Мөп-мөлдір мұң (қаз қалпында)
Ата бүгін де жұмысынан шыға сала ауруханаға қарай құстай ұшты. Жол қысқартқысы келіп автобус ауыстырып мініп еді, онысы тағы да бекер болды – сол кешегі уақытта жетті. Қалаға шытынап ымырт шөккен. Терістен қызыл есіп, шыңылтыр аяз бет қарыған ызғырыққа ұласқан. Немересі жатқан палатаның терезесіне бірден жақындамай, әуелі бас бағып анадайдан мойнын созды. Көріп қалса, тағы да жылап жібере ме дегені. Ал ол жыласа, өзін тоқтата алмасын жақсы біледі. Онсыз да өндіршегіне тобықтай түйін тығылып, көңілі өрекпіп әзер тұр. Оң жақтағы төсектің үстінде бала құшақтаған кешегі мосқалдау әйел, сол жақтағыда – орыстың бес-алты жасар екі қызы отыр. Бәрінің жүзі салыңқы, жабырқау. Немересі көзіне түсе қоймады. «Апыр-ау… апыр-ау…». Дімкәстау жүрегі салған жерден бұлқынып, шекесі шыңылдап кетті. Кейін шегініп, бір биіктеу бұдырға шығып еді, табаны тайып кетіп, ұшып түсті. Сосын іргетастың алақандай ернеуіне аяқ ұшын іліндірді де қабырғаға жабысып, жартылай қырау басқан терезеден бөлме ішіне қарай ұмсынды. «Е, алтыным, жанторғайым, бар екен ғой, төсегінде екен ғой!..».
«Жанторғайы» аяқтарын бауырына алып, теріс қарап, бүк түсіп жатыр екен. Үш күн бұрын ыстығы көтеріліп, «жедел жәрдеммен» әкелінген (өзі қоса келген) екі жасар немересінің дәл осылайша бір-ақ уыс боп жатқанын бірінші көруі. «Құдай-ау, шөкімдей-ақ боп қалған ба өзі?!.». Тынысы тарылып, кеңсірігі ашығандай болды. Терезені қағып, шақырғысы келді де, қолын тартып ала қойды.«Ұйықтап жатқан шығар, мазаламай-ақ қояйыншы» деді іштей.
Бұл жүрексінуінің себебі де жоқ емес болатын…
«Аузы күйген үрлеп ішеді» деген, алдыңғы күні де келе сап бірден ішке үңілген. Үлкен кісіні ес көретін болу керек, немересі қазақ апаның қатарында қалтиып отыр екен. Терезені тықылдатып еді, төртеуі де елең ете қалды. Ересектеу қыздар алдымен жетті де, келіп тұрған бейтаныс адам болған соң шегініп кетті. Ал немересі атасын көрген бойда ағыл-тегіл болды. Тырмысып терезе алдына көтерілді. Құйтақандай алақандарымен сұп-суық әйнекке жабысып алып, пора-порасы шықты. Атасын құшақтағысы келеді. «Ата, мені алып кетші!» дейді. «Көтенім ауырды!» дейді көз жасын көлдетіп. Оны көріп атасы да су тиген бордай божырасын. Бет-аузы бойра-ботқа. «Айналайын, тәттім менің, құлыным менің, жыламашы, бір-екі күн шыдашы, өзім келіп шығарып аламын!» деп буланған кір шыныны бұл да сүйе берген.
Осы бір жан сыздатар зілмауыр мезеттің қаншаға созылғанын кім білсін, бір кезде палатаның қарсы жақтағы есігінен медбике кірген. Ол кірген бойда дода-дода боп тұрған қарғадай қызды бір қолынан көтеріп апарып төсегіне жатқызды да, лыпасын сыпырып жіберіп, қолындағы алмас инені сүңгіте салғаны. Бала шар ете түскенде біреу мұны құлақ-шекеден періп жібергендей болған. Қолқасы атқып аузынан шығып кете жаздаған. Немересі жастығын умаждап құшақтаған күйі орнынан тұра алмай қалған. Солқылдап жатқанын бүлк-бүлк еткен алақандай арқасынан аңғарған. Ол іште ауырсынып жылап жатты, бұл сыртта ебіл-себілі шығып езіліп тұрды…
***
Сол көрініс, сол ине ата көңілінде қадалған күйі қалып қойды. Міне, үш күн болды осы терезеге жақындауға бата алмай-ақ жүр. Жақындай бастаса-ақ қылтасы қалтырап, еріндері ерік бермей өзінен-өзі кемсеңдеп кетеді. Балаларына келген біреу-міреу байқап қала ма деп ыңғайсызданып та қояды. «Екі күннен бері атам неге келмеді?» деп өкпелеп жатыр ма екен, жұпарым!». Терезені шертіп, бері шақырғысы келеді. Бірақ жарыққа жақындай берсе болды, көңілінің боз іңгені боздап қоя береді. Жаратылысының осыншама болбыр, мәнжу екенін енді білді. Япыр-ау, өз балаларына мұндай болжыр емес сияқты еді ғой! «Не болса да шақырайын» деп терезе жиегіне қол созуға оқталды да, «әй, ұйқысын бұзбайыншы, біраз күте тұрайыншы» деп ол райынан лезде қайтып қалды. Аяқтарында жан жоқ екенін, қолдарының да илікпей қатып қалғанын енді білді. Жон-арқа мүлде сірескен. Өзін «жарайды, ертең келермін» деп жұбатқан болды. Палата терезесіне жәудірей бір қарап алды да, бүкшиген күйі қараңғылық қойнына кіре берді. Аялдамаға дейін жылап барды. Қабарып кеткен бет-аузын жеңімен сүйкей сүртіп, келген көліктердің біріне отыра салды…
***
… Атасы ертеңінде осы уақытта балалар бөлімшесіне іргелес салынған ересектер ауруханасында жатты. Көкірегі сырылдап, ауық-ауық «жанторғайым, жұпарым, құлыным!» деп, «жүр, үйге кеттік!» деп сандырақтап жатты.
Екі өкпенің бірдей қабынуы қалақтай қара шалды дәрі сасыған темір төсекке сол түні-ақ алып ұрған…
Ал немересінің көзі де, көңілі де – тершең терезеде. Бірдеңе тысыр етсе, сол жаққа жалт қарайды. Атасын іздейді. Оның келмей кеткеніне өкпесі қара қазандай. Күнде кешкісін маңдайынан құшырлана иіскеп, құшақтап отырып ұйықтататын, күнде таңертең табандарынан сүйіп оятатын; өзі дегенде өзегін жұлып беруге дайын адамының өзге дүниеге аттанып кеткенін, енді оны ешқашан көре алмасын; сөйтіп, Ата бейненің мұнарлы мұңға айналарын қайдан білсін…
***
Атасы немересіне деген бүкіл жан жылуы мен мейірім-шапағатын өзімен бірге сұп-суық, қап-қараңғы жер қойнына ала кетті…
Немересі атасына деген сағынышы мен мөп-мөлдір сәби сезімін кіп-кішкентай періште жүрегінде мәңгіге сақтап қалды…
Жұмағазы Игісін
Суретті салған – Мерей Қайнаров