Руханият

Өмірі өлеңмен өрнектелген

Өмірі өлеңмен өрнектелген


ХХ ғасырдың алпысыншы жылдары ұлттық әдебиетімізге асау тайларының ауыздығын қағыстыра, құйысқанын соғыстыра үркердей болып бір топ ақын қосылған еді. Қазақ әдебиетін дүр сілкіндірген, әлеуметті елең еткізген бұл топ әдебиетімізге, әсіресе 60-шы жылдардың басында жаңа бүр жарған жауқазын поэзиямызға соны леп, жаңа үн, өзгеше өрнек, жаңа бір бетбұрыс әкелгендей болды. Солардың бірі – алыстағы ағайын, қандас бауыр, ақын Имашқан Байбатырұлы еді. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Имашқан Байбатырұлы тірі жүрсе, биыл 80 жасқа толар еді.

Өмірі өлеңмен өрнектелген

Ақын 1938 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Қызылтөбе деген жерде дүниеге келді. 1959 жылы орта мектепті бітіріп, жүрек қалауымен Қазақстанға келеді де, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институттың тарих, тіл және әдебиет факультетіне оқуға түсіп, оны үздік бітіреді.

1964-1982 жылдар аралығында Моңғолия Жазушылар одағының қазақ бөлімшесін басқарып, сол жерде шығатын «Шұғыла» журналының редакторы, 1982-1988 жылдары Моңғолия Министрлер Кеңесі жанындағы цензураның аймақтық өкіл редакторы, 1989-1991 жылдары Мемлекеттік оқулықтар редакциясының Бас редакторы, 1991-1992 жылдары мектепте мұғалім болып қызметтер атқарады. 1992 жылы жазда атамекенге ат басын бұрғаннан кейін, Имекең сол кездегі Мақаншы аудандық «Ақжол» газетінің редакциясында, аудандық оқу бөлімінде түрлі қызметтер істеп, өмірінің соңына дейін қаламын қолынан тастамай, егемен еліміздің болмысы мен болашағын жырға қосып өтті.

Имашқанның қаламынан туған «Ұстазыма», «Телқоңыр», «Аққу әні», «Атыңнан айналайын», «Ғашық көзбен қарасам», «Өткелсіз өзен», «Жүректегі толқындар», «Жыр қарлығаштары» сияқты жыр жинақтарының оны қазақ тілінде, үшеуі моңғол тілінде жарыққа шықты. Драматургия саласындағы бес пьесасы, «Керім-ау айдай» операсы еліміздің сахна сәніне айналған шығармалар қатарын толықтырды. Оның шығармалары орыс, бурят, болғар, серб, венгр және алтай тілдеріне аударылып, әлемнің түкпір-түкпіріне таралды.

Имашқан Байбатырұлы 1970 жылы Моңғолия Жазушылар одағының мүшелігіне өтіп, одақ сыйлығына ие болды. 1989 жылы Моңғолияның жоғары дәрежелі «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталды. Елге келгеннен кейін де Имашқанның қаламы қолынан түскен жоқ. Оның «Өрт шалған жүрек» атты жыр жинағы оқырман жүрегінен орын тауып, өз бағасын алды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне өтті. Өкінішке қарай, жанын жайлаған дерт Имашқанды өмірден 62 жасында алып кетті.

Имашқан – лирик ақын. Жазған өлеңдерінде поэтикалық өрелі ой өрнекті образбен бейнеленіп, нәзік те сыршыл сезіммен ұштасып жатады. Ақынның соңғы шыққан «Қызылтөбе» атты жыр жинағы – соның дәлелі. Имашқанның өресі кең, тақырып аясы аса бай шығармаларында Отан, туған жер, жастық өмір мен махаббат, еңбекке деген құштарлық үнемі көрініс тауып, сараланып тұрады. Алайда осының бәрінің тоғысар арнасы біреу ғана. Ол – қоғам, өмір, адам. Имашқанның атажұртта туған бір-екі өлеңін ұсынып отырмыз.

Әбен Разуев,
Ә.Найманбайұлы мұражайының
бөлім жетекшісі

Өмірі өлеңмен өрнектелген

Ұмытпаңдар мені де…

Ұмытпаңдар келетін тұнық таңдар,
Сыр ұққандар шындықты құрықтаңдар.
Қайнап шыққан жанымнан жырларыма,
Құныққандар, жүректе құлыптаңдар.

Бөгелмеген егіндей өнер деп ем,
Көгермеген жан болдық өнерменен.
Мен кетермін өлмеске, үнім қалар,
Өнер деген ойым жоқ өлер деген.

Бес тағым бар, мейлі, кеш таныңдар,
Бесті арындар! Салмақпен еске алыңдар.
Жақтырмайтын біздерді жан еді деп,
Мес қарындар, сендер де еске алыңдар!

Тұнық таңдар! Балымнан ұрыттаңдар,
Сұрыптаңдар, қаншама былықпам бар.
Таразыға тартыңдар ақыл дейтін,
Ұмытпаңдар, әйтеуір, ұмытпаңдар!

Имашқан Байбатырұлы

Осы айдарда

Back to top button