Өмір сапасын жақсартуда алдамыз

Облыс орталығында БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) гендерлік призма арқылы жүзеге асыруды талқылаған конференция өтті.Онда Шығыс Қазақстанның аталмыш мақсаттарды жүзеге асыруда көшбасшылардың бірі екені айтылды.
Жиынның маңыздылығын оған қатысқан спикерлердің сөзінен аңғаруға болады. Олардың арасында Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко, гендерлік экономика мәселелері жөніндегі халықаралық сарапшы Әлия Ильясова, «БҰҰ-әйелдер» құрылымының өкілі Салтанат Мұстафина бар.
2015 жылы Қазақстан БҰҰ-на мүше мемлекет ретінде 2030 жылға дейінгі глобальды күн тәртібін және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге міндеттеме алған болатын. ТДМ адам өмірінің әлеуметтік, экономикалық, саяси, экологиялық салаларында тұрақты өркендеуге қолдау көрсетуге бағытталған. Тұрақты даму мақсаттарының кедейлікті, ашаршылықты жою, жақсы денсаулық, сапалы білім, гендерлік теңдік, лайықты жұмыс пен экономикалық табыс сияқты барлығы он жеті түрі айқындалған. Әрбір мақсатты орындауда гендерлік теңдік пен әйелдердің мүмкіндіктері мен құқықтарын кеңейтуге аса мән берілуге тиіс.
Шығыс Қазақстан әлеуметтік-экономикалық дамудың адамның өмір сапасын жақсарту үшін өте маңызды бағыттарында көшбасшылардың бірі болып табылады.
Елімізде отбасылық-гендерлік саясаттың тұжырымдамасы мен әр салада қойылған мақсаттарды жүзеге асырудың индикаторлары қабылданған болатын.
– Өңірде денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалған, Аягөз бен Алтай қаласында инсульт орталықтары ашылды, дәрігерлер жыл сайын шетелде біліктіліктерін жетілдіруде. Білім саласында үштілділік, IT-технологиялар мен робот техникасы енгізілді. Мұғалімдердің білімін ұштауға да көп көңіл бөлінген, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Әсем Нүсіпова сондай-ақ әр аймақтың өз ерекшелігі болатындығын, сол себепті тұрақты даму мақсаттарын шоғырландыру жөнінде де айтты. Бұл тұрғыда жергілікті деңгейде маңызды бағыттарды айқындап алып, оны жоспарда бекіту және ұлттық деңгеймен салыстыра отырып, үнемі бақылауда ұстау қажеттігіне тоқталды.
Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегіҰлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко Шығыс Қазақстанның барлық позициялар бойынша елімізде алтыншы орында тұрғанын айтты.
– Әйелдердің кәсіпкерлігі мен бизнесіне қолдау қажет. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әйелдердің 44%-ы орта және шағын бизнесті басқарады. Репродуктивті денсаулықтың маңызы зор. Ана мен бала өлімінің көрсеткішін төмендету қажет. Адам өмірінің ұзақтығы да көңіл аударатын мәселе. Өкінішке қарай, бізде әйелдер мен ер адамдардың өмір сүру жасындағы айырмашылық тоғыз жылды құрайды. Жоғарыда айтылған мақсаттар облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының аймақтық бағдарламаларында көрініс табулары керек, – деді Елена Тарасенко.
Тағы бір маңызды бағыттың бірі – үй тұрмысындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу. «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заң 2009 жылы қабылданған-ды. Қазіргі таңда қиын жағдайға тап болған жандарға көмек беретін дағдарыс орталықтары ашылған. Бұл жерде жапа шеккендерге әдістемелік, психологиялық және құқықтық кеңестер беріліп, қолдау көрсетіледі. Еліміз бойынша 28 осындай орталық болса, облыста екі қалада: Өскемен мен Семейде ғана жұмыс істейді. Сарапшылардың деректері бойынша, Қазақстанда жылына 400-ден астам әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болады. Жергілікті құқық органдарының қызметкерлері жыл сайын өңірде қыз-келіншектерге қарсы үш жарым мыңнан астам қылмыс жасалатынын жасырмайды.
-Тұрмыстық әлімжеттікке тап болатындар негізінен әйелдер мен балалар, мүмкіндігі шектеулі жандар. Біздің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға арналған жобамыз бар. Тегін психологиялық және құқықтық кеңестер береміз. Қазіргі уақытта өңірде 200-дей адамға қызмет көрсеттік, – дейді «Құқықтық ынтымақтастықтың қазақстандық халықаралық қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Қуат Рахымбердин.
Айна Ескенқызы