Руханият

Мұражай қоры саят жабдықтарымен толықты

Мұражай қоры саят жабдықтарымен толықты

Өскемендегі облыстық тарихи – өлкетану мұражайының қоры томаға, жем қалта, биялай, балдақ, балақ бау секілді саят жабдықтарымен толықты. Жәдігерлерді мұражайға қала іргесіндегі «Шығыс» ауылының тұрғыны Нәбиғазы Толымхан әкеліп тапсырды.
Мұндай құнды дүниелерді оған Зайсан ауданының Шүршіт – Су тауында тұрған Қасымхан туысы сыйлаған екен. Қасымханның әкесі Азел ата аңшылықпен айналысыпты. Жалпы аң аулау дәстүрінің сонау ерте замандарда адамдардың күнкөріс кәсібімен бірге туғаны белгілі. Ертедегі адамдар аң мен құсты қарапайым тәсілдермен ауласа, бертін келе үйретілген иттерді қосып, атпен қуып, құс салды. Саятшылық біртіндеп сауық-сайран түріне де айналды.
Қазақ халқы бүркіт, тұйғын, сұңқар, лашын, қырғи, тағы басқа да құстарды ерте қолға үйретіп, аң аулауға пайдаланды. Олардың ішінде қолға тез үйренетін құс – бүркіт. Бүркітке арналған құрал-жабдықтардың бірі – биялай.

Мұражай қоры саят жабдықтарымен толықты

Биялай – бүркітшінің оң қолына киетін қолғап. Ол бүркітті қолға қондырғанда, алып жүрген кезде бүркіттің тұяғы қолды зақымдамауы үшін пайдаланылады. Іші киіз, сырты сиыр, елік терісінен жасалады. Қолғаптың бас бармағы бар да, қалған төртеуі тұтастай тұйықталған.
Балдақ – құсты аң үстінде алып жүруге арналған. Құс салмағынан қолдың талмауы үшін оң қолдың білегін сүйеп отыратын, аша сынды жұмсақ төсеніші бар тіреу. Төсеніші былғарыдан не қайыстан жасалады. Ол балдақ ашасының ішіне түсіп тұрады. Балдақ ағаштан не таутекенің мүйізінен жасалады.
Жем қалта – аңға шыққанда құсты шақыруға арналған. Онда түрлі аңның бір кесектей еті жүрген. Қалтаны киізден жасап ішін, кей кездері сыртын да матамен астарлаған.
Құстың екі жіліншігіне бірдей тағылған бау – балақ бау немесе аяқ бау деп аталынған. Балақ баудың ішіне жұмсақ киіз салынып, сырты қайыспен қапталған. Киіз бен қайыс бірге тігіледі.
Бүркіттің екі көзін саңылаусыз жауып тұратын киімді құсбегілер «томаға» деп атаған. Томаға құстың басын қыспайтын, қажамайтын, көз жанарын баспай, саңылаусыз жабатын, құстың басынан түсіп қалмайтындай етіп жасалынады. Томағаны осы шарттарды толық білетін, тігуге машықтанған томағашылар тіккен. Томаға шарттары бойынша әдемі тігілген, былғарының өзінен әсем ою-өрнек шығарған тіпті ұсақ шытырлармен безелген томағаларды қазақ құсбегілері бір бестіден кем бағаламаған екен.
Біздің мұражай қорында мұндай заттар жоқтың қасы, сондықтан да оларды бағалы жәдігерлердің қатарына қостық. Бүгінде олар экспозицияда арнайы орын алған. Келіп, көрем деушілерге мұражай есігі ашық.

Назгүл Қапаева,
облыстық тарихи-өлкетану
мұражайының қор сақтаушысы
Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button