Қоғам

Монет сарайымен, теңгенің тарихымен танысты

Монет сарайымен, теңгенің тарихымен танысты


Ұлттық банктің облыстық филиалы және Өскемендегі монет сарайы Тәуелсіздіктің айшықты символына айналған төл теңгеге арнап көрме өткізді.
1993 жылдың 15-қарашасынан- Ұлттық валютаның айналымға енгізілген күнінен бастап оның бүгінгі уақытқа дейінгі тарихынан сыр шертетін көрмені ЖОО студенттері, мектеп оқушылары тамашалады.

Ұлттық банк қызметкерлері мен монет сарайы өкілдері көрмеге келгендерге әлемдік дағдарысқа лайықты төтеп беріп, мызғымас қуатын дәлелдеп келе жатқан теңгеміздің бүгінде экономикамыздың тірегіне, тірлігіміздің күретамырына айналғанын әңгімелеп берді.

Көрмеге келген жастар сондай-ақ, арнайы әзірленген фильмнен теңгенің фабрикадағы жасалу технологиясы, қорғаныш белгілері, купюралардың жасырын белгілері сияқты оның өзіндік құпияларымен, Ұлттық банктің Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап ұсынғалы отырған еліміздің дамуына Президенттің қосқан үлесін бейнелейтін мерейтойлық банкнотымен, Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған естелік монеталарымен танысты.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған естелік монеталар өзіміздің Өскемендегі монет сарайында Ұлттық банктің тапсырысымен жасалынып шығарылмақ. Монет сарайы мамандарының айтуынша, күмістен жасалатын мерейтойлық монетаның бағасы 15 мың теңге көлемінде болмақ көрінеді. Банкноттың да, монетаның да тиражы шектеулі.

– Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған монеталардың сапасы да, сәні де ерекше болатынын айтқымыз келеді. 2006 жылы біздің монет сарайында «Ғарыш» сериясымен жергілікті өнімдер- тантал мен күмістен жасалған 14 түсті біріктірген монеталар жасалып шығарылған еді. Ортасында тантал, шеті күміспен көмкерілген мұндай монета дүниежүзінде ең бірінші рет біздің монет сарайында жасалды, – дейді монет сарайының Тәуелсіздігіміздің нышаны-төл теңгенің, теңге монеталарының сапасын көтеруге, тартымдылығын арттыруға баса мән беретінін айтқан монет сарайының қызметкері Игорь Гарифуллин.

Монет сарайымен, теңгенің тарихымен танысты

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button