Қоғам

Мұндай мұражай ешбір өңірде жоқ

Мұндай мұражай ешбір өңірде жоқ


Тұңғыш Президент күні Өскемендегі облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында мұражай ашылды. Осы бір тарихи салтанатқа еліміздегі алғашқы Достық үйінде шоғырланған этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, шығармашылық ұжымдары, Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің, Аналар кеңесінің, Жастар лигасының, Журналистер клубының өкілдері, студент жастар қатысты.

– Тұңғыш Президент күніне орайластыра отырып, Достық үйіміздің мұражайын ашып отырмыз. Биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, келесі жылы Тәуелсіздіктің арқасында Шығыс Қазақстандағы Достық үйінің құрылғанына 25 жыл болады. Ал Тәуелсіздіктің бір тірегі – нақ осы Ассамблея. Ширек ғасыр бойы осы бірегей құрылым еліміздегі тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің нығаюына, мемлекетіміздің орнығуына өлшеусіз үлесін қосып келді, – дейді Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры Эльдар Төлеубеков, – Бұл мұрайжада Достық үйінің тарихын көрсететін тарихи құжаттар, фотосуреттер, кітаптар, сонымен қатар, этностардың ұлттық жәдігерлері қойылған. Экспонаттар, әрине, өте көп, бәрін орналастыру мүмкін емес. Сол себепті, олар ауыстырылып қойылып отырмақ. Алдағы уақытта мұражайымызды мектеп оқушыларына, студенттерге көрсетпекпіз. Жалпы, мұнда кез келген қала тұрғыны, қонағы келіп, экспонаттарды тегін көре алады. Мұндай мұражай, яғни Достық үйінің мұражайы елімізде жалғыз.

Облыстық Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Оксана Доценконың айтуынша, мұражайдың ашылу күні тектен-текке таңдалып алынбаған. Өйткені, Достық үйінің ашылуы және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ есімімен тікелей байланысты.

– Сол себепті мұражайдың бірінші стенді Тұңғыш Президентке арналған. Сонау 1992 жылы Мемлекет басшысы еліміздегі алғашқы Достық үйінің, яғни біздің Достық үйіміздің ашылу рәсіміне қатысып, қазір осы стендте тұрған естелік кітапқа «Қазақстан халқының достығы – еліміздің баға жетпес байлығы» деп жазып кеткен болатын. Бұл – тарихи сәт, – дейді ол.

Екінші стенд облысымыздың кіші Ассамблеясына (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы) қатысты тарихи құжаттарды қамтиды. Үшінші стенд Достық үйі туралы деректерге толы, алғаш ашылған сәтте Достық үйінде бар-жоғы алты этномәдени бірлестік болған-ды. Қазіргі кезде олардың саны 22-ге жеткен. Ең қызықты экспонаттар мұражайдың қақ ортасына қойылыпты, олар – Достық үйіне шоғырланған этностардың ұлттық киімдерін киген қуыршақтар. Өңірімізді мекен еткен сан алуан ұлтты бейнелейтін бұл қуыршақтардың қазақ шаңырағы астында тұруының да символдық мәні бар. Қалған үш стендте этномәдени бірлестіктердің салт-дәстүрінен мәлімет беретін тарихи құжаттар, қолөнер бұйымдары ұсынылған.

– Президентіміз елімізде тұратын барлық ұлт пен ұлыстың мәдениетін, тілін және әдет-ғұрпын дамытуға жан-жақты жағдай жасап келеді. Сондықтан бүгінгі мереке күні, яғни Президент күнінде еліміздегі тұңғыш Достық үйі мұражайының ашылуына куә болып отырмыз. Бұл мұражайда болған кез келген адам ұлтаралық және конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту жолында облыстағы атқарылған жұмыстардың қаншалықты ауқымды болғанына көз жеткізеді, – деді мұражайдың ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығының меңгерушісі Асқар Нұрғазиев.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button