Қоғам

Мәртебесі мен мәні артқан дода

Мәртебесі мен мәні артқан дода


Былтыр облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынатын жыл сайынғы халықтық спорт ойындарын өткізу дәстүрі үзілген-ді. Сол кезде аймақ басшысы Даниал Ахметов енді спартакиада екі жылда бір рет өткізілетінін және жарыстың мән-мәртебесі анағұрлым артатынын атап көрсеткен болатын. Облыс әкімі өз сөзінде тұрды. Осымен ХХІ рет ұйымдастырылып, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналып отырған бұл доданың бұрынғыдан өзгерек екенін ойындардың салтанатты ашылу рәсімін тамашалау кезінде аңғардық.

Әлем біріншілігін өткізуге дайынбыз

Жалпы, 2018 жыл өңір спорты үшін ерекше жыл болайын деп тұр. Биыл жерлесіміз Юлия Галышева Пхенчхандағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте алғашқы отыздықтан табылуына елеулі үлесін қосты. Жерлестеріміз бұдан өзге де көптеген байрақты бәсекеде биіктен көрініп, ел абыройын асқақтата түсуде. Өз жерімізде де айтулы спорттық шаралар ұйымдастырылып келеді. Соның бірі әрі бірегейі деп шілде айында Өскеменде жалауын желбірететін волейболдан қыздар командалары арасындағы клубтық Азия чемпионатын айтуға болады. Облыс әкімінің жүлдесі үшін өткізіліп жатқан кезекті халықтық спорт ойындарының ашылу салтанатында сөз сөйлеген аймақ басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысы тіптен әлемдік деңгейдегі чемпионаттарды да өткізуге дайын екенін мәлім етті.

– Біздің облыстан көптеген республикалық және халықаралық жарыстың, Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері шыққан. Олардың ішінде Ольга Рыпакова, Айбек Нұғымаров, Денис Уланов пен Алексей Полторанин сияқты саңлақтарымыз бар. Облыста бұқаралық спорттың дамуына айрықша көңіл бөлініп келеді. Өңір тұрғындарына үш мыңнан астам спорттық нысан мен секциялар қызмет көрсетуде.

Мәртебесі мен мәні артқан дода

Шығысқазақстандықтардың спорттың 94 түрімен, оның қырқы Олимпиадалық спорт, айналысуға мүмкіндіктері бар. Осындай ауқымды жұмыстың арқасында соңғы жылдары салауатты өмір салтын ұстанатын жерлестеріміздің қатары арта түсті. Биылдың өзінде ғана спортшыларымыз республикалық және халықаралық жарыстардан 682 медаль алып қайтты. Саңлақтарымыз алдағы байрақты бәсекелерде де намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Ал өз тарапымыздан өңір спортына бұдан былай да жан-жақты қолдау көрсете беретін боламыз, – деген облыс әкімі халықтық ойындарға қатысушыларды жарыстың басталуымен құттықтап, оларға сәттілік пен жеңіс тіледі.

Аймақ басшысы өз сөзінде аз уақыттың ішінде облыс мақтанышына айналған «Altay athletics» кәсіби жеңіл атлетика клубы мен «Алтай» волейбол клубының жетістіктерін де атап өтті.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Пхенчханда өткен қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, фристайлшы Юлия Галышеваға да ерекше құрмет көрсетті. Олимпиадада ел қоржынына жалғыз жүлде салған Юлия өңір басшысы мен демеушілер атынан бір бөлмелі пәтер, 16 миллион теңгенің сертификаты және «Пежо» маркалы сужаңа автокөліктің кілтіне ие болды. Сонымен қатар марапаттан Галышеваның бапкері Елена Круглыхина мен Оңтүстік Кореядағы Олимпиада ойындарына қатысқан тағы бір фристайлшымыз Павел Колмаков та құр қалған жоқ. Олардың екеуіне де қызметтік пәтердің кілт табыс етілді.

