Ағымнан жарылсам

ӘМІРЕ ТУҒАН АУЫЛДЫҢ КЕТУІ КЕТІП ТҰР

ӘМІРЕ ТУҒАН АУЫЛДЫҢ КЕТУІ КЕТІП ТҰР
Әміре Қашаубаевтың туған ауылында ұялы байланыс жоқ дегенге сенесіз бе? Сенуге әсте қиын, бірақ шындығы осы. Бұған жуырда ғана әйгілі тенордың дүркіреп өткен 130 жылдық мерейтойында көзіміз жетті.
Ақбұлақ аулдық округі – облыс орталығынан 420, ал Семейден оңтүстік-батысқа қарай 220 шақырымдай жерде орналасқан. Дәл осы өңірде қазақтың маңдайына біткен ұлттық өнердің шоқжұлдызы Әміре Қашаубаев дүниеге келген. Алайда, елді мекеннің бүгінгі көрінісі кімді де болсын қынжылтпай қоймайды. Сүреңсіз үйлер, жұлым-жұлымы шығып, құлаудың аз-ақ алдында тұрған қора-қопсылар. Округ құрамына Таңат ауылыда кіреді екен. Қос ауылда жиыны 400-ден аса адам тұрып келеді. Әйтсе де Таңаттың болашағы бұлыңғыр деп саналып, ондағы халықты Риддерге көшіріпті. Тек күнін малмен көріп отырған азын-аулақ отбасылар ғана қалған. Міне, осы елді мекендерде ұялы байланыс жоқтың қасы. Ғаламтормен әкімдік қана қамтылған. WI-FI желісіне қосылу үшін ауыл жастары осы жерге ағылатын көрінеді.
– Бізде ұялы байланыс жоқ. Біз сонымен шұғылданып жатырмыз. Халық санының аздығына байланысты оны орнату қиынға соғып тұр. Болашақта құрамыз деген жоспар бар. Қазір интернетсіз, ұялы байланыссыз қиын, – деп атап өтті Ақбұлақ ауылдық округтің әкімі Нұртай Теміржанов.
Сол сияқты тағы бір проблеманың беті ашылды. Атап айтқанда, Ақбұлақтағы 9 жылдық мектепте балалар саны жылдан-жылға азайып келеді. Бұл миграция сальдосының теріс көрсеткішімен тікелей байланысты. Қазірдің өзінде білім ұясында 40-тан астам оқушы қалған. Демек, ауылды тастап қалаға көшіп жатқан тұрғындар баршылық. Ең басты қауіп те осында дейді ауыл әкімі. Сол себепті ән атасының 130 жылдығы біржағынан Ақбұлақты қайта түлетуге септеседі деген үміт бар.
– Тойды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – Ақбұлақтың 50 жылдығын атап өту арқылы кезінде көшіп кеткен тұрғындарды қайтадан оралту. Ауыл халқының санын көбейтіп, оны көркейту. Осындай оймен көтерілген бастама, – дейді Нұртай Теміржанов.
Әлбетте, қызметіне жаңадан кіріскен жас әкімді кінәлаудан аулақпыз. Бұл мәселеде қала әкімінің пәрменді шешімі қажеті екені шүбәсіз. 200 шақырым шалғайда жатқан Ақбұлақ ауылдық округі Семей қаласының әкімдігіне қарайды. Бұрындары аталмыш ауыл тарап кеткен Абыралы ауданы қараған екен. Айтулы ауданды қайта құруға амалдар жасалған жоқ емес, жасалды. Десе де одан түк шықпаған сыңайлы. Себебі, оның орталығы ретінде Курчатов қаласын таңдамақ болған. Бірақ бұл бастаманы кейбір абыралықтар құп көрмеген. Тағы бір айта кетерлігі, ауылды қаламен байланыстыратын Семей-Қайнар күре жолының жөндеу көрмегеніне ширек ғасырдан асқан-ды. Жұрттың үлкен шаһарға үдере көшуіне де осы сеп болуы ықтимал.
P. S. Былтыр ғана «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров Елбасына өзінің асыл арманын айтып еді. Даңқты балуан: «Осы көп болса 5 мыңнан аса ауыл бар шығар. Ең болмаса сол қазақтың бес мың жігіті сол ауылды көтеріп жіберсек, содан асқан қандай бақыт керек? Міне, мен соны ойлаймын, аға»,- деген сөзі осындай да еріксіз ойға оралады.

Жақсылық Мұратқали,
Семей.

Осы айдарда

Back to top button