ТОП

Мониторингтік топтар бағаны бақылайды

Ержан Әбіш

Облыста әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында мониторинг жүргізілетін болады. Бұл туралы Nur Otan партиясы облыстық филиалының жанындағы өңірлік даму жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында айтылды.

Партияның кезектен тыс ХХІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партия мүшелеріне жаңа тапсырмалар жүктеген еді. Президент өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге партияның жан-жақты қатысуы қажеттігін ескерткен. Ал азық-түлік бағасын ауыздықтау – сондай проблеманың бірі.

Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы, аймақ басшысы Даниал Ахметов партияға әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын бақылауды тапсырды.

– Біздің мақсат – аталған санаттағы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу. Бірінші кезең – мониторинг топтарын құру. Партия өкілдерімен бірге осы мәселеге қызығушылық танытқан басқа да адамдарды тартамыз. Мониторинг апта сайын жүреді, осылайша, баға динамикасын көретін боламыз. Бүгінгі таңда 257 мониторинг тобы құрылған, олар облыстағы сауда нысандарын тексеруде, – деп атап өтті Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Олег Чугунков.

Сауда қызметін реттеу туралы заңның 9-шы бабына сәйкес сауда субъектiлерi тауар бағасын өз бетінше белгілейді. Алайда сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына өндірушінің босату бағасының немесе көтерме сауда арқылы берушінің сатып алу бағасының 15 пайызынан аспайтын үстеме қосуы тиіс.

Үстеме 15 пайыздан асса, сатып алушы тауардың ілеспе құжатын, сөредегі тауар бағасын, сауда нысанының атауын фотосуретке түсіріп, осы ақпаратпен жергілікті әкімдікке шағымдана алады.

Үкіметтің 2010 жылдың 1 наурызында шыққан №145 қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызға ие тауарлар тізіміне бірінші сортты ұн, бірінші сортты ұннан жасалған нан, рожки, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты жұмыртқа, тұз, сүзбе енеді. Аталмыш тауарлардың тек үшеуі ғана облыс аумағында өндірілмейді. Олар – қант, тұз және күріш.

Осы айдарда

Back to top button