын.

Ермек Тұрсынұлы
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button