Қоғам

Мінезді қаламгер

Мінезді қаламгер


Қасиетті топырағыңнан айналайын, қайран Семей! Сенің аялы алақаның басынан сыйпаған, арқасынан қаққан, маңдайында ерніңнің табы қалған, кеше және бүгіндері алаштың біртуарларына айналған әсіре қарапайым, әсіре дарынды пенделеріңді түгендеп, ақ қағазға тізер болсам, көгентүбіне жетуім қиын соғатынын білемін. Қазіргі менің міндетім: «Қасиетті Семейімнің табанына қадалған шөгір менің маңдайыма қадалса етті. Өніп-өскен жерімнің жақсыларын сүйікті етіп, жамандарын бір қуысқа түйіп кетіп, әлі күнгі кетілмеген қаламымның қарымы жеткенше жарты ғасырдан астам уақыт жырлап келемін. Көкірегімнен шыбындай жаным пыр етіп ұшып кетер зауалды шаққа дейінгі жазатын жақұтым да, басымдағы тұрлаусыз бақытым да – өзіңсің, туған жер!» деп төгіліп жүрген, қабырғасы сөгіліп жүрген адал да қарапайым қаламгер Дәулет Сейсенұлы жайлы бір ауыз жылы сөз айту.

Қызық бала еді. Үнемі домалаң қағып, шапқылап кеп жүретін. Оның шағын денесіне шақталмай, артықтау пішілген жарқыраған кереқарыс маңдайын бірде жатақхана дәлізінен, енді бірде институт аудиториясынан, тағы бірде Семейдің шаңдауыт көшесінде жолығып қалған әдебиет жайлы хабары бар әлдекімге әлденені түсіндіріп, әлденені дәлелдеп жатқан ереуіл шақтарында көріп қалатынбыз. Даукөс болатын. Даукөс болғанда… Жай күнде одан жайдары, одан көңілді, одан аққолтық адам табу қиын. Ал әдеби тақырыптарға келгенде, басқасы басқа, әсірелеп айтар болсақ, туған әкесіне қарсы шабудан тайынбайтын тым-тым әщады, тым-тым жанкешті…

Біз, Ғарифолла (академик Есімов қой), Асхат, Дәулет – бәріміз 1966 жылы Семейдің Крупская атындағы пединститутына оқуға бірге түстік. Қазақ филологиясына. Бір топта оқыдық, бір жатақхана, бір бөлмедегі төрт төсекте қатар жатып, тірлік кештік. Астауымыз, ішіп-жеміміз ортақ., алайда мінез бөлек. Күнделікті жүріс-тұрыс, күйіс қайыру бөлек. Мақсатымызда да айырма үлкен. Дәулеттің бойы аласа болғанымен, арманы биік. «Жазушы боламын. Жай ғана жазушы болып қоймаймын, мықтысы боламын!» деп өрекпиді. Ауыздығымен алысады. Тәк-тәкпен әрең ұстаймыз. Дарынды. Мінезді. Мінезді болғанда… Өлермен. Әсіресе, әдеби тақырыптар төңірегінде жергілікті маңызға ие дау-дамай шыға қалса, немесе шоп-шолақ бір әңгімесіндегі Шыңғыстаудың ойында бес шыбыш қайырып жүрген дәлдүріктеу бір кейіпкерін алымсынбай, менсініңкіремей пікір айтсаң, ұшып көкке, ұшып жерге түседі. Бойы шағындау балаң жігіттің мөңкігені де қызық. Жеңу қиын. Алайда дарынынан еңбекқорлығы басым. Ғарифолланың «мекені» – облыстық кітапхана. Ақжемі шыққан арзан папкесін қолтығына қысып, қашан болмасын солай қарай безіп бара жатқаны. Асхат екеуіміздің ым-жымымыз бір. Желкөкіректеуміз. Бізді күнделікті сабақтан гөрі, қазақ-совет поэзиясының бүгіні мен ертеңі көбірек алаңдатады. Қадыр Мырзалиевтің «Ой орманы» мен «Дала дидары» шығып, хат танитын күллі қазақ алағай-бұлағай боп жатқан шақ. Орынды-орынсыз жерлерде сол өлеңдерді күркіретіп оқып, «абырой» жинап жүрген кезіміз. Ал Дәукеңнің тірлігі ертелі-кеш пыс-пыс. Үстелдің басында. Қолында қаламы…

