«Мұражай түні» шақырады

18 мамыр – халықаралық мұражай күні. Міне, осынау атаулы күнге орай облыстың барлық аудандары мен қалаларында «Мұражай түні» акциясы өткізілуде.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – тұрғындарды мұражайға тартып, жастарымызға тарихи және мәдени құндылықтар туралы кеңінен мағлұмат беру, дүниетанымын кеңейту. Жалпы, Мұржайлар түні шарасы ең алғаш 1997 жылы Германияда пайда болыпты. Ал Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музей «Мұражай түнін» 2006 жылдан бері өткізіп келеді. Осынау жақсы дәстүр біздің облыста да жалғасын табуда. Биылғы Мұражайлар түніне келушілер Қазақ хандығының 550, Ұлы Жеңістің 70, Ұлы Абайдың 170 жылдығы секілді мерейлі мерекелерге қатысты ақпараттарға кеңінен қанық болмақ.
– Кейде күйбең тірлікпен жүріп, мұражайға баруға қол тимейді. Оның үстіне кешке жұмыстан шыққанда, рухани-мәдени орындардың барлығы да жабылып қалады. Бұл жақсы мүмкіндік болды. Осындай шаралар жиі өткізілсе, – дейді облыстық тарихи-өлкетану мұражайын тамашалаған қала тұрғыны Серік Жанұзақов.
Келем деушілерге мұражайлар түнгі сағат 23.00-ге дейін қызмет көрсетеді.
Мейрамтай Иманғали