Қоғам

Мұрат Әуезов университеттің құрметті профессоры атанды

Мұрат Әуезов университеттің құрметті профессоры атанды

Дәулет Серікбаев атындағы ШҚМТУ-да ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің ұлы, қоғам қайраткері, ғылым докторы, М.Әуезов қорының президенті, 200-ден астам жарияланымдардың авторы Мұрат Әуезовпен және халықаралық Д.Қонаев қорының басқарма мүшесі Диар Қонаевпен кездесу өтті.
Тек аталған оқу орнының ғана емес, қаладағы бірнеше білім ордасының студенттері жиналған кездесуді ашқан ШҚМТУ-дың ректоры Н.Темірбеков кеш иесінің өмір жолы, шығармашылық кезеңдері туралы баяндады.
– Біз сіздерге дейін Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, сондай үлкен әсермен келіп отырмыз. Онда үздіктердің үздігі білім алады екен. Мені ерекше әсерлендіргені балалардың сұрағы ғана емес, олардың көздеріндегі ұшқын. Мен олардың көздерінен елдің келешегін гүлдендіретіндей керемет жалын көрдім. Мынау Ертіс пен Үлбі сынды екі өзеннің тоғысқан жерінде орналасқан Өскемен соңғы жылдары қалай көркемденіп, сұлулана түссе, жас ұрпақ та еркін ойлы, ерекше саналы болып өсіп келеді екен. Өз басым бұған ерекше тебіреніп, еліміздің ертеңі баянды болатынына сендім, – деді Мұрат Әуезов.
Одан соң кездесудің екінші қонағы Диар Қонаев сөз алып, әңгімесін университет атын иемденіп отырған Дәулет Серікбаев туралы қысқаша деректермен бастады.
– Мен үшін дәл осы оқу орнында болу ерекше құрмет деп есептеймін. Өйткені, менің үлкен апайым Нәйла Қонаева Дәулет ағаның өмірлік жары еді. Яғни, Дәулет аға маған жезде болып келеді. Ол жоғары интеллектілі, өз мүддесінен ел мүддесін биік қоятын, терең ғалым еді. Сіздердің аймақтарыңызбен біздің әулетті байланыстыратын тұстар көп. Менің ерекше ардақ тұтатын немере ағам – Дінмұхаммед Қонаев 1939-1941 жылдары кезіндегі Лениногордағы, қазіргі Риддердегі кен-байыту комбинатын басқарған. Ал Мұхтар ағаға келетін болсақ, қазір оның еңбектерін толық қамтыған кешенді жобаны – жазушының толық академиялық шығармалар жинағын қолға алып жатырмыз. Оның 48-ші томына Шығыс Қазақстанға келген кездегі жолжазбалары және сол 1935 жылы онымен осы аймақты бірге аралаған орыстың белгілі жазушысы А.Соболевтің естеліктері енгізілген. Сондықтан менің туыстарым ғана емес, ел азаматтары болған ағалардың ізі қалған сіздердің өңірлеріңізге мен үлкен ризашылықпен келіп отырмын, – деді Диар Қонаев.
Осылайша ұлылар жайлы, өздерінің шығармашылықтары туралы әңгімелеген Мұрат Мұхтарұлы мен Диар Асқарұлы студенттерді еркін сұхбаттасуға шақырды.
Ел болашағы болатын жастардың сауалдары аз емес екен. Олар әсіресе, «Абай жолы» эпопеясының кеңестік бұра тартудың кесірінен алынып тасталған тұстары жаңадан жарық көрген аттас кітаптарға енгізілген-енгізілмегеніне, ағаларының ел болашағы туралы нендей пайымда екендіктеріне қатысты, тағы басқа да көптеген сұрақтар қойды. Қонақтар кездесуде қойылған Ғалия Тұрысбекқызы бастап келген Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі студенттерінің ойлы һәм салмақты сауалдары өздерін мейлінше қанағаттандырғанын атап өтті.
Кездесу соңында университет ректоры Н.Темірбеков қонақтарға алғысын білдіріп, Мұрат Әуезовті университеттің құрметті профессоры деген атақ берілуімен құттықтап, куәлік тапсырды, Диар Қонаевқа оқу орнының өткен-кеткенін баяндайтын кітапты сыйлады.
Оқу орнының оқытушылары және студенттермен әдемі өрбіген кездесуден соң қонақтар ондағы мұражайды аралап көрді.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button