Мұндай дауылды синоптиктер де болжай алмаған
Шілденің 17-сі күні облыстың басым бөлігінде соққан алапат дауылға қарапайым тұрғындарды қойып, ауа райын болжау қызметі де дайын болмай шыққан. Бұл туралы аймақтық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Айта кетейік, кездесуге облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазгидромет» мамандары қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Ал журналистер сұрақтарының дені «дүлей дауыл жөнінде неге алдын ала ескертілмеді?» және «табиғат апатынан келген шығын мөлшері қандай?» дегенге сайды.
«Қазгидрометтің» облысымыздағы филиалының бас синоптигі Надежда Говоркованың айтуынша, мамандар 17 шілдеде облыс аумағында күн құбылмалы болып, кей жерлерде бұршақ аралас жаңбыр жауады, желдің жылдамдығы 15-20 метрге дейін жетеді деп болжаған. Алайда, мұндай қатты жел соғатынын ешкім болжай алмаған.
– Дауылдың негізгі себебі деп температураның күрт ауытқуын айтар едім. Әрине, мұндайда жергілікті жердің ландшафты бедері де өз әсерін тигізбей қоймайды. Сайып келгенде, осының бәрі табиғи апаттың орын алуына әкеліп соғады. Мұндай дауылдың қай уақытта, қай жерде соғатынын анықтау қиынның-қиыны, – деген Надежда Говоркова құтқарушыларға қатты жел туралы алдын ала ескертілгенін, алайда, тұрғындарға ешқандай SMS хабарландыру таратылмағанын айтты.
Өз кезегінде облыстық ТЖД өкілі Азамат Қапышев облыста SMS хабарландырулар жіберудің алгоритмі бар екенін айтып, түсініктеме берді.
– Қабылданған ережеге сәйкес, желдің жылдамдығы секундына 25 метрден аспаса, ол туралы хабарлама жібере алмаймыз. Бұл күні бізге «Қазгидрометтен» желдің жылдамдығы 20 метрге дейін жетеді деген ақпарат келді. Сол себепті, халыққа SMS хабарландыру жіберген жоқпыз, – деді ол.
Мамандардың айтуынша, 17 шілде күні желдің ең қатты ұйытқуы Жарма мен Зырян аудандарында тіркеліпті. Бұл аудандарда желдің жылдамдығы секундына 30, кей жерлерде 34 метрге дейін жеткен. Өскеменде соққан желдің жылдамдығы секундына 24 метрді құраған.
Осындай айтып келмеген апаттың салдарынан облыс орталығында бес адам түрлі жарақат алған. Оның бірі 82 жастағы ер адам кеше түнде аурханада көз жұмды. Белгілі болғандай, қатты жел қаладағы ғимараттардың бірінің шатырын жұлып әкетіп, осы маңайда кетіп бара жатқан тыл ардагері Шерияздан Исановтың үстіне құлаған. Ауыр халде жан сақтау бөліміне жеткізілген ардагерге шұғыл қан керек болып, қала тұрғындары арнайы қан тапсырған болатын. Өкінішке қарай, дәрігерлер қарияны ажалдан арашалап қала алмапты.
Облыстық ТЖД маманы Азамат Қапышевтың мәліметіне сенсек, аймақтың өзге аудандарынан дауылдан зардап шеккендер туралы ешқандай ақпарат түспеген. Ол, сонымен қатар, табиғи апат негізінен Өскемен қаласы, Глубокое, Жарма, Ұлан, Зырян аудандарының жерімен жүріп өткенін хабарлады. Дауыл салдарынан 35 нысан қирап, бірнеше елді мекен жарықсыз қалған. Әсіресе, Жарма ауданында дауыл салдарынан бүлінген нысандар көп. Олардың ішінде ауылдық әкімдік ғимараты, перзентхана, қатымхана, мектеп ғимараты да бар. Облыс орталығында көшелер мен аулаларда тұрған бірнеше автомобильдің үстіне ағаш құлап, көлік иелерін айтарлықтай шығынға батырды. Шатырын жұлып әкеткен ғимараттар да аз емес. Қазір дауылдан зардап шеккен облыс орталығы мен аудандарда апаттан кейінгі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Нұржан Кенжеұлы