Қоғам

«Мобильді құлдықтан» құтылдық, ендігі таңдау әркімнің өзінде…

«Мобильді құлдықтан» құтылдық, ендігі таңдау әркімнің өзінде...

Елімізде жаңа жылдан бастап «мобильді құлдық» жойылды. Енді қазақстандықтар қалта телефондарының нөмірін өзгертпей-ақ, ұялы байланыс операторларын ауыстыру мүмкіндігіне ие болады. Бұл Елбасы қол қойған «Ақпараттандыру туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты мүмкін болып отыр.

MNP деген не?

«Мобильді құлдықтан» құтылдық, ендігі таңдау әркімнің өзінде...

Жалпы, әңгімені бастамас бұрын «мобильді құлдық» сөзінің мағынасына тоқталсақ. Бүгінде әлемнің көптеген елінде табысты қолданылып келетін бұл технология халықаралық тілде MNP (Mobile Number Portability) деп аталады. MNP деген – адамның өзінің он санды нөмірін, соның ішінде DEF-кодын (701, 777 және тағы басқаларды) толықтай сақтай отырып, ұялы операторын ауыстыруды білдіреді. Сондықтан бұл қызметтің ендірілуін «мобильді құлдықтың» жойылуы деп атайды.
Бұл технологияның енгізілуі біздің қоғам үшін де үлкен жаңалық болғаны рас. Осыған дейін еліміздегі көптеген абонент өз операторының қызметіне, не бағасына көңілі толмағанымен, оның ұсыныстарына амалсыз көндігіп, байланыс сапасындағы, тарифтер мен интернет қызметіндегі олқылықтарға көз жұмуға мәжбүр болатын. Себебі, басқа операторға көшу үшін адамның мобильді нөмірін ауыстырудан басқа амалы жоқ-тын. Ал жылдар бойы пайдаланып келген нөмірден кім бас тартқысы келеді дейсіз?!.
Ал енді жағдай түбегейлі өзгерді. Қарапайым тілмен айтсақ, мәселен, «Beeline» ұялы байланыс операторының қызметін пайдаланып жүрген бір адам «Kсell» операторына ауысқысы келді дерлік, онда оған басқа SIM-карта сатып алудың қажеті болмайды, сол нөмірімен-ақ жаңа қызметке тегін ауысуға жол ашылады. Яғни, оның өтініш беріп, нөмірін ауыстырмастан-ақ кез келген компанияға, кез келген байланыс түріне көшуіне болады. «Мобильдік тәуелділіктен» құтылу қағидатының өзегі осы болар.

Бұл не үшін қажет?

«Мобильді құлдықтан» құтылдық, ендігі таңдау әркімнің өзінде...

