Мораторий бизнесті алаңсыз жүргізуге мүмкіндік береді
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ биылғы 2 сәуірден бастап 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпкерліктің көптеген түрлеріне тексеру жүргізуге мораторий жариялады және бизнеске кең өріс ашу жөнінде Үкіметке нақты тапсырмалар беруі шығысқазақстандық кәсіпкерлердің кең қолдауына ие болып отыр.
Қаныбек ӨТКЕЛБАЕВ, «АДАЛ» ЖШС-нің басшысы, Семей:
– Кәсіпкерлер тексерулерді азайтатын бір шараның қолдануын көптен бері күтіп жүрген. Мораторий шағын және орта бизнестің дамуына серпін беретіні, жеңілдік болатыны белгілі. Мемлекет басшысының бұл шешімін біз қуана құптаймыз.
Мамандар айтуы мүмкін, егер тиісті орындар тарапынан тексеру жүргізілмесе өнім сапасы төмендейді деп. Бірақ онымен келісуге болмайды, себебі әрбір өндіруші өзінің тауарын өткізуге мүдделі. Ал қазір тұтынушыларға таңдау көп, олар сапасыз, татымайтын тауарды алмайды. Сондықтан өндірушілер өз өнімдерінің өтімді, сапасы мен бағасы сұранысқа сай келуін, яғни, тексерусіз-ақ тиісті талаптардың бұзылмауын қатаң қадағалайды.
Виктор ИСАБАЕВ, «Жарма Құрылыс Газ» ЖШС-нің директоры:
– Мемлекет басшысы жариялаған мораторий дер кезінде қабылданған шешім. Өйткені, ұлттық валютамыздың бағамы өзгерген қазіргі уақытта мұндай қадамдарға бару елдегі бизнесті дамытуға жасалған қолдау-көмек деп түсінуіміз керек. Жалпы, тиісті орындар тарапынан жүргізілетін дүркін-дүркін тексерулер кәсіпкерлердің көңілін қалыптасқан жұмыс ырғағынан бөліп, қосымша жүктеме артатыны белгілі. Биылғы 2-сәуірден бастап күшіне енетін мораторий біздерді осы жүктемелерден жыл соңына дейін босататыны қуантады. Әрине, тәуелсіздік алған 20 жылдан астам уақытта елімізде бизнес саласы өркендеп, көптеген фирмалар өздерін жақсы қырынан көрсетіп үлгерді. Аяқтарынан нық тұрып кеткен олар үшін тексерулер соншалық кедергі бола қоймас. Алайда мораторий ғана емес, жалпы кейінгі кезде мемлекеттік саясаттың шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай туғызуға бағытталуы өте құптарлық жайт.
Нұрбол БЕКЕТ, «Есхат» шаруа қожалығының басшысы, Зайсан ауданы:
– Бұл туралы мен теледидардан естіп, қуанып қалдым. Елбасымыздың жүргізген саясаты мен мемлекеттің біз секілді қарапайым шаруаға көрсеткен қолдауының арқасында бүгінде ауыл шаруашылығы бизнесінің деңгейі өсе түсуде. Президент жариялаған мораторий да кәсіпкерлікке деген қамқорлықтың бірі. Демек шаруалар үшін артық-ауысқа алаңдамай, тексеруші өкілдердің әуре-сарсаңынан бір сәт құтылып, өз ісіне білек сыбанып кірісуге зор мүмкіндік тумақ.
Марат КАСИМОВ, «Фархат» ЖШС-нің басшысы, Өскемен:
– Шындығын айтсақ, мемлекет кәсіппен айналысқысы келген адамға барлық жағдайды жасап отыр. Жақында Елбасы тексерулерге тосқауыл қою мәселесін көтерді. Кәсіпкерлікті қолдауды мақсат еткен бұл шешімнің пайдасы көп. Себебі, жиі-жиі болатын тексерулер біздің алтын уақытымызды алып қана қоймай, жүйкені жұқартады, күтпеген қиындықтар туғызады. Ендігі жерде кәсіпкерлер тексеруге шығындалған уақыттарын бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға жұмсайтын болады.
Реті келгенде тағы бір нәрсе айта кетейін. Жалпы, біз сияқты нан және тоқаш өнімдерін өндіретіндер бүгінгідей қымбатшылық кезінде тауарларын қолжетімді бағада ұсынып, тұтынушылардың мүмкіндігіне қарай әрекет етуде. Бірақ көп жағдайда ол туралы жұртшылық біле бермейді, ақпарат құралдарында көп айтылмайды. Келешекте осы жағын ескерсе деген тілек бар.