Қоғам

Мәншүкпен бірге соғысты

Мәншүкпен бірге соғысты


Сұрапыл жылдарда от кешкен майдангерлеріміздің бірі – Зәкен Құрманқожанов ақсақал.

Шежірелі тарихтың куәгері, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Зәкен Құрманқожанов Ұлы Жеңістің 70 жылдығында Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған.

95 жасқа қадам басқан Зәкен Құрманқожанов қан майданға небәрі 17 жасында аттанған екен. Ол Ленинград түбіндегі Аққала, Финляндия, Латвия шекараларына дейінгі жерлерді қорғап, фашист басқыншыларынан азат етуге атсалысқан. Одер өзенінің жағасындағы ұрыста жүргенде Ұлы Жеңісті қарсы алған. 1946 жылы сәуір айында туған елге оралып, бейбіт өмірде еңбекке араласқан.

Ол танк жүргізушілерін даярлайтын 4 айлық курсты Мәскеудің Владимир қаласынан бітірген. Майдан шебінде ол қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен Невель қаласындағы сұрапыл шайқаста кездескен екен.

Зәкен атаның кеудесінде Вильнюс қаласын азат еткені үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы», Невель қаласын азат етуге қатысқан ерлігі үшін ІІ-ІІІ дәрежелі «Даңқ», Белоруссияны азат етудегі ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен «Германияны жеңгені үшін» және 20-ға жуық медальдар мен Ұлы Отан соғысының 45, 55, 60, 65, 70 жылдық мерекелік медальдары, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі жарқырайды.

Жастық шағын сұрапыл соғысқа айырбастап, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан ардагер ақсақал қазір бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешуде.
Шаңырағына арнайы барып, дастарқан басында ақсақалды әңгімеге тартқанда, ардагер: «Сол бір сұрапыл күндер жүрегімде мәңгі қалды, ұмытылмайды, бәрі де кешегідей есімде, кеудемде соғыс салған жараның орны әлі бар», – деп естелігін бастады.

– 1941 жылдың жаз айында Аягөз қаласында сержанттар дайындайтын бір айлық оқу оқып, сол жерден майдан даласына аттандым. Мәскеуге қарай жол тартып, онда келген соң бізді сапқа тұрғызып, қалың жасақпен бірге қорғаныс шебіне алып келді. Батальон құрамында Масанскіге ымырт үйірілгенде жеттік. Жаңбыр жауып тұр. Ерокин деген командир басқаратын траншея ішіндегі жауынгерлерге келіп қосылдық. Жау қолы қалың. Дес берер емес, ләм деуге мұрша бермейді, оқты жаңбырша жаудыртып жатыр. Түн ортасы. Бір білетінім, әлгі жүрген жеріміз жазық дала. Пісіп тұрған бидайдың арасында жасырынып жүрміз. Ерокин келіп хал-жағдайымызды біліп кетеді. Бізге «Қазақ деген – батыр, қайсар халық емес пе, таң атқанша шыдаңдар»,-деп қояды. Шабуылға таң қылаң бере шықтық. «Жау қолын қорғаныс аймағынан қуып шығу керек» деген бұйрық келді. Немістер сол-ақ екен пулеметтен оқ жаудыртты. Бізде ол кезде қару-жарақ жағы аз. Бір мезетте иығыма келіп оқ тиді. Денем жып-жылы болып кетті.

Өзімен бірге жерлесі Мұқатай Шайхынов, тағы басқа 10-ға тарта бала Зайсаннан болады. Бас көтертпейтін ұрыс даласында оқ пен оттың ортасында жүріп, сол күні бірінші жарақат алады. Біраз тәжірибе жинақтайды.

– Бір мезетте алғаш рет қарсы келе жатқан неміс жауынгерін атып түсірдім. Маған да оқ тиіп, екінші рет жараландым. Үйренген амал-айланы пайдаланып, атысқа кірісіп кетеміз де тына қаламыз. Жау жағы да дес бермей, қорғаныс шебін бұзып, траншеяны күл-талқанын шығарды. «Юнкер», тағы басқа ұсақ ұшақтар төбемізден зулап ұшып, оқ атып, өрт қойып кетеді. Екінші күні қосымша қол келіп, неміс жауынгерлері артқа шегінді. Траншеядан шыққанымызда, алдымыздан өзіміздің екі жауынгер кездесті. Аман қалған бізді тамақтандырып, киім-кешектерімізді айырбастап, шатыр астында мейірбикелер ем-домдарын жасады Жолдасым екеуіміз, тағы біз сияқты жаралы жауынгерлерді 4-5 күн емдегеннен кейін, қайта ұрысқа кірістік.

Оны бір күні штабқа шақыртып, танкистер дайындайтын төрт айлық оқуға жібереді. Төрт жыл оқитын оқуды төрт айда жедел бітіріп шығып, көздеуші болып шығады. Осылайша, Вильнюс, Невель қаласын, Белоруссияны азат ету үшін болған қанды қырғынның ортасында жүреді.

– Бұл – сол сұрапыл жылдардан қысқаша ғана естелік. Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Сұм соғыс енді қайталанбасын, бейбіт өмір болсын,- деп естелігін аяқтады Зәкен ата.

Ақмарал Ысқақова
Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button