Мұрат ӘБУҒАЗЫ, күйші: – Репертуарымда бес жүзге тарта күй бар
Шығыста аңыз күйлер молынан сақталған
– Кейінгі кезде Шығыс күйлерін көбірек насихаттап жүрген сияқтысыз. Мұның себебі, Шығыс күйлерінің көп уақыт белгісіз болып келгендігінен болар?
– Шығыс күйлерінің осы уақытқа дейін насихаты аздау болып келді. Сол өңірдің тумасы болғандықтан да, 90-жылдары Алматыдағы Чайковский атындағы колледжге осы жақтың күйлерін тартып келіп түстік. Әкем де тек Шығыс өңірінің күйлерін тартатын. Өзі де біраз күй шығарған адам. Алматыда Шығыс күйлерінің мүлдем жоқ екенін байқадым. Содан алдыма осы күйлерді жарыққа шығарсам, насихаттасам деген мақсат қойдым. Жинақтап, нотаға түсірдім. Жинақтаған күйлерім Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға түскенімде ауқымы кеңейіп, ғылыми еңбекке айнала бастады. Консерваторияны бітірерде «Шығыс күйлері мен Алтай-Тарбағатай күйлері» деген тақырыпта дипломдық жұмыс қорғадым. Кейін де осы өңірдің күйлерін үздіксіз жинақтаумен айналыстым. Соның нәтижесінде 2009 жылы «Шығыстың шыңырау күйлері» деген атпен 100 күйден тұратын жинақ құрастырдым. Оған ерте дәуірдегі күйлерден бастап, XIX-XX ғасырға дейінгі композиторлардың асыл мұраларын кіргіздім.
– Сол сазгерлердің атын айтып өтіңізші?
– Бұл өңірде сақталған күйлердің көбі – аңыз күйлер. Басқа өңірлерде көп кездесе бермейді. Аңыз күй дегеніміз – өте ертеде шыққан, авторы ұмытылып кеткен күйлер. Соның бірі – «Тауқұдірет» күйі. Ертеде Тауқұдірет деген құс болған екен, ұрғашысының сол жағында, еркегінің оң жағында бір-бір-ақ қанат болыпты. Ұша алмай, күндіз-түні тәңірге жалбарынып, шаңқылдап дауыс шығарады екен. Күндердің күнінде екеуінен туған балапанға қос қанат бітіпті. Әлгі балапан аспанға самғап ұшып кеткенде, осының бәріне куә болып жүрген күйшіге «домбыраға да екі ішек тағып көрсем қайтеді?» деген ой келіп, екі ішек жалғап, қағып жібергенде, күмбірлеп қоя берген екен дейді. Оған дейін домбырада бір ғана ішек болған деседі. Содан «Тауқұдірет» күйі дүниеге келген екен.
1986 жылы дүниеден өткен бұрынғы Семей облысы, Ақсуат ауданының тумасы Бағаналы Саятөлековтің орындауындағы осы күйді нотаға түсірдім. Күйдің құрылымы, шынымен де, сол алғашқы күйлердің қатарында. Себебі, екі-үш-ақ нотадан тұрады. Қағысында құстың шаңқылдағанын ғана салады. Одан кейін «Шыңырау» күйі. Астанадағы Бәйтерек аңызы бастауын «Шыңырау» күйінің аңызынан алады. Бәйтерек басына ұя салған шыңырау деген құс туралы екені бәріңізге аян. «Шыңырауда» мифологиялық ұғым жатыр және оған жақсылық пен жамандықтың күресі негіз болған. Сол сияқты «Ақсақ марал», «Самұрықтың зары» да – алғашқы күйлердің бастаулары.
Негізінен, Алтай-Тарбағатай өңірінде аңыз күйлер молынан сақталған. XVII ғасырда Абылай хан заманында өмір сүрген Байжігіт – шертпе күйдің негізін қалаған адам. Бұл күйлер бізге Омар Қаймолдин мен Таласбек Әсемқұловтың орындауында жетіп отыр. Күйдің аңызына мән берсеңіз, оның қай дәуірде шыққанын меңзеп отырады. Өр Алтайда атақты Бейсенбі деген би болған. Сол Бейсенбінің күйлері, Тарбағатай өңірінен Қайрақбайдың, Алтайдан Бәзқалам, Бейісбай, Мүкейдің күйлері жинаққа, оқу бағдарламаларына, жас орындаушылардың байқауларына енді. Енгізген себебім, бұл күйлерді әрі қарай насихаттау керек. Тек кітап етіп шығарып қойғанмен, іс бітпейді. Кітаптағысы – нота ғана. Нота дегеніміз – қаңқасы.