Осыдан кейін Өскемендегі Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежіне жиналған спортсүйер қауымның назарына тамаша театрландырылған қойылым ұсынылды. Сондай-ақ жанкүйерлер халықтық ойындарға қатысушы командалардың салтанатты шеруін тамашалап, төрт күн бойы жарысатын спортшыларға қошемет көрсетті.

Айта кетейік, биылғы Спартакиада бағдарламасына 20 спорт түрі енгізіліпті. Облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған жасы 18-ден асқан спортшылар 170 медаль жиынтығын сарапқа салмақ. Жарыстың толық кестесі газетіміздің өткен санында жарияланған.

Мәртебесі мен мәні артқан дода

Облыс әкімі бүлдіршіннің тұсауын кесті

Бір жастағы көкпектілік Сұлтан Нұрланұлының тұсауын облыс әкімі Даниал Ахметов кесті. Бұл оқиға аймақ басшысының Өскемен қаласындағы ипподром аумағында бой көтерген киіз үй қалашығына барған кезде орын алды.

Бүлдіршіннің тұсауын кесіп, тәй-тәй басқан қадамына ақ жол тілеген облыс әкімі оған бағалы ойыншық тарту етті.

– Баламыздың тұсауын облыс әкімінің өзі келіп кесіп жатқанын үлкен ырымға балап отырмыз. Қазақта баланың тұсауын кім кессе, бүлдіршіннің ертеңгі үлкен өмірдегі қадамы сол адамға ұқсас болады деген тәмсіл бар. Ендеше біздің кішкентай Сұлтанымыздың маңдайының бағы бес елі. Тұсауын облыс әкімі кескен бала осал болмауы керек, – дейді Сұлтанның әжесі.

Бәйгетөбеге әдейілеп ат басын тіреген Даниал Кенжетайұлы мұнда халықтық спорт ойындары аясында тігілген ақшаңқан киіз үйлерді аралап, жайылған дастарқаннан көппен бірге дәм татты.

Айта кетейік, мамыр айының 24-і мен 26-сы аралығында өтетін, «Қазақтың киіз үйі» деп аталатын фестиваль барысында қонақтар назарына облыстың барлық аудан-қаласынан келген көркемөнерпаздар ұжымдары орындауындағы қазақ пен өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерінен сыр шертетін көріністер ұсынылмақ. Сонымен қатар мұндағы орталық сахнада күн сайын арнайы концерттік бағдарлама қойылуда.

Мәртебесі мен мәні артқан дода

Басшылар емес, балалар үшін

Атшабарға ағылған жұрт қазақ халқының тұрмыста тұтынған бірегей бұйымдары, жиһаздары мен ыдыстары, ұлттық киім үлгілері, сондай-ақ зергерлік өнер туындыларымен жақынырақ таныса алады. Бұл әсіресе өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мән-мағынасы зор бастама болатыны сөзсіз. Мұны Өскемен қаласының тұрғындары және қонақтарымен бірге киіз үйлерге бас сұғып, күмбірлеген күй, әуезді ән тыңдап, қымыздан дәм татқан облыс әкімі де ерекше атап өтті.

– Балаларымыз төл тарихымызды бес саусағындай біліп, мәдениетімізбен сусындап өсуі керек. Бұл тұрғыда осындай шаралардың берері мол. Бірақ біз бұл киіз үйлерді басшылар үшін емес, балалар үшін тігіп отырмыз, соны ұмытпайық. Киіз үйлерге кез келген оқушы кіріп, мұнда қойылған құнды заттармен жақынырақ таныса алатын болсын, – деген облыс әкімінің өзі де қазақтың бесікке бөлеу, тұсаукесер, келін түсіру рәсімдерінен, сондай-ақ орыс, татар және басқа да ұлттардың салт-дәстүрлерін сыр шертетін қойылымдардың куәсі болып қайтты.

Айта кетейік, бұл күндері киіз үй қалашығының іргесінде, келушілер назарына қазақ күресі, татардың көрәші, корейдің таэквондосынан, сонымен қатар шахмат, тоғызқұмалақ пен дойбыдан, арқан тартыс, асық ату мен қол күресінен сайыстар ұсынылуда.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button