Филологтар оқитын ғимараттың астыңғы қабатындағы бір қабырға – тұтастай «Жас қалам» атты газеттің мекені. Әдеби газет. Айына бір мәрте шығады. Авторлары да, баспагерлері де, редакция алқасы да – өзіміз. Бәріміз ақынбыз. Шетімізден «классикпіз». Сау кісі жоқ. Едірең-едірең…

Әлі есімде, сол жылдары біздің арамызда прозаны жеке дара «меншіктенген» тек осы Дәулет еді. Әлі күнгі сол қағидасынан айныған жоқ. Оның бағанағы «Жас қаламда» «Жұлдыздар сөнбейді» деген атпен тұңғыш әңгімесі жарияланды. Көлемді. Тайдың терісіндей. Бір екіқабат әйелді толғақ қысып, ауруханаға жете алмай жол-жөнекей босанып, өзі о дүниелік болып, сәбиі тірі қала ма, әйтеуір, осы тақылеттес шолақ-шолақ оқиғаларды жымдастырып, бастарын қосып, тәп-тәуір дүние жасапты. Жу дедік. Жуды. Ортамызда бір жәшік Семейдің қоп-қоңыр пүліш сырасы. Ауызданып қалған кезіміз. Есіп отырмыз, көсіп отырмыз. Шетімізден Қайым Мұхаметханов, Қажым Жұмалиев, Мұхаметжан Қаратаевпыз. «Қазақ әдебиетінің проза жанры керемет бір дарын иесімен толықты. Дәукеңнің осы шығандап шапқаны шапқан. Кеткені кеткен. Болашақтың Әуезові, қазақтың Айтматовы!..». Біздің қолпаштау-есірткіміздің салқыны тиді ме екен, Дәулет бірінші курсты аяқтаған соң: «Нағыз жазушылар филфакта емес, журфакта оқиды дейді. Мен кеттім!» деп Алматыға, ҚАЗМУ-ға тартты да қойды…

Мінезді қаламгер

Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өте шығыпты. Халқымыздың: «Уақыт – суға салған тұз емес пе, бақыт – ұзатылар қыз емес пе…» деп күңірене көшеліситіні қайда. Десек те Дәулет досымыз осы жарты ғасырды қара суға қарып қылып, із-тозсыз ерітіп жібермеген секілді. Бұл жарты ғасырға Дәулет Сейсенұлының алғыстан басқа, титімдей де реніш-өкпесі жоқ шығар. Уақыт оған мысқалдап абырой мен бедел жинап, шығармашылық ортадан өз орнын тауып беріпті. Ол Әуезов те, Айтматов та болған жоқ. Алайда олардың қаламдарының ізі түспеген тың өрістерде Сейсенұлының сүрлеу-соқпақтары сайрап жатқаны рас. Дәулет Сейсенұлы – Семей ядролық сынақ аймағының кіндігі – Саржалдың төлі. Шыр етіп жарық дүние есігін ашқаннан көргені де, білгені де, естігені де, ең аяғы титімдей қуанышы мен талыс трагедиясы да ядролық жарылыстың жарқылы мен күркірінен бастау алады. Мынау монданақтай жер бетінде тапырақтап жүрген екі аяқты пенделердің ортақ қасіреті Дәукеңнің болмысы мен санасында, жүрек түкпірінде отыр. Сондықтан да шығар, ол мейлі «Семей таңында», мейлі «Социалистік Қазақстанда» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), мейлі «Дидарда», мейлі «Заман Қазақстанда» жұмыс жасасын, оның басты тақырыбы, тіпті шығармашылығының көшбасшы тақырыбы – ядролық полигон, оның қазақ баласының қарақан басына үйіп-төккен алапат қасіреті! Сондықтан да шығар, оның полигонның жабылуына 20 жыл толуына орай шыққан «Ядролық сынақ аймағы: кеше және бүгін» атты деректі кітабы Елбасының Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен марапатталғаны.