– Сіз «Қазақтың 1000 әні» мен «Қазақтың 1000 күйі» жинақтарының жарыққа шығуына атсалыстыңыз. Біраз дүниелер зерттеліп, нотаға түскен екен. Әлі де зерттелмеген, жарыққа шықпай, кең танылмай жатқан күйлер туралы айтсаңыз.
– Күй өнерін алғаш зерттеп, кеңінен танытқан академик Ахмет Жұбанов екенін білесіздер. Оның негізгі зерттеген еңбегінің ішінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Қазанғап сияқты айтулы 4-5 күйші-сазгер ғана танылды. Көптеген күйлер жарыққа шықпай қалды. Себебі, кеңестік дәуірде концерттік үлгідегі оркестрге түсетін күйлер ғана керек болып, көбінесе ұжымдық өнерге бой ұрды. Әуендік тұрғыдан айшықты күйлерге мән бергендіктен, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей күйлері көп насихатталды. Ал жеке орындауда тартылатын күйлердің көбі жарыққа шықпай, қалыс қалып жатты. Соңғы жылдары зерттеу еңбектердің, ізденістің нәтижесінде көптеген күйші-сазгерлеріміздің күйлері елге танылып жатыр. Мысалы, Қаратау өңірінің күйлері бертінге дейін белгісіз болып келді. Қазір, құдайға шүкір, Сүгірдің күйлері кең танылып, байқауларда орындалып жүр. Алтай-Тарбағатай өңірінің күйлері де көп уақыт белгісіз болып келгені рас. Қайрақбай, Бейсенбі деген күйші-композиторлар арғы бетте, Қытай жағында қалып қойған. Тәуелсіздік алған жылдары, шекара ашылғаннан кейін барып олар бізге жетіп отыр.
Шығыс жағынан Байжігіттің күйлері көп насихатталмаса, Арқада көбінесе Тәттімбеттің күйлері ғана тартылды да, басқа композиторлар танылмады. Кейін барып Тоқа, Әди, Қыздарбектің күйлері жарыққа шықты. Сыр өңірінің күйлері соңғы бес, он жылдықта ғана танылды. Осы тұрғыда соңғы 20 жылда музыкатану саласында зерттеу өнері бойынша жүз жылға татитындай еңбек істелінді деп мақтанышпен айтуға болады. Қазір күй қоржынымызда төрт мың күй бар шығар, бірақ, таспаға басылып, таза күйінде тыңдауға арналған 1000 күйдің жарыққа шығуының өзі біраз қазына.
Домбыраның әуенін скрипкаға қосып, Еуропаны таңғалдыра алмайсыз
– Қазіргі таңда дәстүрлі әндер тәуір насихатталғанымен, күй жағы қалыс қалып келе жатқан секілді. Мәдени шараларда, телеарналардағы мерекелік концерттерде өзіңіз сияқты күйшілерді байқай алмай жүрміз. Өнер додаларына қатысуға уақыт болмай ма, әлде, шақырту алмайсыздар ма?
– Сұрағыңыз орынды. Көбінесе радио-телеарналарда дәстүрлі дегенде әндерді ғана айтамыз да, күйлер қалып қап жатады. Кеңес дәуірінде күй көп насихатталды. Себебі, музыка зерттеушілері, ғалымдарымыз күйге көп мән берді. Ахмет, Құдайберген Жұбановтар, Мұхтар Әуезов «Қазақтың музыка өнерінің шыңы – күй» деген баға берді. Күйді оркестрге түсіріп, консерваторияда алғаш күй класын ашудың өзінде мән бар. Күй философия, симфониямен пара-пар дүние ғой. Қазір дәстүрлі әнді насихаттайды дегенмен, оның өзі де мардымсыз. Бірақ күйге қарағанда, әннің өмір сүруі тоқтай қойған жоқ. Эстрада мен жеңіл-желпі дүниелерге көп бой ұрғандықтан да, күй аздап ығысып жатыр. Тыңдармандар сол жеңіл-желпі дүниеге бейімделіп бара жатыр. Эстрада кеңес үкіметі кезінде де болды ғой. Ол кезде сұрыптап шығаратын. Біз телевидениеге бағдарламалар ұсындық. «Форматқа сыймайды» дейді. Біраз жерде айтамыз деп, аузымыз да күйді. Ұсыныс айтсақ, біз телевидениені жамандап жатқандай қабылдайды. Күйге жанымыз ашып, шыр-пыр болғанымызды қазір түсінер жан табылмай отыр.
