Өміржан бір ауылды ғаламтормен қамтып отыр

Елбасы биылғы Жолдауында келер жылды «Жастар жылы» деп жариялаған болатын. Жолдауда Елбасы жастарды белсенді болуға, барлық іске жауапкершілікпен қарауға, батыл әркеттер жасауға үндеді.
Екіншіден, аудан әкімдерінің ауыл жастарының кәсіпкерлігін дамытуға арналған гранттарының саны мен сомасын кезең-кезеңмен ұлғайтуды жолға қойған болатын.
Ал Тарбағатай жастары болса мемлекеттік гранттардың жобасына беленде қатысуда. Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен «Zhas project» жобасы арқылы ауданның жас кәсіпкерлері төрт жобаны жеңіп алып, 4 миллион теңгеге үкімет тарапынан инвестиция алып, кәсіптерін дөңгелете бастады.
Әсіресе қазіргідей әлем ғылыми-техникалық жетістіктердің екпінімен жедел өзгеріп жатқан бәсекелестің бәсі жүріп тұрған тұста жас буынның белсенділігі өте қажет. Міне, осындай жастардың бірі, техникаға жақын жан – Қызылкесік ауылының тумасы Өміржан Мұқышев «Цифрлық ауыл» жобасын жасап, тоғыз жолдың торабындағы ірі ауылды толықтай цифрлық ауылға айналдырды.
Өміржанның айтуына қарағанда, біздің ауылда Интернет жүйесі нашар болатын.
– Осыны ескеріп, ауылдағы жұмыссыз жүрген төрт жолдасымды қосып, жоғарыда аталған жобаға қатысып, Интернет орталығын ашып, ауыл тұрғындарын тегін интернет жүйесімен қамтамасыз етіп отырмыз. Жобаның шарты бойынша жарты жыл ауыл тұрғындарын Интернет жүйесімен толықтай тегін қамтимыз және жобаға қатысушы төртеуіміз айына 60 мың теңге стипендия алып отырмыз, – дейді Өміржан.
Аталған бағдарлама істің көзін ашуға мол мүмкіндік беріп отыр. Құны 1 млн. теңге тұратын бұл құрылғы қазірдің өзінде Интернет арқылы ауыл тұрғындарына қызметтің 24 түрін тегін көрсетіп отыр. Мәселен, осыған дейін ауыл тұрғындары қажетті құжаттарын рәсімдеу үшін 90 шақырым жердегі аудан орталығына баратын, қазір кең жолақты толық Интернет жүйесі арқылы керек құжаттарыңызды 5-10 минут аралығында алатын боласыз. Бір сөзбен айтқанда, халыққа қызмет көрсетудің шағын орталығы.
Ауыл әкімі Сайлау Қалиевтың айтуынша, осы тиімді жобаны ұтып алған ауылдың азаматтарына, әсіресе Өміржан Мұқышевқа ауыл тұрғындары дән риза болып отыр.
– Қазір жобаны жүзеге асырып отырған жас кәсіпкерлерге мейлінше жағдай жасап отырмыз, шағын болса да ғимараттары бар, ауылдың жастары осы жерден компьютерлік сауаттылықтарын арттыруда. Компьютерлік орталық ашсақ деп отырмыз, бұл жоба ауыл жастарын ынталандырады. Келер жылы ауылдағы ісін дөңгелетем деген жастар ауыл шаруашылығына берілетін жобаға қатысуға ниет білдіруде, – дейді ауыл әкімі.
Биылдың өзінде ауданның ынталы жастары осы жоба арқылы ешкі өсіруге, күркетауық өсіруге грант ұтып алып, беркелі іс жасап жатыр. Келер жылы тағы 12 жоба ұсынылады. Қатысам деушілер саны күн санап артуда.
Ең бастысы, ауданның жігерлі жастарының асқақ арманы ақиқатқа айналып, Тарбағатай жастарының жаңа жобалары жүзеге аса бастады. Қазір аудандағы жастар ресурстық орталығы келер жылдан бастап мүгедек адамдар үшін инклюзивті орталық ашуды ойластыруда.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.