Руханият

МӘРМӘРДАҒЫ МАРЖАН СӨЗ МАҒЫНАСЫМЕН БАУРАП ТҰР

  МӘРМӘРДАҒЫ МАРЖАН СӨЗ МАҒЫНАСЫМЕН БАУРАП ТҰР

Таяуда Өскемен қаласына жолым түсіп, Абай ескерткіші маңындағы мәрмәр тастар панорамасына тәнті болдым. Көрген жанның көңілі тоятын, рухы қуат алатын, ойына ой қосатын мағыналы көріністер адамды өзіне баурамай тұра ма? Менің де жаным жадырап, жүрегім жылып, жарасымды жасалған дүниелердің жанында біраз жүрдім. Кеудемді қуаныш кернеді. Не үшін дейсіз ғой? Ақылмен істелген ізгілікті шаруа үшін.
Иә, облыс орталығындағы Республика алаңында орныққан Абай ескерткіші төңірегінде ұлы ақын әлемі кереге жайыпты. Биік тұғырда тұрған бас ақынымыз халыққа жай ғана қарап тұрған жоқ, дара өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер оқып тұр. Үш тілде! «Кім керек қылса, сол алсын» деген өсиетінің заманауи нұсқасы деп қабылдауға әбден лайық.
Нақтырақ айтсақ, Абай ескерткішінің қос қапталындағы мәрмәр тастар панорамасы өте әдемі, жарасымды көрініп, төңірегіне тамаша көрініс беріп тұр. Асты төрт бұрыш, үсті үш бұрышты қос бөліктен тұратын биік мәрмәр тастар Абай сөздерімен ажарланған. Кемеңгердің кемел сөздері үстіңгі бөліктің үш қапталына қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде қашалып жазылған. Бейнелеп айтқанда, хакімнің ғақлиялары әлгі мәрмәр тастарға тағылған алқадай жараса қалған. Елбасының «Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары» дегенін еске түсіретіндей. Биіктігі екі метрдей мәрмәр бағандар ақынның қара сөздерін жеке-жеке еншілеген. Идея авторы мен осы жұмысты ұйымдастырушылардың тапқырлығы – әрбір қара сөздің алтын өзегін іріктеп, ден қойған жанға данышпан иедеясының кілтін ұстатуды көздегендіктері. Мәрмәрға түскен маржан сөздер Абай ескерткішіне алыс-жақыннан тәу етіп келгендерді ақын әлеміне жетелеп, адамзатқа ортақ ойлардан нәр алуына қызмет етіп тұрғанымен бағалы.
Облыс орталығындағы Абай ескерткіші алдында тұрып, сол сәтте алған әсерім мен түйген ойымды қаз-қалпында қағазға түсіруге тырыстым. Көңіліме «осы бір өнегелі, хакім сөзін халыққа жеткізудің жаңа нұсқасын тапқан идея авторы кім екен?» деген сұрақ пайда болды. Оларға тағылымды істері үшін іштей алғыс айттым.
Ой шіркінде шек жоқ қой, тарихи тұлға болмысын аша түсуге арналған осыған ұқсас үлгілер өзге де ескерткіштер жанынан орын алып жатса, артық болмас еді. Сәулет өнері сомдаған тұлғаны сөз өнері толықтырып тұрса, несі жаман? Қаншама батырларымыз бен қаһармандарымызға зәулім мүсіндер орнатылды. Сол ескерткіш жанынан болмаса да, қабырғасынан оның қайраткерлік қасиетін паш ететін бірер ауыз сөз орын алса, тас мүсінге тіл бітіргенмен бірдей болар еді. Мысалы, Қабанбай батыр ескерткішіне қатысты оның 108 рет жорыққа аттанып, 50-ден астам жекпе-жектің бірде-бірінде жеңіліс таппағаны жазылып тұрса, ол баhaдүрдің батырлық беделін жас ұрпақ жүрегіне жақындатуға мысқалдай болсын септігін тигізбек. Сол бір ауыз сөздің өзі талай адамның батыр жайында жазылған туындыларды арнайы тауып оқуына түрткі болуы да мүмкін ғой. Кейінгі толқынның нұсқамаса көрмейтін, айтпасаң ескермейтін легі басымдық алып келе жатқанда, руханияттың жаңағыдай үйлесімді үлгілерін барынша қолданған абзал.
Сәулет өнеріне сөз өнерінің келіп қосылуы өзіндік нәтиже беретіндігінде еш күмән жоқ. Өз басым сол жолы Абай ескерткішін оңаша жерден біраз уақыт бақылап тұрдым. Ескерткіш алдынан ары-бері өтіп жатқандардың басым көпшілігі мәрмәр тастар панорамасына назар аударып, ондағы жазуларға ден қойып жатты. Назар аударғандардың ішінде өзге ұлт өкілдерінің де аз болмағандығын байқадым. Соған қарап мынау мәрмәрдағы маржан жазулар әлі де қаншама адамның Абай әлеміне бет бұруына, нақылына жүгінуіне жетекші құрал бола алатындығына кәміл сендім.
Абай болмысын алыс-жақынға паш етудің осындай жаңа нұсқасын ойластырған идея авторының есімі ақынның 170 жылдық мерйтойы кезінде көпшіліктің алдында аталып жатса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қайрат Зекенұлы

Семей.

Осы айдарда

Back to top button