– Күйді ДЭККО жанры арқылы әлем тыңдарманының назарына ұсынуға болады деген пікір айтылып жүр. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Өзіңіз ДЭККО жанрында орындауға қалай қарайсыз?
– Күй деген қашан да күй болып қалуы керек. Күйді компьютермен өңдеп, сол өңделген күйді тарту дұрыс емес. Кезінде Қаршыға ағамыз: «күйді жеке орындауда тарта алмайтын адамдар ғана компьютермен өңдеуге жүгінеді» деп айтып еді. ДЭККО-ға күйдің бәрі түсе бермейді, белгілі бір ырғаққа құрылған, шектеулі күйлерді ғана орындауға болады. Оның өзінде құйрық-жалын қысқартып, құнтитып-шұнтитып тастайды. Мысалы, Тәттімбеттің «Саржайлауы» мен Құрманғазының «Төремұратын» ДЭККО-мен өмірі ойнай алмайсыз.
– Ал шертпе күйлерді ДЭККО-ға салуға келе ме?
– Екі де төрт, үш те төрт, бес те сегіз деген ырғақпен жүретін күйлерді салуға болады. Ырғағы ауысатын күйлер бұған келмейді. Егер орындаушы өзі шығарған, осыған икемдеп жазған нәрсе болмаса, күйді ойына келгенше қиып, шолтитып тастауға болмайды деп ойлаймын. Консерватория бітіргенімде «Азия дауысының» продюссері Мұрат Ерғалиев ДЭККО жанрында орындауға ұсыныс жасаған. Әрі ойланып, бері ойланып: «күйді бұған салудың өзі қиянат қой» деген ой келді маған. Тегі, күйді скрипкамен тартып, Еуропаны таңғалдыра алмайсыз. Олар оны керемет бір өнер деп санамайды. Міндетіміз – күй өнерін сақтап қалу. Ол ДЭККО-ға салғанда көркемдігінен жұрдай, даңғыр-дұңғыр дүниеге айналады. Жаппай ДЭККО-ға көшсек, күй жойылып кетуі де мүмкін.
– Сіз белгілі күйші, зерттеушісіз. Репертуарыңызда ұзын-ырғасы қанша күй бар?
– Жаңағы аталып өткен күйшілік дәстүрлердің біразын зерттеп, жарыққа шығаруға тырысқандықтан да болар, репертуарымда дәстүрлі мектептер сазгерлерінің күйлері бар. Барлығын өз деңгейінде, керемет орындаймын деу артық шығар. Дегенмен, адамның жанына жақын күйлер болады. Алтай-Тарбағатай күйлері, Тәттімбеттің, Сүгір бабамыздың, Сыр өңіріндегі Мырзаның күйлері, Қазанғаптың күйлері, ұзын-ырғасы 400-500 күй бар.
Әкем Қазен алғашқы туындысын 50 жасында шығарыпты
– Сахнаға алып шығуға жүрексінетін, орындалуы қиын күйлер бола ма?
– Күрделі күйлердің қатарында Құрманғазының «Төремұраты» мен «Жігерін» айтуға болады. Төкпе күй жанрында одан асып түсер аса күрделі күйлер жоқ. Тәттімбеттің «Саржайлауы» мен «Көкейкесті» сияқты күрделі күйлері бар. Кәсіби түрде айналысқаннан кейін бәрін тартамыз ғой.
– Әкеңіз күйші екен. Шығарған күйлерінің біразы жинаққа еніпті. Ал өзіңіз күй шығармадыңыз ба?
– Иә, әкемнің қырыққа тарта күйі бар. «Қазақтың 1000 күйі», «Мәңгілік сарын», «Шығыстың шыңырау күйлері» таспаларына он шақты күйі енген. Күйшілік өнерді қапысыз меңгергенмен, зерттеп, құрылымын, нотасын білгеннің бәрі күй шығара береді дегенге қосылмаймын. Алдағы уақытта көрерміз. Ал әкем бірінші күйін 50 жасында шығарған.
– Қазір зерттеуші ретінде қарасаңыз, әкеңіздің күйлерінің сапасы мен орындаушылығы қандай деңгейде дер едіңіз?
– Ол кісі – ескі заманнан келе жатқан күйшілердің жалғасы. Оқымаған, нота білмейді. Олар далалық мектепті көрген, таза табиғи күйшілер ғой. Ал далалық мектептер болмаса, Құрманғазы, Тәттімбет қайдан шықты? Әкемнің күйлерінің құрылымы, шертілу мәнері Алтай-Тарбағатай күйлеріне келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ақжан Жәутікова