Руханият

Әміре атындағы филармония саңлақтары да Париж сахнасында өнер көрсетті

Әміре атындағы филармония саңлақтары да Париж сахнасында өнер көрсетті

Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның құрылғанына 70 жыл толып отыр. Соған орай Семей қалалық Мәдениет сарайында өнер маусымының шымылдығын 70-ші рет ашып, мерейтойлық концерт өткіздік.
Жетпістің желкенін керген өнер ұжымы талай республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, қанжығаларына түрлі жүлделерді байлап келеді. Айталық, жуырда сахна саңлақтары Францияда әлем елдерінің өнер майталмандары бас қосқан «Мәдениет және дәстүр» атты халықаралық фестивальға қатысып қайтқан болатын.
…1965 жылдың 19-тамызы күні қабылданған Қазақ КСР Мәдениет министрлігі алқасының қаулысы және бұрынғы Семей облыстық атқару комитетінің шешімі негізінде Семей облыстық мемлекеттік филармониясы құрылды. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің 1969 жылғы 29-шілдедегі қаулысымен филармонияға атақты әнші Әміре Қашаубаевтің аты берілді.
Осы жылдары Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясында қазақ өнерінің айтулы қайраткерлері еңбек етті. Бұл күнде өмірден озған Мәдениет Ешекеевті, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Сыбанов пен Дауыл Хайруллинді, Мәдениет қайраткерлері Келденбай Өлмесеков пен Роза Байдалинаны, филармония директорлары Мәулен Масалимов, Мархаба Керімқұлова, Сағи Мекішовті, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, дирижер, профессор Мырзағали Айдаболовты, дирижер Мәдениет қайраткері Рахымбек Ноғайбаевты, көркемсөз шебері Әнуарбек Иманғожинды, композитор Жолдыбай Дәстеновті, талантты музыкант Ғабит Көпбаевты, бас әкімші Рымғали Мамырхановты филармония ұжымы әрдайым құрметпен еске алады.
Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияда әр жылдары директор қызметін Талип Валитов, Мәулен Масалимов, Мархаба Керімқұлова, Сағи Мекишев, Мұрат Әлин, Балтабек Ерсәлімов, Аймұханбет Бейсембеков, Оразғали Сейітқазы атқарса, мен 2013 жылдан бері басшылық тізгінін ұстап келемін.
Филармонияның шығармашылық ұжымдары мен әншілері Франция, Германия, Испания, Италия, Венгрия, Россия,Украина, Қытай, Түркия, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстанғ тағы басқа алыс-жақын шет елдерде өнер көрсетсе, 1992 жылы 16- желтоқсанда Қазақстан тәуелсіздігінің бір жыл толуына орай Мәскеудің әлемге әйгілі Чайковский атындағы концерт залында мерекелік концерт берді.
Біздегі «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі 2006 жылы Астана қаласында өткен халықаралық «Сарыарқа» фестиваліне қатысып, республикамыздың алдыңғы қатарындағы төрт оркестрінің бірі ретінде құрмет қошеметіне бөленді.
Осы «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі сияқты камералық оркестр, «Кербез» фольклорлы ансамблі сынды шығармашылық ұжымдар да өркендеп, шығармашылық даму үстінде болды. Өнер оркестрлеріне, ансамбліне жеке-жеке қысқаша тоқталып өтуді жөн санаймын. Себебі, олардың әр жеткен жетістігі тарихта алтын әріппен қалары сөзсіз.
«Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрі 1989 жылы құрылды. Алғашқы құрушы дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мырзағали Айдаболов және Қазақстанның мәдениет қайраткері Рахымбек Ноғайбаев сынды ардақты азаматтар болды. Оркестрдің репертуары өте ауқымды: қазақ халқының әндерін, күйлерін орындаумен бірге орыс, шетел композиторларының озық шығармаларын және әлемдік классикалық туындыларды кең көлемде насихаттауда да үздік танылып жүр. Оркестр гастрольдік сапармен Франция, Венгрия, Ресей, Түркия елдерінде өрелі өнер көрсетті. 2006 жылы Астана қаласында өткен І Халықаралық «Сарыарқа» фестивалінде жақсы өнер көрсетіп, лауреат атанды. 2003 жылдан бері «Бибігүл» қазақ халық аспаптары оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі болып келе жатқан республикалық дирижерлер конкурсының лауреаты Нұрлан Төкей және Әділет Серікұлы аталған мамандықтары бойынша жемісті қызмет атқаруда. Кейінгі жылдары оркестрдің аспаптық құрамы көбейді, кәсіби орындаушылық шеберлігі өсті, репертуары кеңейді. 2011 жылы ерекше өнерімен танылып, елорда халқын риза етті. Астана қаласында өткен облыстың мәдени күндеріне байланысты өнер көрсетті. Аталған ұжым 2014 жылы «Білім және Мәдениет» телеарнасының алтын қорына концерттік бағдарламасын жазды. Жыл сайын бірнеше жаңа тың шығармаларымен халық алдында есептік концерт ұсынып отырады.
Ал камералық оркестрдің ірге тасы 2009 жылы қаланды. Оның алғашқы көркемдік жетекшісі Қазақстанның Мәдениет қайраткері Рахымғали Мыржықбаев болса, 2013 жылдың ақпан айынан бері Талғат Төлеубаев жетекшілік етуде. Оркестрдің репертуарында қазақ, орыс және көптеген шетел композиторларының классикалық шығармалары бар. Оркестр облыс, қала көлемінде өтетін концерттердің барлығына дерлік қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүр. Бұл өнер отауы да жыл сайын жеке шығармашылық концертін халыққа ұсынуды дәстүрге айналдырған.
2006 жылы құрылған «Славянка» орыс халық аспаптары ансамбліне Николай Кособоков жетекшілік етеді. Ансамбльдің негізін қалаушы – ансамбль мүшесі Л.Марушак. Ансамбль репертуары негізінен орыс композиторларының танымал туындыларынан, әндері мен романстарынан және қазақ, шетел композиторларының шығармаларынан тұрады. 2012 жылы ансамбль облыс делегациясы құрамында Павлодар, Ақсу қалаларында гастрольдік сапарда болса, 2014 жылы Ресейдің Алтай аймағының орталығы Барнаул қаласында өнер көрсетті. Қазіргі таңда ансамбль жеке шығармашылық концертке дайындалу үстінде.
«Кербез» фольклорлы ансамблі 2010 жылдың тамыз айында құрылды. Жетекшісі – ансамбльдің негізін қалаушы Гүлбахрам Мұсабекова. «Кербез» фольклорлы ансамблінің репертуары қазақ халқының, сонымен қатар, жергілікті композиторлардың әндері мен күйлерінен және басқа да орыс, шетел композиторларының шығармаларынан тұрады. Ансамбль облыстық және қалалық көлемдегі көптеген концерттерге қатысып, өнер көрсетіп жүр. 2011 жылы Қазақ елі мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында сол елдің Бурса қаласына барған облыстық делегациясы құрметке бөленіп қайтты. Ансамбль 2013 жылы Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Жұбанов көктемі-2013» атты халық аспаптар ансамбльдерінің конкурсында жоғары кәсіби шеберлік көрсетіп, дипломант болып оралды. 2014 жылы «Білім және Мәдениет» телеарнасының алтын қорына концерттік бағдарламасын жазды. Сөз басында айтып өткендей, биыл «Кербез» фольклорлы ансамблі Францияда Әміре аталары 1925 жылы ән шырқап, шетел көрермендерін тамсандырған Париж сахнасында өнер көрсетті.
Қазан айының 31- жұлдызында филармония өнерпаздары Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Металлургтер сарайында өскемендіктерге әсем кеш тарту етті. Семейдің ғана емес, қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған өнер ұжымы әлі талай биіктерді бағындырып, өнерсүйер қауымға өнерлерін паш етуден еш жалықпайды.

Адай Азаматов,
Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның директоры
Семей.

Осы айдарда

Back to top button