Қоғам

Мәселе басы ашық күйінде қалып отыр

Мәселе басы ашық күйінде қалып отыр


«Дидардың» өткен сандарының бірінде Күршім ауданындағы Ақсуат ауылы тұрғындарының үйлері қауіпті жағдайда, суға құлағалы тұрғандығы туралы жазылған болатын. Түбі төтенше, оқыс оқиғаға әкеліп соғуы мүмкін мәселе неге шешілмей отыр, алдын алу шаралары неге жасалынбай келеді? Мақалада көтеріп, жауап іздеген осы сауалдарымызды облыстық төтенше жағдайлар департаментіне де жолдағанбыз. Сол сауалдарға Облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы полковник А. Ломыгиннен төмендегідей жауап келді.

«Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» .1888-V 3 ҚР Заңының 48 бабына сәйкес жергілікті масштабтағы төтенше жағдайды жариялау жөніндегі шешім әкімшілік аумақтық бірлік әкімдерімен қабылданатындығын хабарлайды. Сонымен бірге, төтенше жағдайлар департаментінің мекенжайына Күршім ауданы әкімі аппаратынан ШҚО Күршім ауданы, Ақсуат ауылында жергілікті масштабтағы төтенше жағдайды жариялау жөніндегі шешім келіп түспеді.

Өзендегі су деңгейінің көтерілуінен Зайсан көлі (департаменттен келген мәтіндегі сөздер өзгеріссіз беріліп отыр. авт.) жағалау сызығының қарқынды бұзылуы және Ақсуат ауылында жел толқындарының әсері проблемасы 2014 жылдан бастап әртүрлі қарқындылықпен байқалуда.

1990 жылға дейін елді мекен құрылысын салу бекітілген бас жоспар есебінсіз, сәйкесінше су қорғау аймақтарының есебінсіз жүргізілгендігін ескеру қажет, бұл қазіргі қалыптасқан жағдайға алып келген.

ШҚО төтенше жағдайлар департаменті де аталған мәселе 2014 жылдан бастап шығу комиссияларында бірнеше рет қарастырылды, 2015 жылы ТЖ алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысында қаралды. Төтенше жағдайлар департаментінің, Күршім ауданы әкімдігінің, ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бірлескен жұмысы нәтижесінде алты үй тұрғындарын (төрт үй жаңа құрылыс, екі үй аудандық бюджеттен өтемақы) қоныстандыру бойынша шаралар қабылданды. Ауыл халқын техникалық сумен қамтамасыз ету мақсатында су сорғы станциясы қауіпті жерден ауыстырылды. Сондай ақ ШҚ АЭК электр беру желісінің 10 тіреуін ауыстыру жұмыстары жүргізілді.

Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары С.Ақтановтың тапсырмасы бойынша ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен ағымдағы жылғы тамызда өткізілген комиссиялық көзбен шолу нәтижелері көрсеткендей, ШҚО Күршім ауданы, Ақсуат ауылындағы табиғи факторлар әсерінен Зайсан көлі (мәтін сөзі. авт.) жағалау сызығының бұзылуы жалғасуда.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі «Азаматтық қорғау туралы» 188- V3 ҚР Заңының 15 бабына сәйкес жұмыс тобы төтенше жағдайлардың алдын алу үшін шаралар қабылдау мақсатында Күршім ауданы әкіміне қажетті алдын алу шараларын қабылдау туралы ұсыныстар берді» делінген хатта.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының бұл тексеруі Күршім ауданының әкімі С.Чукаевтың облыс әкімінің орынбасары С. Ақтановтың атына жазған өтініш хатына орай, облыс әкімі орынбасарының берген тапсырмасы негізінде жүргізілген.

2017 жылдың 11 шілдесі күні аудан әкімінің облыс басшылығына жолдаған хатында: «2017 жылы су деңгейінің көтерілуі бүгінгі күні қауіп төндіруде. Ақсуат ауылындағы жағалауда орналасқан 19 үйдің алтысы бүгінгі күнге суға кету қаупінде тұр. Тиісті шара қабылданбаған жағдайда адам шығыны болуы ықтимал. Сізден жоғарыда орын алған жағдайды ескере келе, облыс орталығынан тиісті мамандар жіберіп, жағдайды толық анықтауды және жаңа тұрғын үйлер салуға қаражат бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын», деп көрсетіліп, үй салуға қаражат қажеттігі жазылған. Ал келген комиссия мәселені шешу үшін жоғарыдағыдай ұсыныс жазып кеткен.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Күршім ауданы әкімдігіне төтенше жағдайдың алдын алу шараларын жасауға ұсыныс берілгенімен, ауданда үй салуға қаражат жоқ. Жағдайды шешудің басқа жолдары қарастырыла ма, баспана салуға ауданнан, облыстан, республикадан қаражат бөліне ме?
Мәселе әлі басы ашық күйінде қалып отыр.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button