Қоғам

Әміренов Әлем чемпионы атанды

Әміренов Әлем чемпионы атанды


Беларусь мемлекетінде өткен қазақ күресінен VII Әлем чемпионатынан ел құрамасының қоржыны тоқ қайтты. Жаһан біріншілігінде олжа салған оғландардың ішінде Ұлан ауданының тумасы, аса ауыр салмақтағы балуан Талғат Әміренов те бар.

«Ер – туған жеріне» дегендей, спортшыларымыз жарыстан соң өз отанына, оның ішінде туған өлкесіне ақжолтай жаңалықты жеткізуге асығыпты. Алтыннан медаль тағынған жерлесімізді Өскеменнің әуежайында қалың жанкүйері қарсы алды.

– Менің жүлдем – елімнің асқақтаған абыройы, туғандарым мен достарымның ұсынған гүлі, – дейді Талғат ағынан ақтарылып.

Балуанымыз бұл жарыста қиын соққаны деп, іріктеу сынындағы армян спортшысымен және финалдағы жарыс қожайынымен болған белдесулерді атады. Оның себебі де бар. Талғаттың салмағы жүз келіден сәл ғана асса, қос қарсыластың бірі – 145, екіншісі 135 келі тартыпты. Десе де, «Бекініп садақ асынған, біртіндеп жауды қашырған» қазақ жігіті қайсарлығын көрсетті. Бұдан бөлек ол Қытай және Нидерланд елдерінің үкілеп қосқан спортшыларын жеңді.

– Осыдан екі жыл бұрын Ырғызбай Досханаұлы атындағы халықаралық турнирдің қола жүлдесін иеленіп, дзюдодан ел чемпионы атанған Талғат Әлем біріншілігіне алғаш рет қатысты. Соған қарамастан көк туымызды желбіретіп, жеңістің ең биік сатысынан көріне білді. Өз басым шәкіртімнің шығар биігі әлі алда деп сенемін, – дейді чемпионның бапкері, еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Бақытбек Дуанов.

Сондай-ақ, білікті бапкер сөз арасында Талғаттың жаттығатын залы туралы және басқа да шәкірттері хақында біраз мәселені айтып берді.

– Біз Өскеменнің Жібек маталар комбинаты ықшамауданындағы дзюдо орталығында спорттың қазақша күрес, дзюдо және самбо түрлерінен жаттығамыз. Шағын ғана орталықта жүзден аса шәкірт тәлім алып жатыр. Олардың қатарында ХХІІІ жазғы сурдлимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстанның еңбек сіңірген спортшысы Шаяхмет Қанапиянов, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген Жасұлан Мұхаметханов пен Алмас Акрашев сынды белді балуандарды атасақ болады. Бүгінде он халықаралық спорт шеберін дайындап шығардық. Солардың бірі – Талғат. Ал орталықты 2015 жылы спортсүйер азаматтармен және шәкірттерімізбен бірлесіп салдық. Залымыз мақтанарлықтай. Дегенмен, жарықтың, ыстық судың ақысын өз қалтамыздан төлеп жатқандықтан қиналып қалатынымыз рас, – деді ол.

Біз бапкердің де, балуанның да осымен тоқтап қалмайтынына көз жеткіздік. Екеуі де қазақ күресінің олимпиада ойындарына енуін армандайтынын айтты.
Сөйтің 42 елден кіл мықтылар қатынасқан біріншілікте жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы төрт алтын, бір күміс, екі қоламен алғашқы орынға шықты.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button