Негізі тарихқа көз жүгіртсек, MNP қызметін алғаш рет 1995 жылы Гонконг іске қосып, артынша бұл үрдісті Сингапур елі жалғастырған. Қазіргі кезде MNP технологиясын жаһанның 100-ге таяу елі қолдануда. Бұл жүйенің қаншалықты тиімді екенін осы елдердің тәжірибесіне қарап-ақ аңғаруға болады. Мысалға алсақ, Түркия аталған технологияны енгізгенге дейін мобильді қызмет тарифі қымбат елдердің бірінен саналатын. Ал бүгінде ол ұялы байланыс құны ең арзан мемлекеттердің біріне айналды. Яғни, MNP жүйесіне көшкеннен кейін байланыс сапасы жақсарып қана қоймай, оның бағасы да айтарлықтай төмендейді деген сөз. Отандық мамандардың да айтқаны осыған саяды.
Бұған дәлел ретінде еліміздің Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешевтің сөзін келтіруге болады.
– Интернет-коммуникация және байланыс саласының дамуы соңғы кездегі елді сандық технологиялармен қамтамасыз ету жұмыстары жағдайында үлкен маңызға ие болуда. Біз интерконнект пен тариф құнын бес есеге төмен түсірдік. 2016 жылдың 1 қаңтарынан тариф бағасы тағы 36 пайызға төмен түсті. Еліміздегі тарифтер ең төмен тарифтердің бірі болады деп ойлаймыз. Біз оған үлкен мән беріп отырмыз. Бұл – басым мақсаттарымыздың бірі, – деген болатын министр.
Демек, алдағы уақытта Қазақстандағы ұялы байланыс операторларының баға саясатында да оң өзгерістер болатыны ақиқат.
Сондай операторлардың бірі «Altel» компаниясы бүгінде «мобильдік құлдықтан» құтылудың жемісін көре бастады. Еліміз жаңа жүйеге көшкелі бері Қазақстандағы жалғыз ұлттық ұялы байланыс операторы саналатын аталмыш компанияның айы оңынан туды деуге болады. Себебі, бұған дейін ол «Beeline», «Kсell» және «Tele 2» тәрізді алпауыт шетелдік компаниялардың көлеңкесінде қалып келген еді. Мәселен, 2015 жылдың күзінде жасалған зерттеу қорытындылары бойынша қазақстандық оператордың ел нарығындағы үлесі бар болғаны 11 пайызды құраған. Ал енді жағдай оңалып келеді. «Altel» компаниясының Шығыс Қазақстандағы филиалының директоры Олег Дьяченконың айтуынша, елімізде «Altel» қызметіне күнделікті шамамен мыңға жуық өзге ұялы байланыс операторларының абоненті өтеді екен.
– Адамдар неге бізді таңдауда? Бұл ең алдымен тұтынушыларымызға ұсынатын қызмет түрлеріне байланысты деп ойлаймын. Себебі, біздің компания – Қазақстан аумағында 4G интернет қызметін ұсынатын бірден-бір оператор. 4G – бұл мәліметтерді алдынғы технологиялардың жылдамдығынан ондаған есе артық жылдамдықпен жіберуге мүмкіндік беретін жаңа жүйе. Біздің компания ұсынатын LTE желісіндегі интернеттің ең жоғары жылдамдығы секундына 100 мегабитке дейін жетеді. Салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, өзге операторлардағы 3G интернеттің жылдамдығы ары кеткенде 20 мегабитті құрайды, – дейді ол.
Есесіне, «Altel» компаниясы өзге байланыс операторларынан қызмет көрсету ауқымы жағынан айтарлықтай артта қалып келеді әзірге. Әсіресе, аталмыш байланыс түрімен шалғайдағы ауыл-аймақтардың қамтылу жағы ақсап тұр. Алайда, компанияда түсіндіргендей, бұл бағытта да тиісті шаруалар қолға алыныпты.
Олег Дьяченконың айтуынша, қазір ұлттық оператор «Altel» ұялы байланысымен бірінші кезекте облыстың ірі елді мекендерін қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде Риддер, Зырян, Серебрянка қалалары мен Глубокое, Белоусовка сияқты ірі елді мекендер аталмыш ұялы байланысқа қосылған.
– Жыл соңына дейін барлық аудан орталығында «Altel» қызметі пайда болады деп сеніммен айта аламыз. Ал 2020 жылға дейін бүкіл облысты біздің байланыспен қамту жоспарда бар, – дейді О.Дьяченко.

Нарықтағы жағдай қалай?

Елімізде MNP технологиясының енгізілгеніне бір ай ғана болса да, осы уақыт ішінде 31 мыңнан астам қазақстандық ұялы байланыс операторын ауыстыруға ниет білдірген екен. Алғашқы күндері қалыптасқан тенденция әлі күнге дейін сақталып келеді.
Жоғарыда айтқанымыздай, жаңа жүйенің енгізілуінен Қазақстан аумағында қызмет көрсететін төрт ұялы байланыс операторының ішінде бәрінен бұрын «Altel» ұтып тұр. Бұл ұялы байланыс түріне ауысқысы келгендер саны 13 мыңға таяпты. Ал екінші және үшінші орындарда «Теlе 2» және «Билайн» қызметтері келеді. Бұл жерде «Теlе 2» операторына көшкісі келгендердің қатары одан кеткісі келетіндерден екі есеге (6 255 келуші мен 3 410 кетуші) көп болса, «Билайндағы» жағдай сәл өзгерек екенін айту керек. Бұл оператордан кетуге ниет білдіргендердің үлесі келушелерге қарағанда басымырақ (5 267 кетуші мен 4 691 келуші).
Ал ең көп абонент жоғалтқан ұялы байланыс операторы болып «Kcell» танылды. Бүгінде аталмыш швед-түрік компаниясынан кеткендер саны 12 мыңнан асып жығылады.
Осы орайда, бір ұялы байланыс операторынан екіншісіне ауысқан абоненттің бірін сөзге тартқан едік. Студент Нұрбол Ыбыраев бұған дейін «Kcell» операторының қызметін қолданып келген, екі-үш күн бұрын «Altel» байланысына көшкен екен.
– Шыны керек, «Altel» операторына бұрыннан көшкім келіп жүрген. Бірақ сол нөмір ауыстыру жағы проблема болып келді. Мен бұл нөмірді қолданғаныма жеті жыл болды. Жақындарымның, туыс-таныстарым мен жолдастарымның білетін нөмірі осы. Ал «Altel» операторына ауысқан жағдайда жаңа «симка» алу керек болатынын ойлап, бұрынғы байланыстарымды жоғалтып алуға қорықтым. Ал мына жүйенің енгізілуі бұл мәселені бір-ақ күннің ішінде шешуге көмектесті. Қазір жаңа байланыс операторының қызметіне де, байланыс сапасы мен интернет жылдамдығына да көңілім толады. Қарап отырсам, тариф те сол бұрынғыдай, – дейді жас жігіт.
Негізі мобильді байланыс операторын ауыстыру үшін көшкіңіз келетін оператордың қызмет көрсету орталығына барып өтініш жазып, жаңа SIM-карта аласыз. Содан кейін қызмет көрсету орталығы бұрынғы операторыңызға хабарлама жіберіп, шамамен бес сағаттың ішінде жаңа операторға ауыстырып береді.
Бір сөзбен айтқанда, бәрі жақсы, бәрі тамаша. Дегенмен, MNP жүйесінің еріксіз сұрақ туғызатын жақтары да бар екенін де айтпай кетуге болмайды. Соның ішіндегі ең бастысы – бір оператордан екіншісін қоңырау шалғанда ұсталатын ақшаның, бірлігіңіздің мөлшері. Мәселен, сіз +7777*** нөміріне қоңырау шалып, бұл «Билайн» операторының нөмірі деп ойлап тұрасыз. Алайда, іс жүзінде бұл «Altel» нөмірі болып шығуы мүмкін. Яғни, келешекте абоненттің DEF-кодына қарап оның операторын тану үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Ал ұялы байланыс операторларының көбі тек өз желісі ішінде сөйлескенге тегін немесе арзан тариф қойып, қалған операторларға телефон шалғанда қымбаттау баға сұрайтынын ескерсек, бұл болашақта талай абоненттің қалтасын кәдімгідей қағуы бек мүмкін.
Дегенмен, Қазақстанда қызмет көрсететін төрт ірі оператордың аталмыш мәселені назардан тыс қалдырмай, тиісті шаралар қабылдап жатқанға ұсқайды. «Altel» компаниясының Шығыс Қазақстандағы филиалының директоры Олег Дьяченко алдағы уақытта әр ұялы байланыс операторы абонентіне хабарласқалы тұрған нөмірдің қай байланыс жүйесіне жататынын анықтауға мүмкіндік беретін қызметтер, жаңа пакеттер ұсынуы ықтимал екенін айтуда.
Сөз соңында осы төрт оператордың сіз бен бізге ұсынған кей тарифтерін жариялап отырмыз, салыстырып көріңіздер.