Туып-өскен орта, кіндік қаны тамған жер кез келген қаламгердің назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Ал Сейсенұлының туған жері хақында әңгіме өрбіген екен, қазақтың кіші пайғамбары Абай мен кемеңгер Шәкәрімсіз сөз бастасақ, кейіпкеріміздің шығармашылық автопортретіне қиянат жасаймыз. Дәл осы тақырыптар тұрғысында, Дәукең алаш баласының кез келгенінің бетіне ұялмай қарай алады. Оның «Шәкәрім» атты зерттеу кітабы данышпанның 150 жылдық тойы қарсаңында Астанадағы «Фолиант» баспасынан «Нартұлға» топтамасымен, екінші мәрте Алматыдағы «Қазақстан» баспасынан «Ғибратты ғұмыр» топтамасымен жарық көрді.

Мінезді қаламгердің бүгінге дейін шыққан онға тарта деректі кітабы оқырман қолында. Ол – жеті драманың авторы. Ал оның «Махаббат вальсі» драмасы – белгілі композитор Бекен Жамақаевтың шолақ та шамкөс ғұмыр-жыры. Жалпы, Жамақаев бейнесі осы уақытқа дейін көркем әдебиет жанрларында айшықталмағаны, тіпті айтылған күннің өзінде де тиіп-қашып қана сөз болғаны шындық. Жалпы, Бекен сынды трагикалық кейіпкерді сомдау, оны өз деңгейінде режиссерге ұсыну – қиямет. Бұл тақырыпқа бару – Сейсенұлы тарапынан ерлік!

Мінезді қаламгер

Жәнібек Кәрменов сынды күміс көмей әншіні иісі қазақта білмейтіндер аз. Ол Алласы дарытқан табиғи талантының арқасында жарқылдап жүрді. Жарқылдап күлді. Күннің өзінде көлеңке, Айдың өзінде дақ болады деп жатамыз. Осы бір тұрақты сөз тіркесінің Жәнібекке келгенде жалауын жығатыны рас. Тағы да… «Сұлудың сүйрігіне, жылқының жүйрігіне жай түседі» деген де сөз бар халықта. Жүйрігіміз де, сүйрігіміз де Жәкең еді. Ажалдың жайы тым ерте түскені – өкініш! Міне, өзінің досы, ауылдасы, сыныптасы, қазақтың біртуары хақында жазылған Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады» атты драма-реквиемі Семейдің Абай атындағы драма театрында өзінің тұсауын кескеніне қуандық.

Дәулет Сейсенұлының өміріндегі ерекше бір айшықты сәт – оның «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты акциясына айналған «Ұлылыққа тағзым» – жаяу-жорық экспедициясымен ереуіл етікке ер салған кезі. Бұл жаяу-жорық аталмыш басылымның ардагері Мамадияр Жақыптың бастамасымен хакім Абайдың 150 жылдығында мәреден шыққан болатын. Семейден шыққан жаяу жүргіншілер Жидебайға бес жарым күнде жетіпті. Осы тақылеттес акция ЮНЕСКО-ның күнтізбесіне енген Жамбыл, Әуезов, Сәтбаев, Мүсірепов, Махамбет, Шәкәрім, Сүйінбай, Түркістанның 1500, Семей атом полигонының жабылуының 20 жылдықтарында өз жалғасын тапты. Дәукеңнің ұсыныс-ықпалымен осылардың төртеуі Абай елінде өткізілді. Еліміздің шығысы мен батысы, оңтүстігі мен солтүстігін тұтасымен қамтығын бұл сапардың жалпы қашықтығы 1600 шақырым. Сапардың көгентүп мақсаты – жол-жөнекей ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұлылардың өмірі мен шығармашылығын насихаттау болса, «жүргіш» қаламгерлер бұл мәселеде қамшы салдырмапты.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Абай ауданы мен Семей қаласының Құрметті азаматы, Семейдегі Шәкәрім университетінің Құрметті профессоры, бүгін-ертең 70 жасқа толатын Дәулет Сейсенұлы жайлы шағын әңгімемізді осымен аяқтағым келіп отыр. Ол қазақтың қарапайым ғана қаламгерімін деп мақтанады әманда. Неткен кішіпейілділік, неткен мәдениет десеңізші! Аман жүр, алаштың адал азаматы!

Әлібек Қаңтарбаев,
Қазақстан Жазушылар одағы облыстық
филиалының директоры

Осы айдарда

Back to top button