Қоғам

Мүмкіндікті мүлт жіберіп алмайық

Мүмкіндікті мүлт жіберіп алмайық


Жастар жылына орай биыл Өскеменде бірқатар маңызды жобалар мен ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылатын болады. Ол үшін арнайы Жол картасы әзірленген. Бұл туралы қалалық жастар орталығының директоры Ринат Ахметжанов айтып берді.

– Жақында Елбасымыз Жастар жылын салтанатты түрде жариялап, басшылыққа алынуы тиіс бірқатар мәселеге назар аударды. Осы міндеттердің үдесінен шығу үшін, сондай-ақ Жастар жылы форум, флэшмоб, акциялармен ғана есте қалмас үшін сіздердің орталықтың қандай жоба-жоспары бар?

– Бұл бағыттағы біздің негізгі жұмысымыз ең әуелі Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында, сонымен қатар «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларында айтылған маңызды міндеттерді іске асырумен байланысты десем де болады. Одан бөлек арнайы Жол картасы әзірленіп, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жол картасын жасаған кезде жастардың мәселесіне бейжай қарамайтын қоғам белсенділерінің барлық ұсынысы ескерілді. Алдағы уақытта атқарылатын бүкіл іс-шара жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырып, патриоттық рухын оятуға бағытталады.

Ал енді форум мен акцияларға келетін болсақ, олардың да жастарға берер пайдасы бар.

– Мұны сұрап отырған себебім, «Жастар жылы форум мен флэшмобқа айналып кетпесін» деп Елбасымыз айтып ауыз жиғанша Өскеменде «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты акция өткіздік. Жалпы осындай акциялар жастарға не береді?

– Біздің мақсатымыз жас таланттарды жарыққа шығару. Ол үшін спорт пен өнерді, білімді серік еткен өскелең ұрпақты өздері үлгі тұтатын түрлі саладағы тұлғалармен кездестіріп, жақынырақ таныстырудың берер пайда көп. Айталық, өзіңіз айтып отырған акцияға белгілі ақын жерлесіміз Қалқаман Сарин, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, талантты боксшы Қанат Ислам сынды тұлғаларымыз қатысып, жастарға жалынды сөздерін арнады. Мектептерде, жоғары оқу орындарында кездесулер өткізіп, артынан ерген жас буынға ақыл-кеңестерін айтты. Мұндағы мақсат, жастардың бойындаға рух пен жігерді ояту, оларға шабыт беру. Жастардың бойындағы талантты ашу.

– Түсінікті. Жаңа бір сөзіңізде Жол картасы жасалды дедіңіз. Осы жөнінде тарқатып айта кетсеңіз.

– Бұл бәрінен бұрын жастарды жұмыспен қамтуға және олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге, отбасы құндылықтарын нығайтуға, оның ішінде ер және қыз бала тәрбиесіне көңіл бөлуге, мүмкіндігі шектеулі жастармен кешенді жұмыс жүргізуге бағытталған. Сол сияқты облыс орталығында жас отбасыларға психологиялық қолдау көрсетіп, отбасылық құндылықтардың сақталуын қамтамасыз етіп, жастар арасындағы суицидтің, заңбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша жұмыс істейтін әлеуметтік қызмет іске қосылады.
Мәселен, 2018 жылдың қорытындысы бойынша қалада 3053 жұп шаңырақ көтерсе, 1556 отбасы ажырасқан екен. Мұндай келеңсіз оқиғалар болашақта кең етек алып кетпес үшін жас отбасыларға психологиялық кеңес берудің ешқандай артықшылығы жоқ.

Жалпы айтар болсам, қала жастарын әлеуметтік тұрғыдан қолдауға 6 млн. теңге жоспарланып отыр.

Сонымен қатар былтыр тұсауы кесілген «Білікті маман» жобасы арқылы бәсекеге қабілетті жастарды даярлауды жалғастырамыз. Түрлі курстар ашамыз. Тек білім мен мәдениетке ғана көңіл бөлмей, спортты дамытуға да ерекше ден қойылады. Бұл ретте «Спорттық Өскемен» тұжырымдамасы жасалып жатыр. Соған сәйкес қаладағы мектептерді спорттық бейіміне қарай дамыта түсетін боламыз. Мәселен, №43-ші мектептен волейболшылар көп шығады. Демек бұл білім ошағында волейболға басымдық беру керек.

– Қазіргі күні Өскеменде шамамен 77 мыңнан астам жас бар екен. Бірақ қалада жастардың бос уақытын пайдалы әрі көңілді өткізуіне арналған ойын-сауық орталықтары жоқтың қасы. Келісесіз бе?

– «Жоқ» деп аузымызды қу шөппен сүртуге болмас, дегенмен көпшілік нысандар жастарға қолжетімді. Мәселен, Өскемендегі спорт нысандарында 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға 50 пайыз жеңілдік жасалады. Одан бөлек «Менің аулам» бағдарламасы бойынша 12 ауланың алаңы абаттандырылып, бес тайм-клуб ашыламыз. Балалар мен жасөспірімдер клубының базасында анти-дәмхана, жастар ресурстық орталығының базасында жастарға қызмет көрсету орталығы іске қосылады. «Самал» саябағында жабық роллер-парк ашылып, қаланың бірнеше ауданында футбол алаңы салынып, спорттық құрал-жабдықтар орнатылады. 2018-2022 жылдары студенттерге арналған бес жатақхана салынады.

– Бүгінгі жастар үшін ең маңызды мәселе – баспана алуды ұмытып бара жатқан сияқтысыз…

– Дұрыс айтасыз. Біз ерекше назар аударып отырған мәселенің бірі – жастарды баспанамен қамтамасыз ету. Елбасы атап өткендей жас мамандарға қызметке тұрған кезде жалдамалы пәтер берілуі керек. Бұл бағытта қазір біз жүйелі жұмыс жасап жатырмыз. Жастарды үймен қамтудың тетіктерін қарастыратын боламыз. Жалпы, былтырдың өзінде 70 жас маман пәтерге ие болды. Олар бес жыл бойы бір шаршы метрге 98 теңгеден ақша төлеп жалдамалы пәтерде тұрады. Ал жалдауға жұмсалатын қаражат «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» жинала береді.

Елбасымыз бір сөзінде жастарды бизнеске баулу керектігін атап өтті. Бұл ретте қандай жаңалықтар күтіп тұр?

– Біздің мемлекетіміз жастардың әрбір тұшымды жобасын, әрбір бастамасын қолдауға дайын. Мейлі ол бес жоба болсын, мейлі 15 жоба болсын болашағы бар кәсіп болса міндетті түрде қаржыландырады. Қазіргі күні «Еңбек», «Jas project» сияқты бағдарламалар арқылы жастардың бизнес ашуына, өз істерін бастауына жағдай жасалған. Тың жоба болса, кенжелеп қалған саланы дамытамын десе, әрине қолдау көрсетіледі. Мәселен, 2016-2018 жылдар аралығында 436 жастың 27%-ы өз кәсібін ашқан. Жалпы жастарда тың идеялар көп қой, іске асыруға ниет білдірсе, еңбектенсе бәрі де ескерусіз қалмайды. Тек осыншама мүмкіндікті мүлт жіберіп алмаса болды жастарымыз.

Балауса Қожаева

Осы айдарда

Back to top button