Қоғам

Мұражайға ерекше жәдігер тапсырылды

Мұражайға ерекше жәдігер тапсырылды

Үржар ауылының тарихи-өлкетану мұражайында ұзақ жыл осы жердегі аудандық ауруханада еңбек еткен дәрігер-гинеколог Күлбәтіш Сандыбаеваның өмірден озғанына жыл өтуіне орай, немере-шөберелерін әлдиімен тербеткен ақ бесігін бар жасауымен жабдықтап, кейінгі ұрпаққа мұра ретінде мұражайға тапсыру шарасы өткізілді.

Рәсімде ауданға еңбегі сіңген гинеколог-дәрігер Күлбәтіш Мұқажанқызымен ұзақ жылдар аға медбике болып, бірге істеген Қайныкен Етекбаева марқұмның өз қызметіне асқан жауапкершілікпен қарайтын білімді де тәжірибелі, кәсіби шеберлігі мол, ұжыммен тіл табыса білген, адамдық болмысы жоғары жан болғандығын баяндап берді.
Шара барысында Күлбәтіш Мұқажанқызының зейнеткерлік-ке шыққанға дейін перзентхананы іскерлікпен басқарғаны үшін «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендерімен, «Денсаулық саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталғаны, тіпті, Бүкілодақтық дәрігерлер съезіне делегат болып қатысқаны да баса айтылды.
Ал Бағи Қуанышбайқызы Күлбәтіштің қарапайым, көпшіл, ізетті және адамгершілігі өте жоғары жан болғандығын еске
алып, марқұм өз немерелері мен шөбересін аналық әлдиімен тербеткен қасиетті ақ бесікті мұражайға тапсырудың тәрбиелік маңызы зор екенін жеткізді. Одан соң бесіктің құрылысы, жабдықталуы жайында түсінік бере келе, рәсім бойынша жиналғандарға тәттілер таратып, ерекше талғаммен жабдықталған қасиетті бесік пен Күлбәтіш әженің үлкен суретін мұражай қызметкері Сымаш Ілбісіновке табыстады.

Амантай Оспанов

Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button