«Altel»
«Менің «Altel» тарифі (4G GSM)
Абоненттік төлем – айына 1 990 теңге;
Желі ішінде қоңырау шалу – тегін;
Желі ішінде SMS жіберу – күніне 300 SMS тегін;
Интернет-трафик, 1 Мб – айына 45 GB;
Басқа операторларға қоңырау шалу – айына 250 минут тегін;
Басқа операторларға SMS жіберу, 1 SMS – 8 теңге.

«Kcell»
«Алға-1» тарифі
Абоненттік төлем – айына 2 000 теңге;
«Аctiv» не «Kcell» желілеріне телефон шалу, дауыстық және бейне қоңыраулар жіберу – тегін;
Желі ішінде SMS жіберу – айына 350 SMS тегін;
Интернет-трафик, 1 Мб – айына 20 GB (10 GB – күндіз, 10 GB – түнде);
Басқа операторларға, қалалық телефондарға қоңырау шалу – айына 350 минут тегін;
Басқа операторларға SMS жіберу – 12 теңге 33 тиын.

«Аctiv»
«Алло, Қазақстан L» тарифі
Абоненттік төлем – айына 1 990 теңге;
Желі ішінде қоңырау шалу – айына 1 990 минут тегін;
Желі ішінде SMS жіберу – айына 500 SMS тегін;
Интернет-трафик, 1 Мб – айына 45 GB (30 GB – түнде, 15 GB – күндіз);
Басқа операторларға қоңырау шалу – айына 300 минут (1 990 минуттың ішіне кіреді) тегін;
Басқа операторларға SMS жіберу – 12 теңге 33 тиын.

«Билайн»
«Бәрі» тарифі
Абоненттік төлем – айына 1 990 теңге;
Желі ішінде қоңырау шалу – тегін;
Желі ішінде SMS жіберу – айына 350 SMS тегін;
Интернет-трафик, 1 Мб – айына 20 GB (10 GB – күндіз, 10 GB – түнде);
Басқа операторларға қоңырау шалу – айына 350 минут тегін;
Басқа операторларға SMS жіберу – 13 теңге 44 тиын, («Altel» үшін 8 теңге).

«Tele 2»
«Үлкен» тарифі
Абоненттік төлем – айына 1 490 теңге;
Желі ішінде қоңырау шалу – тегін;
Желі ішінде SMS жіберу – айына 1 000 SMS тегін;
Интернет-трафик, 1 Мб – айына 18 GB (9 GB – күндіз, 9 GB – түнде);
Басқа операторларға қоңырау шалу – айына 220 минут тегін;
Басқа операторларға SMS жіберу – 8 теңге.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button